Сарайшықтан Астанаға дейін…

сарайшы тан Астана а дей¦н Жаңалықтар

Мың өліп, мың тірілген халқымыздың тарихында, алмағайып заманда елорданың алар орны ерекше. Ұлы дала елінің астаналары қай заманда да жалпақ жұртқа  айрықша ыстық болған.

%d1%81%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b9%d1%88%d1%8b__%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b0__%d0%b0-%d0%b4%d0%b5%d0%b9%c2%a6%d0%bd

Зерттеуші ғалымдар көне Сарайшықтың іргетасы ХІІІ ғасырда қаланған деседі. Бұл ескі қала шығыс пен батысты байланыстыратын ұлы керуен жолының бойында жатыр. Еуропа мен Азияның арасына су жолы шығыста Қытайдан басталып, Үнді, Орта Азия арқылы Сарайшық тұсынан Еуропаға өтіп, одан Венеция, Генуя, Флоренция және басқа өңірлерге жеткен.

Көне Сарайшық жөнінде тұңғыш жазба дерек қалдырған арабтың белгілі саяхатшысы, әрі географ-ғалымы Ибн-Батута болды. Ол 1334 жылы Сарайшықта болып, төмендегіше жазба қалдырған: «Еділдегі үлкен Сарай қаласынан шығып (ол Алтын Орданың астанасы болатын) атқа жеккен арбамен он күн жүріп, Сарайжүк – кіші Сарай қаласына келдік. Ол «Ұлы су» деп аталатын үлкен, ағысы қатты, терең өзеннің жағасына салынған керуен жолының бойындағы қолөнері мен саудасы дамыған, гүлденген әсем қала екен. Дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі жүзбелі көпір де осында екен. Кіші Сарай қаласынан шыққаннан кейін Азияға сапарымызды түйеге ауысып міну арқылы бастауымызға тура келді».

…1920 жылы 26 тамызда Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы құрамында астанасы Орынбор қаласы болатын Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды.

Сонау кеңестік кезеңде  1924 жылы Орта Азия республикаларын ұлттық-территориялық межелеуге байланысты 1925 жылы еліміздің астанасы Орынбор қаласынан Ақмешітке көшірілді. Сол тұста мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов «…Қазақ халқының астанасы – ежелгі қала, ескі қала Түркістан болғаны дұрыс-ақ еді. Ендігі жерде оның реті келе қоймас. Не де болса Ақмешітке көшірелік», – деген екен.  Жаңа астанада үкіметтік мекемелерге ғимараттар тауып беру және жөндеу жұмыстарын жүргізу өте қиын жағдайда жүргізілді. Сөйтіп, Сыр бойындағы Қызылорда қаласы 1925-1929 жылдар аралығында еліміздің астанасы болды. Нақ осы қала төрінде ұлтымыздың төл атауы– қазақ атауы құжатталды. Қазақтар «қырғыз» деген жалған аттан құтылды.

1925 жылдың сәуір айында Ақмешіттің аты өзгертіліп, енді бұдан былай ресми құжаттарда «Қызылорда»  деп жазыла бастады. Алайда, географиялық, климаттық, экономикалық бірқатар жағдайлардың қолайсыздығы Қызылорданың астана ретінде өркендеуіне елеулі кедергі келтірді. 1927 жылы 3 сәуірде Бүкілқазақстандық Кеңестердің VІ съезі Қазақстан астанасын Алматыға ауыстыру туралы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысын бекітті (шын мәнінде астана 1929 жылы көшті).

Алматы қаласының республика астанасына айналуының тарихи зор маңызы болды. Алматы – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы, Алматы облысының орталығы, республиканың саяси-әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы болды. Қаланың шежіресі жарқын оқиғаларға толы, ол Отанымыздың, қазақ халқының тарихымен, республикамыздың қалыптасып, дамуымен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда  ару Алматы – еліміздің ең әсем шаһарларының бірі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі және 1996 жылы 6 шілдедегі Министрлер кабинетінің «Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы» қаулылары қабылданды. 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы»,- деген болатын. Сөйтіп, 1998 жылы Тәуелсіз Қазақстанның астанасы Сарыарқаның бел ортасындағы Ақмола (Астана) қаласына ауыстырылды.

Астана бүгінгі таңда экономикалық интеграцияның үйлестіруші, әрі қуатты қозғаушы буынына айналып отыр. Еліміздің бас қаласында жиі-жиі жалауын көтеріп, жемісті істерді жалғастырып жатқан кең ауқымды халықаралық жиындар мен форумдар, ғылыми конференциялар – осының айғағы. 2001 жылғы 18 мамыр күні Астанада түркі дүниесіне қадірі жоғары, қымбат мұрасы – Күлтегін ескерткішінің көшірмесі қойылды. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның бүкіл түркі жұртының қарашаңырағы екенін тағы бір дәлелдеген еді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміз болашағының ірге тасын қалаған басты құндылықтардың бірі ретінде Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Астанасы деп атап өтуінің ерекше маңызы бар. Сондықтан да, Мәңгілік Елдің елордасы – Астананың мәртебесі жылдар өткен сайын асқақтай түседі.

     

Аққали Ахмет,

гуманитарлық ғылымдар және шетел тілдері факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз