Сенім кілті – жаңа жүйеде

4 Жаңалықтар

Atr.kz/16 шілде, 2019 жыл. ҮШІНШІ БАҒЫТ: Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау.

Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан, судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінен

Қазіргі уақытта елімізде сот жүйесі жаңа даму кезеңін бастан өткеруде. Халықтың сотқа деген сенімін арттыру мақсатында атқарылып жатқан сан алуан жұмыстардың аясында электронды сот жүйесін құру, фронт-офистер ашу, судьялардың жүктемесін азайту сияқты нақты шараларды атап өтуге болады.

Мұның бәрі Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға байланысты қолға алынып отыр. Осы бастама сот жүйесіне тың өзгерістер әкелді. Бүгінде кез келген сотқа көп шығынсыз-ақ жүгінуге болады. Өйткені, IT-сервис енгізілді. Арыздардың 90%-ы интернет арқылы беріледі. Бір жылдан астам уақыттан бері соттар жұмысына жаңа формат енгізіліп, «Соттағы татуластыру рәсімдері», «Отбасылық сот», «Виртуалдық сот», «Фронт кеңсе», «Еңбек дауларының алдын алу» пилоттық жобалары жүзеге асырылуда.

Жоғарғы Соттың тарапынан қолға алынған «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында «Татуласу кабинеттері» ашылды. Ондағы негізгі мақсат – бітімге келтіру. Оның екі жолы бар: біріншісі – дауларды сотқа дейін шешу, екіншісі – сотта татуластыру. Сотта татуластырушы судья адамдардың сотқа түскен талап-арызын қабылдамай тұрып, істің анық-қанығына жетуіне, істердің ұзаққа созылмауына, олардың артық шығынға батпауына көмектеседі.

Қазір қалалық сотта татуластырушы судья өзі қараған істерінің 43 пайызын, «Еңбек дауларының алдын алу» пилоттық жобасы бойынша жұмыс істейтін судья өзі қараған істерінің 36 пайызын бітіммен аяқтады.

Өткен жылдың желтоқсан айынан бері «Отбасылық сот» жобасы тиімділігін көрсетті. Бүгінде мұндай істерді бір судья қарайды. Оған психологтар, медиаторлар және билер кеңесінің мүшелері белсене атсалысуда. Қаралған отбасылық істердің 32 пайызы бітіммен аяқталды. Яғни, әрбір екінші неке сақталды. Соттарда, «Виртуалды сот» пилоттық жобасы іске қосылды.

Заманауи технологиялар енгізіліп, «электронды сот төрелігі» жүзеге асырылуда. Кезең кезеңмен электронды форматқа өту соттардағы жүктемелерді азайтып, өз тиімділігін көрсетуде. Аталмыш жоба негізінде «True Conf» мобильді және бейнебайланыс қосымшаларын пайдалану сот төрелігіне қол жеткізуді оңайлатып, халықтың уақыты мен қаржысын үнемдеуге жол ашты. Осының нәтижесінде, электронды байланысты қолданып, басқа қалада болса да әр тарап сот отырысында өтініштер жасайды, пікірлерін білдіреді, басқа да құқықтарын пайдалана алады.

Сонымен қатар, сот ғимаратында фронт-кеңсе ашылды. Онда орналасқан ақпарат орталығында тәжірибелі сот қызметкері жұмыс істейді. Ол сотқа келушілерге өздерінің сұрауына орай тиісті бағыт көрсетеді. Сот ғимаратында кесте бойынша халыққа көмек көрсету үшін арнайы ашылған медиаторлар мен адвокаттар отыратын бөлмелерге жіберіп, қолайлы жағдай туғызуда.

Фронт-кеңсенің ерекшелігі – халыққа кедергісіз жүйе негізінде қызмет көрсету. Себебі, бұрын сот қызметкерлері сотқа келушілерге бір терезе арқылы қызмет көрсеткен болса, қазір кедергісіз ұсынылуда. Бабаларымыз «Би төрттің құлы – адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» деген. Осы асыл сөздерді әрбір судья сот төрелігін атқару барысында негізгі қағидат ретінде ұстанса, сот жүйесінің беделі бұдан да жоғары болатыны, халқымыздың сотқа деген сенімі арта түсері сөзсіз.

Анаргүл САЛИХОВА,

Атырау қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз