Шекара шебіндегі мектепте…

tdrpn Білім

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министрінің шешімімен жалпы білім беретін орта мектептер 6 сәуірден бастап қашықтан оқытуға көшті.

Осы орайда, Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылындағы С.Мұқанов атындағы орта мектептің онлайн режиміндегі бір күндік жұмысынан репортаж бергенді жөн көрдік. Ресейдің Астрахан облысының Бәйбек ауылына қоңсы қонған Көптоғай ауылы – Қазақстанның батыстағы ең шеткі нүктесі. Бүгінгі таңдағы карантин талаптарына сәйкес, ауыл тұрғындары аудан, облыс орталықтарымен онлайн және оффлайн режимінде байланысқа шығып отыр екен.

Шалғайдағы шағын ауылда интернет желісі қалыпты жұмыс жасауда. Оқушы мен ата-ана және мұғалім үштігінің байланысы жолға қойылған. Біз осынау Ресейдің іргесіндегі кішкене ауылдағы мектеп ұжымының онлайн жұмыс жасау тәжірибесіне бір күнімізді арнадық. Онлайн-репортаж жазу үшін карантин талаптарына сай редакцияда отырып-ақ, заманауи технологиялардың көмегімен байланысқа шыққан болатынбыз.

С.Мұқанов атындағы мектептің директоры Күнсұлу Сүйінова оқу ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары Тілекші Үмбетқалиевамен бірге 11 сынып бітіретін оқушылардың білім деңгейімен танысу мақсатында 11 сыныпқа сабақ беретін пән мұғалімдерімен ZOOM ets бағдарламасы бойынша онлайн-конференция өткізу үстінде екен. Биыл 11 сыныпты бітіргелі отырған оқушылардың 70 пайызы ҰБТ-ға қатысатын көрінеді.

Сонымен қатар, «Алтын белгіге» үміткер Аделина Хайреден, Гүлназ Өмірзақова, ерекше аттестатқа үміткер Аружан Құмарованың білім сапасы, күнделікті сабаққа, ҰБТ-ға дайындықтары туралы пікір алмасу қызу жүріп жатыр екен.

«Мектеп бітіруші түлектердің білім деңгейі қалыпты» дейді мектеп басшысы.

Онлайн-сынамаға тестіге қатысып дайындалып жүрген оқушылармен жеке-жеке сөйлесіп, конференцияға атааналар да қатысып отырды. Онлайн-конференцияда ата-аналар, мұғалімдер тарапынан қойылған талаптардың орындалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, оқушылар өздерін толғандыратын сұрақтарды да жасырмады. «ҰБТ биыл бола ма? Қашан өтеді? Жылдағыдай аудан орталығы – Құрманғазы ауылына барып тапсырамыз ба?» деген сұрақтарға мектеп директоры нақты жауап берді.

Сонымен қатар, «Білім және Ғылым министрінің биылғы мектеп бітіруші түлектердің емтихан тапсырмайтыны туралы айтқаны рас па? Карантин кезінде онлайн-оқытудың салдарынан ҰБТ сұрақтары қиындап кетпейді ме?» деген сұрақтарға Күнсұлу Сүйінова:

«Қазақстанның Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы мектеп бітіруші түлектердің мектеп бітіру емтихандарын тапсырмайтыны жөнінде айтқаны рас. Жалпы, мектеп оқушылары сыныптан сыныпқа көшу емтихандарын да тапсырмайды. Сыныптан сыныпқа көшіру үшін қорытынды баға тоқсандық жиынтық бағалар арқылы қойылады. Ал, биылғы ҰБТ сұрақтарында 11-сыныптың төртінші тоқсанда өтетін оқу бағдарламасы бойынша сұрақтар болмайды» деп жауап берді.

Конференцияның күн тәртібіндегі келесі сауал – мұғалімдердің қосымша тапсырмалар беріп, кері байланысқа шығуы, ватсап әлеуметтік желісін тиімді пайдалануы және оқушылардың «Балапан» арнасындағы сабақтарды көруі, тыңдауы, оқушының білім сапасының kundelik. kz платформасы арқылы бағалануы. Мектеп мұғалімдері өз кезектерінде байланысқа шығып, күнделікті жұмыстары жөнінде есеп беріп, өз сыныптарындағы оқушылардың онлайн-сабаққа түгел қамтылып жүргендерін айтып жатты.

Қашықтан оқыту кезінде тәрбие жұмысы да назардан тыс қалмауы тиіс. Сондықтан, мектеп басшысы өзінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қажымбек Баженовке сынып жетекшілерімен қашықтан байланысып, «Таза аула» акциясын ұйымдастыру, жерлес ақын Жұмекен Нәжімеденовтың 80 жылдығы, Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай челлендж жасауы, оны тіл мамандары оқушылармен бірге атқаруы жөнінде тапсырмалар берді.

К ү н т ә р т і б і н д е г і келесі мәселе – мектеп мұғалімдерімен, ата-аналармен, оқушылармен қашықтан оқу кезінде туындайтын кейбір
түсініспеушіліктер мен кездескен қиындықты жеңе білуге шақыру, психологиялық жақсы ахуал сыйлап, ата-анаға, оқушыға, мұғалімдерге кеңес беріп, «Біз біргеміз» атты бейнероликтерді дайындап ұсыну. Бұл жұмыс мектеп психологы Қамажай Қарабалаеваға жүктелді.

Әлбетте, карантин уақытында адамдарды үрейден қорғап, сабырға шақыру, ел Президентінің мәлімдемесіне сай бірлік пен ынтымақты сақтау – маңызды. Шалғай ауылдың шәкірттері онлайн-сабақ оқып отырыпақ әлеуметтік желілерде ұйымдастырылып жүрген жоспарлы тәрбие жұмыстарынан да тыс қалған емес. Мектеп тәлімгері «Жасұлан», «Жасқыран» ұйымының мүшелерімен қашықтан жүргізіліп отырған жұмыстары жөнінде баяндады.

Мектеп кітапханашысы Зүлфия Баймұханова да осы тиімді жүйе арқылы оқырмандармен тығыз байланыс орнатқанын айтты. Ватсап желісінің бейнеқоңырауы арқылы байланысқа шыға отырып, қашықтан жұмыс жасап жатқан ауыл мектебінің бір күнгі жұмысын өз көзімізбен көрдік. Мектеп ұжымына нақты тапсырмаларын беріп, олардың жұмыстарын тыңдаған мектеп басшысы өз кезегінде ескертулерін де айтты.

«Мектепке оқушылар мен ұстаздар келмегенімен, мектеп басшылары келіп, өз жұмыстарымызды онлайн және оффлайн түрінде атқарып жүрміз. Ата-аналар мен шәкірттер тарапынан ешқандай қиындық туындаған жоқ. Кейбір отбасыларында компьютер жетіспегендіктен, тоғыз жанұяның 23 ұлы мен қызына мектептен компьютерлер берілді. Сондай-ақ, мұғалімдер жиналып бес оқушыға 2000 теңгеден бірлік салынды. Ауылдағы жағдайы төмен төрт отбасына азық-түлікпен көмектестік» дейді С. Мұқанов атындағы мектептің директоры Күнсұлу Сүйінова.

Біз мектеп ұжымына шығармашылық табыс тілеп, ватсаптағы бейнеқоңыраудан шықтық.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз