«Шала істелген жұмыстардың кесірі халыққа тимеу керек»

whatsapp image 2019 10 22 at 14.54.56 Жаңалықтар

Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев дифференцияланған тарифтің енгізілуі туралы осылай деді.

Тасымалдаушылар, «Smart Qala», «Smart Atyrau» ЖШС басшылығы, басқа да жауапты тұлғалар қатысқан аппарат жиналысында дифференцияланған тарифтің енгізілу жүйесі Атырау облысы әкімінің сынына ұшырады.  

Атырау қаласындағы электрондық билеттеу жүйесінің операторы «Smart Qala» ЖШС мәліметі бойынша, бүгінге дейін қоғамдық көлік қызметін тұтынушылар 120 мыңнан астам жолда жүру картасын алған. Оның ішінде жеңілдетілген санаттағы азаматтарға – 3240 жол жүру картасы мүгедектерге, 10 710 – зейнеткерлерге, 1765 карта көп балалы аналарға рәсімделген. 

– Әлеуметтік желілерде, Telegram-дағы әкімдіктің чат-каналында тұрғындар тарапынан шағым көбейді. Мысалы, бір рет жолда жүруге картадан мың теңгеден астам ақша алған, сіздерше бұл қалыпты жағдай ма? Бұл не қателік?, – деп сұрады Нұрлан Ноғаев. – Адамдар қайда арызданатындарын білмейді, біздің call-орталықтардың жұмыстары баяу, қызметкерлер санын көбейту керек.

Дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер, сіздің мекеменің ресми аккаунты барлық әлеуметтік желілерде болуы тиіс, әр өтінішке жауап берулеріңіз керек. Электрондық билеттеу жүйесінің маңызы зор, соның арқасында тасымалдаушылардың табыстары туралы нақты ақпарат ала аласыздар, автопаркті уақытылы жаңартып тұруға мүмкіндік болады, бірақ мынадай келеңсіздіктер барлық идеяны бұзып отыр.  

«Smart Qala» өкілдерінің айтуынша, қоғамдық көліктегі жол ақысына дифференцияландырылған тариф енгізудегі келеңсіздіктер төлемақы жүйесіндегі ақауға байланысты туындап отыр. Соның нәтижесінде қыркүйек айында бір апта бойы 20 мыңға жуық атыраулық тұрғын қоғамдық көлікте тегін жүрген – жүйе есеп жүргізіп, бірақ картадан ақы алмаған. Төлем жүйесінің дұрыс істемеуі салдарынан жолда жүру ақысын төлеу кезінде жолаушылардан бірнеше күнгі жүрген ақшалары бірден алынған. 

– Сіздердің шала істелген жұмыстарыңыздан тұрғындар зардап шекпеулері керек, – деді аймақ басшысы. – Егер бәрі жақсы болса, адамдар шағымданбайтын еді. ТКШ саласының және қалалық әкімдіктің барлық жауапты адамдары өздері автобуспен жүріп, жағдайды көзбен көрулері керек. Әлеуметтік желілерде арызданып жатқан тұрғындарды естімейсіздер, бұлай болмауы тиіс.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Полиция департаментіне қоғамдық көліктегі қалта ұрлығының алдын алу жұмыстарын күшейтуді де тапсырды.

Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз