Шақалақ неге шетінейді?

3292401 Жаңалықтар

Atr.kz/24 қазан, 2019 жыл. Облыстық перинаталды орталықтағы шараналардың шетінеуінің себебі неде?  Бүгінде ана мен баланың саулығын сақтап, келеңсіз жайттың алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

Осы және өзге де сауалдар аясында облыстық денсалық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Таңбаевамен аталған орталықта тілдестік.Оның айтуынша, орталықта ауруханаішілік және сырттан кіретін инфекциялар бұрыннан бар. Оны қадағалайтын эпидемиолог-дәрігер мен инфекциялық бақылау тобы да бар. Ал, бұл жұмыстарды тереңнен тексеру үшін жергілікті құзырлы орган өкілдері мен министрліктен арнайы комиссия құрылып, қызмет етті.

«Комиссияның жұмыс нәтижесінде айтылған ұсыныстар негізінде бүгінде бірқатар жұмыс жүргізілуде. Қазір орталықта эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Орын алған жағдайларға себепші болды деп есептелген желдету құрылғысы негізінен жоспарға сай қосылу керек еді. Қыркүйек айынан бастап бұл құрылғының қызметіне жауапты мердігер компаниямен бірге оны қосып, бөлімшені тазалау, залалсыздандыру шаралары жүргізілуде. Бұл қызметтер толық атқарылған соң бұған дейін орталықта жұмысын тоқтатқан гинекология, 50 кереуеттік балалардың потологиялық бөлімшесі қарашадан бастап қайта  іске қосылады» деді Гүлнафис Әбділдақызы. 

Ал, орталықтағы қызметтен кетуге арыз берген 28 дәрігерге қатысты ақпарат берген басқарма басшысының міндетін атқарушы бүгінде бұл мамандардың өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда екендігін, олармен психолог-мамандардың әлі де әңгіме-сұхбат жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Бұл сала қызметкерлерінің арызы  қаралу үстінде. Медициналық маман иелері –  қашан да халық денсаулығына бірден-бір жауапты мамандар.  Олар ақ халаттың иесі атанғандықтан,  өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз» деген Г.Таңбаева денсаулық сақтау саласындағы кадрлық резервті сақтауда атқарылып жатқан жұмыстар туралы да мәлім етті.

– Арыз берген ақ халаттылардың барлығы бірдей қызметтен кетіп, мұндай жағдай туындайды  деп ойламаймын. Ал, кадр резервін сақтау мақсатында Батыс Қазақстандағы жоғарғы медициналық оқу орнымен Меморандум жасақталды. Олар өздері даярлаған мамандарды бізге ұсынып, мәселе шешімін табады. 

Аталған орталықта биыл 9 айда 147 сәби қайтыс болса, қазан айының 22 күнінде дүниеге келген 796 нәрестенің алтауы шетінеген. Бүгінде бұл жағдайға да байланысты потологиялық-анотомиялық тексеріс жүргізілуде. 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз