Сүйегі Норвегияда қалған Қазақстан солдаттарының тізімі жарияланды

87724c843caacb215c14b7387c0b679e Жаңалықтар

Atr.kz/23 қаңтар, 2020 жыл.  Қазақстанның Ослодағы елшілігі Норвегия аумағында 1941-1945 жылдары жерленген қазақстандық солдаттардың тізімін жариялауды бастады.

Елшілік сайтының хабарлауынша, Екінші дүниежүзі соғысы жылдары оккупацияланған Норвегия аумағындағы концлагерьлерде Кеңес Одағының 100 мыңға жуық әскери тұтқыны болды. Оның 15 500-ге жуығы абақтыда қаза тапты. Оккупациялық билік қаза болғандарды негізінен лагерьлердің жанына көмген.

Қазіргі ең ірі әскери зират елдің батысындағы Тьётта аралында. Ол екіге бөлінеді. Біріншісі – кеңес әскері зираты (Tjøtta sovjetiske krigskirkegård). Мұнда Кеңес Одағының 8 мыңға жуық жауынгері жерленген. Олардың сүйегі 1952 жылғы “Асфальт” операциясы аясында Норвегияның түкпір-түкпірінен әкелінген. Екінші зиратта немістің “Ригель” кемесінің күйреуі кезінде қаза болған 2500 адамның сүйегі жерленген. Олардың дені – кеңестік әскери тұтқын.

Кейінгі жылдары Норвегияда фашизм концлагерьлерінде қаза болған шетелдік әскери және азаматтық тұлғаларды анықтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы  қызу қолға алынды. Зерттеуді Фалстад орталығы (Falstad Center, елдің солтүстігіндегі ірі лагерьдің атымен аталған) жүргізеді. Қазіргі кезде ашық цифр базада (Krigsgraver.no) 9 мыңнан астам шетелдік әскери тұтқынның есімі бар.

Әскери тұтқындар бойынша ақпарат тек солдаттың аты-жөні мен келген елінің атауымен ғана (“Совет Одағы”) шектелген, яғни қосымша іздестіруді талап етеді. Қазір Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі Қазақстаннан шыққан болуы әбден мүмкін 44 кеңес солдатының есімін анықтады. Олардың құжаттарында шыққан жері ретінде “Қазақстан”, “Қазақ ССР” деген жазу немесе Қазақстан қалаларының атауы (Семей, Жетіқара, Талғар) көрсетілген. Басым көбі қазақстандық “Мемориал” базасында хабарсыз кеткендер ретінде тіркелген немесе мүлдем көрсетілмеген. Солдаттар туралы мәліметтің толық емес болуына құжаттардың қате толтырылуы да себеп болған.

Анықталған 44 қазақстандық солдат үш әскери зиратта жерленген – Тьётта аралында (37 солдат), Лиллехаммер маңындағы Йорстадмоен ауылында (5 солдат) және елдің батысындағы Виньеёра ауылында (2 солдат). Олар – Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан азаматтар.

Елшілік тізімді хабарсыз кеткен жауынгерлердің туған-туысқандарына жәрдем ретінде және келешектегі зерттеу мен іздестіру жұмысы үшін жариялау маңызды деп есептейді. Тізімде қазіргі уақытта қолжетімді Фалстад орталығы, мен қазақстандық және ресейлік “Мемориал” базасының ақпараты жинақталған. Мәліметтер мен орфография құжаттарда жазылғандай орыс және норвег тілінде беріледі, – деп хабарлады Қазақстанның Норвегиядағы елшілігінің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, Қазақстан елшілігі бұған дейін 1944 жылы қазан-қарашада Петсамо-Киркенес операциясында Норвегияның солтүстігін азат ету кезінде қаза болған 65 қазақстандық жауынгердің тізімін анықтап, жариялаған.

http://atr.kz/bez-rubriki/a%D2%9Bi%D2%9Battan-attamajy%D2%9B/

Дереккөз: «Бәрібар.кз»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз