Шомылып шоқынуға Жайық өзенінен жеті орын белгіленді

Дін Жаңалықтар Қоғам

Алдымыздағы сенбі күні христиандар үшін қасиетті саналатын шоқыну рәсімі басталады. Аймақта діни дәстүр бойынша Жайық өзеніне шомылуға жеті орын белгіленді. Осыған орай мамандар қауіпсіздік ережелерін сақтап, сақ болуға шақырады. Өйткені, Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы, кезекші-диспетчер бөлімінің бастығы Нұрқуат Қарақуловтың айтуынша, ауа райына байланысты өзендегі мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден төмен.

IMG-20190117-WA0037

-18 қаңтар күні аталмыш орындарды жаппай шомылуға жабдықтау үшін тереңдігі 1,5 метр болатын мұз ойықтары ойылып, арнайы қоршаулар мен сатылар орнатылатын болады. Құтқарушылар шомылу орындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін, су астын тексеріп шығады, – деген Нұрқуат Есенғалиұлы облыста белгіленген жеті орын – Әйтеке би көшесінде орналасқан «Орал» мейрамханасының тұсында, тұрғындар қалашығы маңында, Мечников-Баймұханов көпірінің жанында, Құрманғазы, Жылыой, Индер, Махамбет аудандарында орналасатынын атап өтті.

Сала маманының айтуынша, «Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің 42 құтқарушысы күшейтілген режімде кезекшілікте тұрады. Десек те, құтқарушылар Жайық өзеніндегі сырғанақ тебу алаңында да сақтық шараларын ұмытпауды ескертті.

Айбөпе САБЫРОВА

Суретті түсірген автор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *