Шикізаттан түсер табыс (жалғасы)

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Экономика

Atr.kz/8 шілде, 2019 жыл.  Шикізаттан түсер табыс дайын тауармен салыстырғанда, әрине, анағұрлым аз. Қарапайым қағидамен пайымдағанда да, адам шикі етті жемейді ғой. Оны әбден пісіріп қана дастарханға қояды. Сонда ғана қолданысқа жарап, кәдеге асады. Міне, біздің мұнайымыз да сан жыл­дар бойы еш өңделмеген күйінде тысқа тонналап тасымалданып жат­ты. Қазір де шығарылуда. Бірақ, бұрынғыдан бір айырмашылығы – енді оны барынша көптеп өңдеуге де қол жеткізілгендігі.

Жалпы, сыртқа жанармай сату мәселесі былтырдан бастап көтерілген-ді. Алғашқы аз ғана партиясы Орталық Азия елдеріне шығарылған. Біздің өнімге қызығушылық танытып отырған елдердің бірі – Беларусь. Мұнда мұнай қоры жоқ. Қажеттілігін экс­порт арқылы өтейді. Бірақ, соған қарамастан, дүние жүзіндегі бен­зин бағасы арзан мемлекеттердің санатында саналады. Ендеше, ол Қазақстанның қымбат жанармайына қол артпайды. Ал, әріптестің көңіліне қарап, тым арзан сатуға қалыптасқан халықаралық қатынастар жібермейді. Неге? Өніміміздің құнын өзіміз белгілей алмаймыз ба? Солай екен.

Қазақстан – Кедендік одақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы секілді қауқарлы қауымдастықтарға мүше. Демек, экспортқа тауар тасығанда келісілген келісімдерді сақтауға тиіс. Бензин бағасын тым түсіріп, басқаларының экономи­касына нұқсан келтіруге болмай­ды. Базардағы сауда сықылды ғой. Сатушылар өзара сөз баласып, мүліктерінің құнын ұстап тұрмай ма? Бұл да – сондай көрініс.

Арзан бензин

енді ешқашан болмайтынына баршаның көзі жеткен шығар. Ішкі айналымда да, сыртқы нарықта да со­лай. Оның күніне қырық құбылатын «қара алтын» құнына да қатысы жоқ. Бұдан да басқа сансыз себебі бар.

Көнекөздердің жадында шығар, сонау 2002-2008 жылдары бензин бағасы 20-50 пайыз шамасында өсті. Мұның себебі республикадағы мұнай өңдеу зауыттарының шикізатқа зәрулігімен түсіндірілді. Яғни, ірі компаниялар өнімдерін сыртқа ше­лектеп тасып жатқан. Ал, өзіміздегі кәсіпорындарға шағын жеке өндірушілердің қасықтап берген мұнайы, әрине, жетпейді. Сол шақта мұнай саласына жетекшілік еткен Сауат Мыңбаев егер еліміз экспортты азайтып, қолдағы «қара алтынның» жеті миллион тоннасын өзімізде қалдырса, онда ортақ қазына 1 млрд. 800 млн. доллардан қағылатындығын айтқан. Шенеуніктер ел бюджетіне нұқсан келгенше, халықтың қалтасына салмақ салғанды қолайды көрген. Бұдан он шақты жыл бұрын АИ-92 бензинінің әр литрі 110 теңгеге көтерілгенде тұтынушылар біраз тулаған-ды. Қазір осы бағаға жылап көріскендей күйдеміз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *