Сәт сапар, жас түлек! (+ФОТО)

Білім Жаңалықтар ФОТОГАЛЕРЕЯ

Atr.kz/12 маусым, 2019 жыл. М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында мектеп бітіруші түлектердің «Жас түлек – 2019» VІ облыстық форумы өтті. Жиынға «Алтын белгі» иегерлері мен Халықаралық зерттеу жұмыстары конкурстарының, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен ата-аналар, ұстаздар қатысты.

Қанаты жаңа қатайған жас қырандай асқаралы биіктерге бет алғалы тұрған түлектерді облыс әкімінің  бірінші орынбасары Серік Шапкенов құттықтап, ақ жол тіледі.

  • Елбасымыз айтқандай, болашағымыз – адами капиталға барлық мүмкіндікті туғызуымыз қажет. Олардың сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау маңызды. Осы жұмыстар біздің өңірде өз деңгейінде атқарылып жатқанына куәміз. Осы оқу жылында 5227 оқушы  мектеп бітірушілер болса, соның 191-і «Алтын белгіге» ие болды. Сегізі   Халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанды. Бұл – біздің облыстың ең басты көрсеткіші. Бұл  шәкірттер өз ортасынан оқ бойы озып шығып, жылдар бойы  мектептен алған білімін дәлелдеп, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтады. Алдағы үлкен өмірде де жетістіктерге жете берсін. Отанымыздың патриоты болыңдар! Сапарларың сәтті болсын,  – деді Серік Жамбылұлы.

Салтанатты шарада  «Алтын белгі» иегерлеріне «Алтын алқа» табысталып, гүл шоқтары ұсынылды. Мектеп бітірушілерге бата берілді.  Ал, олар бүгінгі күнге жеткізген алтын ұя мектептеріндегі аяулы ұстаздарына алғыс білдіріп, қимастық сезімдерін жеткізді. Білімді азамат ретінде биікке өрлеуге, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатын маман болатындарына сендірді. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Сәуле АҚҚАЛИЕВА,

«Алтын белгі» иегері,

Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназияның түлегі:

  • Әлемге Тәуелсіз Қазақстан деп танылған мемлекетте туып-өсу, оның дамуымен бірге осы елде білім алу – бізге бұйырған бақыт. Ендігі уақытта жаңалыққа жаны құмар, әлем өркениетіне жақын, озық ойлы жастар ретінде бізге үлкен міндеттер жүктеледі. 11 жыл бойы мектептен алған білім мен тәрбиемізді пайдаланып, ел болашағы үшін алға қадам басамыз. «Алтын белгі» иегері атану да зор жауапкершілік жүктейді. Бұл ұстаздарымыздың, ата-аналарымыздың біз үшін төккен маңдай терлерінің жемісі. Ендігі уақытта алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуден де сүрінбей өтеміз деген сенім мол. Мен С.Демирель атындағы университетке «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқуға түскім келеді. Ендігі уақытта бұл арманыма да  қол жеткізуге талпынудамын.  Ең бастысы адам алдына мақсат қойып, оқу мен ізденуден еш тартынбауы қажет.

Өнер АСАУБАЕВА,

ата-ана:

  • Бес баламнан тараған тоғыз немере-жиенім бар. Бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Жиенім Диляра Кенжебаева Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияда оқып, «Алтын белгіге» қол жеткізді. Ол былтыр Америкадан да білім алып келді.  Біз үшін ұрпақтарымыздың осындай қуаныштарын көруден асқан бақыт жоқ. Олардың алдағы өмірлеріне ақ жол тілеймін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *