САҚТАНҒАН САУ ЖҮРЕДІ

2-11 ақпан аралығы – Бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы онкүндігі. Осыған орай елімізде қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында онкүндік шарасын өткізу дәсүрге айналған.

 

2005 жылдан бері қолға алынған бұл іс-шара Атырау аймағында да өткізіліп келеді. Осы мақсатта салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен облыстық онкологиялық диспансердің мәжіліс залында қалалық емдеу орындары мен диспансердің дәрігерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан баспасөз мәслихаты өтті.

Жалпы аймақта онкологиялық аурулардың алдын алу жұмыстары жүйелі жүруде. Бұл орайда қала, аудандардағы емханалар мен облыстық онкологиялық диспансер қатерлі ісіктің алдын алу жолында арнайы тексеру жұмыстарына ден қоюда. Мәселен, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде аймақ тұрғындарына скринингтік зерттеулер жүргізілуде.

– Науқастардың көпшілігі, – дейді облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары Руслан Расқалиев, – алғашқы уақытта өзінің қатерлі ісікпен ауырғанын білмейді. Тіпті, дәрігерлер  де аурудың алғашқы сатысын анықтай алмауы мүмкін. Тек,  толыққанды  тексеру ғана қатерлі ісікті анықтай алады. Қазіргі таңда жаппай тексеру арқылы ғана сүт безі, жатыр мойыны секілді қатерлі ісік аурулары ерте анықталып жатыр. Тексеру кезінде ауруы белгілі болған әйелдердің көпшілігі өзінің сол аурумен ауырып жүргенін байқамайды. Сондықтан, жаппай тексеру аурудың алдын алуға үлкен көмегін тигізеді.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз