«Сәулең болса кеудеңде…»

Жаңалықтар Тұлға Әдебиет

Atr.kz/14 қаңтар, 2020 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы қазақтың дана ойшылын бұрынғыдан тереңірек ұғынуға ықпал етті. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Иә, ұлт данышпаны қалай тауып айтқан?! Қай адамның да болмысы мен бітімінен осы үш қасиет табылып жатса, өзіндік ұстамды мінезі де қалыптасар еді.

Мінезді әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды деп жатады. Рас болар, оған дауымыз жоқ. Алайда, әр адамның мінезінің қалыптасуына отбасындағы тәрбиемен бірге, оның араласатын ортасы да, атқаратын лауазымдық қызметі де әсер етпей қоймайтыны және бар. Соның ішінде жастардың мінезі лауазымды қызметке «ілінумен» күрт құбылып жататыны байқалып қалып жүр. Бәлкім, олар мұны мансаптың баспалдағына аяқ басу деп түсінетін секілді.

Бір қарағанда, солай екені даусыз. Бірақ, жастардың көбі мансаптың буына мастанғанын, әсіредаңғойлыққа бой алдырғанын қапелімде білмей қалатын шығар-ау, деп топшылаймыз. Қайбір жылы Бердіғали деген танысым мемлекеттік қызметке, дәлірек айтқанда, әкімдіктің жауапты лауазымына тағайындалған жас жігіттің мінезі күрт өзгергенін әңгімелегені бар еді.

Оның айтуынша, өзінен бір мүшел жастай кішілігі бар жас жігіттің бұрын сәлемі түзу, сыйластығы жарасымды болған. Әкімдіктің жауапты қызметкері атануы мұң екен, әлгі сабазың сәлемдеспек түгілі, танымайтындай кейіп танытыпты. Кердең басып, көзін шел қаптағандай өте шығатын сол жігіт шамасы, жұмсақ орындық пен қызметтік көліктің желігіне тым ерте еліткен секілді. Өкінішке қарай, мұндай жас шенеуніктер бірліжарым болмай тұр. Мемлекеттік қызметтің «ауылына» ат шалдырған жастар мансабына орай мінезін де өзгертіп алып, құдды көк тірегендей шіренетінін қайтерсің?

Бұдан жеті-сегіз жыл бұрын төменгі буындағы әкім лауазымына тағайындалған жас жігіттің тосын қадамына таңданғанымыз бар. Әрине, әкімдікке шаруасымен келетіндер көп. Ал, жас әкім басқаратын әкімдікке кірерде ұялы телефонды міндетті түрде есік алдындағы қобдиға тастап кету қажет. Олай етпеген жағдайда күзет қызметкерлері өңменіңнен кері итеріп, далаға сүйреп шығарып жіберуге бар. Кім екеніне қарамайды, егде тартқан адам ба, сол әкімдіктің бөлім басшысы ма, әлде сырттан келген қонақ па – бәрібір, күзетшілерге тек әкімнің тапсырмасы орындалуы керек.

– Бұл – әкімнің тапсырмасы!

Есік алдындағы күзетшілер тау қопарғандай зіркілдеп сөйлейді. Ұялы телефонмен ішке кіргендерді құдды жау көретіндей.

Олардың айтуынша, жас әкім бірде-бір адамды телефонмен әкімдікке кіргізбеу үшін арнайы өкім де шығарып қойыпты. Бірақ, оның бұдан не ұтқаны бар? Тіпті, мұны неге жоруды білмедік. Мансаптың буына мастану ма, әлде жас та болса, қаһары мен қауқарын қиқар өкіммен танытуы ма? Тәртіп орнатамын деп, әпербақандықтың үлгісін көрсетуі ме? Тегінде әкімдікке телефонмен кіргенде тұрған не бар? «Ұлық болсаң, кішік бол» дейтін қағиданы ұстанатын жас әкім дәл бұлай емес, қауқарын сол кезде іскерлігімен танытуға ұмтылғаны әлдеқайда жарасымды болар еді.

Алыс аудандағы округтердің бірін басқарған әкімнің былайша мұңын шаққаны бар. Аудандық әкімдік округ әкімдеріне қызметтік «Нива» көлігін алуға тапсырыс берген екен. Округ әкімдерінің бірі көлікке жолда жүргенде радиодан ел жаңалығын тыңдау үшін магнитофонды қоса алуға ұсыныс айтыпты. Сонда аудан әкімінің орынбасары: «Сендерге радиодан жаңалық тыңдау неге керек? Алмайсыңдар, магнитофонды» деп найзағай ойнатардай ашу шақырыпты. Әрине, ақыл тоқтатқан жастағы адам болса, дәл бұлай сөйлемеген болар еді.

Округ әкімдерінің ел жаңалығынан хабарсыз болуын көксеген шенеуніктің, әрине, мансабын шоқпарға айналдырғысы келген жас екені түсінікті жайт. Ал, енді облыстық әкімдіктегі жас шенеуніктердің мінезін көрсеңіз, алапат дауыл тұрғызып, жолындағының бәрін жайпап өтерлік дөрекіліктің көкесін танытады. Әсіресе, елордадан министрлер, не үкіметтік жұмыс тобы келгенде тіптен ашуға мінеді. Тіпті, мемлекеттік қызметтен тысқары салалардың өкілдерін тәрбиелеп алуға бейім тұрады.

Әкімдіктің тым-тәуір лауазымын атқарған жас шенеуніктің: «Бұларды бір мезгіл тәрбиелеп алу керек» деп ашық айтқанын естідік. Басқармалардағы жас шенеуніктер ше, о, олар шіренгенде аспандағы айды ұстағаннан бетер бәлсінеді. Алдына адам келді-ау дегенді мүлде қаперіне ілмейді. Керенау сөйлеседі. Алдындағы адамды селсоқ тыңдайтыны кездеседі.

Осыған мысал ретінде айтар болсақ, бұрынғы облыс әкімінің халық алдындағы есебінде бір тұрғын қалалық әкімдіктің бір бөліміне қатысты шағым айтты. Бөлімдегілер халықты аптасына екі рет қабылдайды. Сол екі күнде халықты қабылдауға тек екі сағат уақыт бөледі. Жас шенеуніктер шаруасын айта келген адаммен дұрыс сөйлеспей, қағазын жазып, төмен қараған күйі отыра береді екен. Сонда бұл не, самарқаулық па, әлде мәдениетсіздікті білдіре ме?

Осындайда дана Абайдың: «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл, Танымассың, көрмессің, Қаптаған соң көзді шел» дейтін нақылға бергісіз өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Мансап қуған жас шенеуніктердің бәрінің бірдей көзін шел қаптады десек, артықтау айтқандық болар, сірә.

Дегенмен, мемлекеттік қызметтегі, өзге де салалардағы лауазымға орналасқан жастардың бойында үлкенге – құрмет, кішіге ізет танытатын қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұстамдылық қасиеттері жетісе бермейтіні даусыз. Көбінесе даңғойлық басым түсіп жатады.

Жасы үлкен болса да әлдекімнің «Пәленше Түгеншеұлы» деп жарамсақтана амандасып, жікжапар болғанын мәртебе санап тұрады. Жалпы, қолындағы мансабын шоқпар етіп көрсетуге, қара аспанды төндіре әкіреңдеуге бейім жас шенеуніктер қарапайымдылықты қарабайырлық деп түсінетін секілді. Бәлкім, олардың ерсі қылығын паш ететін әпербақандығы өздеріне байқала бермейтін шығар. Ал, сырт көзге бәрі бірден шалынады. Дана Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деп өсиет еткеніндей, әркім де атқарып отырған қызметінен жеке мүддесі үшін көлденең табыс табуды емес, алдымен абыройының төгілмегенін көздеуі керек ғой. Әйтпесе, біздің өңірде де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық күдігіне ілініп жатқаны қаншама!

«Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей, жемқор атану кімге абырой әперген? Әрине, қазақ жастарының мансабы көтерілгенін кім қаламайды дейсің? Біз де қазақтың жас жігіттерінің тасы өрге домалауына, парасатты, абыройлы болуына тілекшіміз. Бірақ, мансаптың буына мастанбай, бір сәт Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой…» дейтін даналығын естен шығармағанын қалар едік.

Әсіресе, лауазымды қызметке тағайындалған жастар осынау бес асыл істің астарына үңіліп, мағынасын жадына түйсе, аспандаған арынына тежеу салып: «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!» дер ме еді?

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *