САРАПТАМА: Дүние жүзін дүрліктірген дерт ел экономикасына қалай әсер етпек?

5b83be76 45e9 4087 a47f 85602fc7e0eb Жаңалықтар

Atr.kz/12 сәуір, 2020 жыл.  Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан бұдан да зор тауқымет өткен. Дүние жүзін дүрліктірген бұл дерттің де беті қайтар. Адам­зат қалыпты тірлігіне оралар. Сонда келешекті көз алдымызға қалай елестете аламыз? Болашаққа жасар бағдарымыз қандай болмақ? Сын сағаты соққанымен, оны да болжаған жөн.

Оқыс оқиға өзгеге иек артқанша, өзіңде барды тиімді пайдалануға үйретті. Ішкі мүмкіндікті іске қосуға бастады. Демек, сонымен қатар, сын сағаты отандық өнім өндірушілердің өрісін ашты. Сыртқы қатынас шектелгендіктен халық қазақстандық тауарларға қол созды. Мемлекет бас­шысы әлсіз топтарға көрсетілер көмекті жергілікті тауармен толықтыруды тапсырды. Бұл, біріншіден, олардың қызметі тоқтап қалмауына қолдау. Яғни, сәл де болса жұмыссыздыққа жол берілмейді. Екіншіден, елімізде азық-түлік қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілгендігін байқау. Бұған дейін біраз қаржы жұмсалып жүзеге асырылған жобалар сын сағатында сыр бермей ме? Расында да, республика жұртшылығының сұранысын қамти алатындай қуатқа ие ме?

Демек, фермерлік қозғалыс келешек­те күшеймек. Ауыл шаруашылығын қолдауға қатысты талай бағдарлама қолға алынды. Әлі де қамқорлық көрсетілмек. Өйткені, әуел бастан ауыл – қаланы асыраушы. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан қағида. Болашақта бұл бағытта кешенді шара­лар жүзеге асырылады. Дихандар мен шопандарға жан-жақты жәрдем жаса­лады. Өзінің азық-түлік қауіпсіздігінің үштен бірін қамтамасыз етпеген мемлекеттің тәуелсіздігіне де қатер төнетіні туралы түйін бар. Қазіргідей сыртпен барыс-келіс шектелген сәтте күнделікті керегің қасыңнан табыл­са, басқаға бой ұсынбау деген осы. Болашаққа осындай бағдар жасалмақ.

Өңдеу саласы одан әрі дамымақ. Республикадағы үш мұнай өңдеу зауытының қайта жарақтандырылғаны нәтижесінде ішкі нарықта жанар­май мәселесі толық шешілді. Яғни, өзімізді қамти аламыз. Биыл көктемгі егін науқанына арзан бензин мен дизель отыны жылдағыдан көбірек шығарылып отырғаны да сондықтан. Басқа да тауарлар бойынша осылай болмақ. «Қарапайым заттар эконо­микасы» соны көздейді. Атыраудағы газхимия зауыты іске қосылғаннан кейін күнделікті тұтынатын нәрселер өзімізде дайындалады. Тыстан тасы­маймыз. Ен базарды жайлап алған қытайлық бәсі төмен бұйымдарға тап­сырыс тоқтайды.

Медицина саласы сауықтырылады. Қазіргі сын сағатта дәрігерлерден бар білігі мен білімі талап етілді. Олар, шын мәнінде, адам өміріне араша түсті. Өздері басын бәйгеге тікті. Сырқатқа шалдықты. Бірақ, дертті жандардың жанынан табылды. Мемлекет басшысы олардың осы еңбегін жоғары бағалап отыр. Бірақ, бұларға келешекте керегі – жақсы жалақы. Еңбекақысына қосымша төлеуге бүгін қаржы табылды ғой. Ертең неге тағы қарастырмасқа? Жалпы, денсаулық сақтау саласы мамандарын ақылы оқыту – үлкен қателік. Оларды әр өңірдің қажетіне қарай тегін даярлау керек. Мемлекет есебінен дайындалған маман жолда­мамен шалғайдағы мекендерге де ба­рады. Келешекте соған ден қойылады. Атырауда медициналық қызмет сапасы да, саланың материалдық- техникалық қамтылуы да жаман емес. Тұрғындардың сыртқа шапқылайтын жөні жоқ. Алдағы уақытта мұндай қажеттілік өздігінен жойылады, жергілікті дәрігерлерге сенім артады.

Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қашықтан дәріс алуға көшті. Түрлі қызмет көрсету де со­лай ұйымдастырылып жатыр. Демек, соңғы жылдары жүзеге асып жатқан электронды жүйе жанданды. Келе­шекте жұрт жаппай осындай әдісті қолданады. Осы орайда алыс елді мекендерді сандық байланыспен тегіс қамтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылады. Болашаққа белгіленген бағдардың бірегейі де сол болмақ.

Төтенше жағдайға қатысты з а ң д ы л ы қ т а р ж е т і л д і р і л е д і . Қолданыстағы ереженің олқы тұстары қылаң берді. Мәселен, тосын дерт жұқтырған жандардың аты-жөні айтылмағанымен, мекені ашық ақпарат көзіне айналды. Демек, жа­нама жолмен сырқатқа шалдыққан кім екені мәлім болып қалды. Яғни, жеке бас құпиясы жарияланды. Осы жай пысықталғаны абзал. Оның үстіне, сын сағатында да алыпсатарлыққа, пайдакүнемдікке, тәртіпсіздікке, өзге де келеңсіз көріністерге жол берілді. Осындай оқиға кезінде талап­ты мүлдем қатайтуға қатысты қатаң шара қажет.

Ақырында, мұнай-газ саласына қажетті мамандар өзімізде көптеп даярланады. Рас, қазір де арнаулы оқу орындары жетерлік. Атырауда да бірнеше білім ошағы бар. Тек түлектердің іске араласуы қалай? Біліміне білігі сай ма? Мемлекет басшысы бірлескен кәсіпорындарда бірінші басшы деңгейіне көтерілген қазақстандық кадрлардың тым аздығын айтқан. Шынында да, орынба­сар орынтағынан аса алмай отырмыз. Республикада ондаған кенішті ашқан, шет елдерде қызмет атқарған қазақ инженерлерінің сан жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі қайда?

О с ы о қ и ғ а к е з і н д е к е н орындарындағы қызмет кестесі бұзылды. Вахталық әдіспен істейтіндер жұмысын әдеттен тыс ұзағырақ атқарды. Алыс-жақын шет елдердегі мамандардың кейін қайтуы қиындады. Тіпті республиканың өзге өңірлерімен де байланыс үзілді. Сон­да таза атыраулық инженерлер мен техниктер қалды ғой. Уақытша де­сек те ауыртпалықты солар көтерді. Келешекте инвесторлар да содан қорытынды шығарады. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, жергілікті маман шетелдік әріптесінің орнын жоқтатпай, соның міндетін атқара білсе, қиырға қол со­зып не керегі бар?

Тек соған атыраулық қыз-жігіттер даяр ма? Облыстағы мұнай-газ университеті мен политехникалық колледжді әр жылы бітіріп жатқан түлектердің қаншасы дипломына сай қызметке орналасты? Немесе тереңдетіп оқытуға негізделген ОПЕК шәкірттерінің біліктілігі қандай? Ауыз толтырып айтатын жетістігі бар ма? Мұхит асып жеткендермен иық тіресе ала ма? Міне, алдымен осы сауалдарға жауап іздеп көрелік. Демек, келешекте білім берудің қолжетімділігі өз алды­на, сапасына баса назар аударылады. Әйтпесе, инкубатордан шыққан ба­лапандай жылына жүздеген инженер немесе техникті топырлату – керекті кадр даярлауда ілгерілеу емес.

Тіпті, әр үміткердің бейімділігін бағалаған жөн. Оның оқу ақысын төлеу мүмкіндігі бар болар. Бірақ, осы мамандықты жүрек қалауымен таңдады ма? Әлде әке-шеше айтуымен келді ме? Керісінше, мұнайшы болуға ұмтылған жастың қаржылық қауқары шектеулі. Соның салдарынан қаншама қабілетті қыз-жігіттер көзден таса, на­зардан тыс қалды.

Демек, алдағы уақытта республи­када, соның ішінде аймақта мұнай- газ саласы мамандарын даярлауға көңіл бөлінбек. Инвесторға жоғары деңгейде білімі мен білігі бар ин­женерлер ұсынылмақ. Мемлекет басшысы айтқанындай, еліміздегі жоғары оқу орындарының түлектері дипломдарын қолына алған сәтте-ақ өндіріске араласып кетуі керек. Қазіргі заман талабы солай. Біреуге масыл болып, үйренуші ретінде салпаңдап жүре беруге уақыт жоқ. Оларды ешкім қажет етпейді. Ертең-ақ есіктен шығарып жібереді. Міне, болашақтың бір бағдары осы болуы керек. Елбасы айтқанындай, ел экономикасының локомотиві мұнай-газ саласы екен, оны өз қолымызға алуымыз қажет. Рас, дәл қазір ұлттандыруға дайын емес шығармыз. Бірақ, таяу жылдардың жоспары болуы шарт.

Қысқасы, өзгеге өңешімізді созбай- ақ бар шаруаны өзіміз тындыра алады екенбіз. Тек өзекке теппесек болғаны. Әйтпесе, неге екенін қайдам, тыстан тасымалдауға әуеспіз. Қазақстандық тауарды тұтыну – отандық кәсіпорынды қолдау, жұмыссыздықты болдырмау, бюджетті толықтыру, жалақы мен зейнетақыны уақытында беру, жәрдемақы мен өтемақыны мерзімінде алу. Міне, осы игіліктерге үлес қосу – өз қолымыздағы іс.

P.S. Қандай қиындықтың да шегі жоқ емес. Сонау жылдары да жұмыр жерді жұтып жібере жаздаған дағдарыстар кездескен. Әрине, зардабы бар. Азды-көпті ауырпалығы сезіледі. Әйтсе де, соның бәрінен аман өткен соң алынар сабағы да салмақты. Әлі пайдаланбай жатқан мүмкіндіктер кең қолданысқа ие болады. Сарапшылардың саралауынша, коронавирустан кейін де әлем экономикасы шапшаң сауығып кете алмайды. Демек, өз күшімізге сенеміз. Бірлігімізді біріктіріп, тірлігімізді түзейміз. Болашақтың батыл бағдары осындай.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

http://atr.kz/bez-rubriki/shұғyl-atyraulyқ-karantindegi-dәrigerler-mahambet-audanyndaғy-dispanserge-zhatқyzyla-ma/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз