Ұрпақ үшін ұмытпайық!

Ұрпақ үшін ұмытпайық Жаңалықтар
(аяулы азамат, ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер туралы мөлтек сыр)

Тіптен балалау кезім. Шаруа қамымен жиі өріс жаңартатын біздің ауыл бірде шөбі желкілдеп тұрған  тепсеңге келіп қонды. Бар-жоғы жеті-сегіз қараша үй. Аналарымыз ертелі-кеш сиыр сауады. Ал, ер адамдар алакеуімде  пішен шабуға аттанып, кеш қарая бір оралады. Сауылған сүт бір жерге жинақталып, бөшке-бидонмен, қалаға дейді, шамасы Қосшағыл болар, кейде күнде, кейде күнара жөнелтіліп жатады. Көлік – өгіз жеккен жалғыз арба. Өгіз жеккен арбаның жалғыз иесі ұзын бойлы, қапсағай қара кісі. Өзгелерден өзгеше айырмасы – иығынан төмен бір қолы жоқ. Соған қарамастан қайратты. Бір қолымен бар шаруаны ың-шыңсыз тындыратын оған бүкіл ауыл риза. Көрші-көлемнің тапсырған керек-жарағын, дәм-тұзын, шәй-секерін қамдап қайтатын да сол кісі. Ешкімнің тілегін қайтармайды. «Шаршадым» деген сөз тісінен шыққан емес.

%d2%b1%d1%80%d0%bf%d0%b0%d2%9b-%d2%af%d1%88%d1%96%d0%bd-%d2%b1%d0%bc%d1%8b%d1%82%d0%bf%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d2%9b

Алланың құдіреті, бір күні әлгі тепсеңнің бір шалғайынан өрт шығып, ауылға қарай жедел жылжи бастады. Шұғыл шара алынбаса, қаз-қатар тігілген киіз үйлерді әп-сәтте жалмайтын түрі бар. Өрт деген үрейлі сөзден шошыған әйелдер мен үйелмелі-сүйелмелі бала-шаға ығы-жығы. Сол сәтте амалсыз аңтарылғандардың сенгені мен сүйенгені жалғыз қолды адам ғана. Айқай-шу құлағына шалынып, үйінен атып шыққан ол еш ойланбастан ірге киізді суырып алып, жүгіре жетіп, жалаңдаған жалынды төпей бастады. Қимылына көз ілеспейді. Ақыры, арпалыса жүріп, өрттің бағытын өзгертті-ау. Әйтеуір, өзі де аман, ауыл да аман. Сөйткенше, аттылы-жаяулы пішеншілер де жетіп, тілсіз жаудың бетін жабыла қайтарғаны осы күнгідей жадымда.

Сол күні айдаладағы дәрменсіз ауылды апаттан сақтап қалған ержүрек жан, кейін білгенімдей, Ұлы Отан соғысына қатысып, одан бір қолын майдан даласында қалдырып оралған бірінші топтағы мүгедек Аманиязов Хасан көкеміз екен.

Бұл тағдыр дегенге не дауа?!  1960 жылдың жазында оқу іздеп, Атырауға маңдай тіреген мені сол Хасан қарттың үлкен ұлы Дүйсенбаймен табыстырды. Дүйсенбай ол кезде Гурьев педагогикалық институтының үшінші курсында оқиды екен. Оған дейін «аттың жалында, атанның қомында» дегендей, мұнайлы өлкенің Бекбикесі мен Мақатында, Құлсарысы мен Қосшағылында оқып, мектеп бітіріпті. «Казахстаннефтеразведка» тресіне қарасты мұнара құрастыру цехында бұрғылау слесары, Алтыкөл, Қарсақ, Тәжіғали кен алаңдарында жұмысшы болып еңбек етіпті. Сол жылы талай тауқыметті бастан кешкен аяулы әкесі бақилыққа аттаныпты.

Не керек, Дүйсен ағам аса мейірбан, таңғы шықтай таза көңілі көкірегіне сыймай, асып-төгіліп тұрған жан екен. Мектеп қабырғасынан, ата-ана құшағынан күні кеше шыққан мен секілді бозөкпеге керегі де осы емес пе? Бауырына кіріп, енесіне ерген ботадай соңынан ілесіп кеттім. Ғажап. Бір күнін босқа өткізбейді. Бес қаруы бойында. Мойнында фотоаппарат, қойнында кітап. Жәй кітап емес, айтуынша, әйгілі әдебиет, мәдениет  өкілдерінің қолға сирек түсетін шығармалары. Оларды  сыдыртып оқымайды, зерделеп оқиды. Қызыға қарайсың. Қызығудың көкесі алда екен. Бірде: «Міне, мыналармен таныс» деп алдыма газет қиындылары мен фотосуреттердің бір тобын жайып тастады. – Бұлар – баспасөзде жарияланған материалдарым. Мынау – Фариза Оңғарсынова. Ақын. Мен оны орыс оқырмандар біліп жүрсін деген ниетпен сәт-сапар тілеп, В.Кириличевтің аудармасындағы екі өлеңін суретімен қоса «Прикаспийская коммунаға» жариялатқанмын, – деді ол.

– Мыналар – менің кроссвордтарым, қазақша айтқанда, сөзжұмбақтар. «Гурьевская область» деп аталатыны «Прикаспийская коммунада», «Пробужденная Африка» деп аталатыны «Ленинская сменада» жарық көрді. Егер ой-өрісіңді өсірем, дүниетанымыңды кеңейтем десең, сөзжұмбақ шеш, оны құрастыруға машықтан. Мына темекіні бұрқырата тартып, ой үстінде отырған бұйрабасты кім деп ойлайсың?! Тосыннан түсіргем. Өте сәтті шықты. Бұл – Әбу Сәрсенбаев дейтін жерлесіміз. «Толқында туғандар», «Офицер күнделігі», «Капитан ұлы» роман, повестерінің авторы, – деп мені белгісіз қазыналы қиырға қарай сүйрей жөнелді. – Сені бір сәтті күні әдеби-мәдени ортаның талантты екі өкілімен таныстырамын. Бірі – Меңдекеш Сатыбалдиев, екіншісі – Қабиболла Сыдиықов, – деп пысықтады.

Дүйсен аға көп күттірген жоқ. Өзі айтқандай, бір сәтті күні: «Жыр аспанында найзағай ойнатып, күн күркіреткендей екпіні бар ақжарма ақын ағаң осы» деп, «адам біткеннің бауырмал жайсаңы» деп Меңдекешпен таныстырды. Дүйсенбай Мекеңнің бір бөлмесін иемденіп алыпты.

Дүйсен аға әркез уәдесіне берік. Сол әдетімен тағы бір сәтті күні мені Қабиболламен кездестірді. Қабекең – бұл кезде біздің ұстазымыз. Университетті бітірген. Мінезі жібектей есілген, көкейінен шыққан әрбір сөзі сазды да сырлы. Сұлу мүсіні, бекзат болмыс-бітімі көз қариды. Әрбір лекциясын асыға күтіп, ықылас қоя тыңдаймыз.  Сонда да терең танығанға не жетсін?! Сөйтсек, Меңдекеш те, Қабиболла да Кең Жылыойдың Ақкиізтоғай аталатын қасиетті жерінен түлеп ұшқан қос сұңқар екен. Тіпті, әрірек үңілсек, бала  Меңдекешке мектепте дәріс беріп, оның ілкі балауса жырларының қанатын қатайтқан ұстазы да Қабекең екен.

Міне, Алла бұйыртқан осындай берекелі күннің тағы бірінде Дүйсен ағадан: «Ал, дайындал, кешке Меңдекештің үйіне барамыз. Алматыдан Әбіш Кекілбаев келіпті»  деген жан жадыратар сүйінші хабар жетті.

Бұндай кездесуден кім қалыс қалушы еді?!  Бардық. Көрдік. Таныстық. Одан соң Әбіштің өмір мен өнер жөніндегі әсерлі әңгімесіне түн ауғанша құлақ қойып, әдемі әзіл-қалжыңға да кенелдік. Қысқасы, мүлдем ұмытылмас сәт.

%d2%b1%d1%80%d0%bf%d0%b0%d2%9b-%d2%af%d1%88%d1%96%d0%bd-%d2%b1%d0%bc%d1%8b%d1%82%d0%bf%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d2%9b-2

Иә, сөйтіп жүргенімізде 1963 жыл да келіп жетті. Бұл Дүйсенбай институт бітірген, оның сол оқу ордасында өзін білімі мен білігі, талғамы мен талабы жағынан оқ бойы озық дәрежеде, қаламы жүрдек қаламгер, ары таза азамат биігінде көрсете, таныта алған қуанышты жыл болатын. Ашығын айтсақ, онымен жан сарайлары жарасқан қанаттастарының көңіліне  «ертең туған жеріне тартып кетсе, Дүйсенсіз, Дүйсенбай ағасыз күндер қандай болар екен?» дегендей, іштей қимастық сезімін тықпалаған кезең де осы жылдың еншісі еді.

Бірақ, алдағы өмір жолын, талай күн толғап, талай түн талдап, ақыл таразысына салған Дүйсенбай ғылыми ізденісті, шығармашылық ұмтылысты орта жолда қалдырмауды,  күндердің күнінде жүрегімен қалап алған ұстаздық мамандығын да өгейсітпеуді мақсат тұтып, әзірге осы қалада тұрақтап, еңбек қадамын «Білім» қоғамының облыстық бөлімшесінде референттікпен, облыстық радио комитетінде дикторлықпен  жалғап әкетті. Кейін ат басын облыстық  «Социалистік құрылыс» газетінің редакциясына бұрып, сонау он-он бес жасында  «Қазақстан пионерінде» айшықтаған жазу мәнерін, институтта шыңдап, редакция қабырғасында барлық газет жанрында еркін қалам сілтеді. Орыс және әлем классикасының кәусарынан, туған әдебиетіміздің тұнығынан қанып ішіп, үлкен, көлемді дүниелер жазуға әзірлік жасай бастады.

Оның «Ұйқысы көп, ояуы аз, қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жар салған талантты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, ғасыр  жыршысы Жамбыл Жабаев, қазақ совет әдебиетінің Горькийі атанған Сәкен Сейфуллин, орыс әдебиетінің алыптары А.И.Герцен, В.Г.Белинский, М.Горький, тағы басқалар  жөніндегі терең танымдық материалдарын оқырмандар іздеп, тұшынып оқыды. Жас ақындар поэзиясына жасаған шолуы, әдеби шығармаларға  жасаған талдаулары әділдігімен, ондағы азаматтық әуен, уақыт тынысы, заман мен замандас бейнесі хақындағы ашық пікірімен ерекшеленді. Осы орайда Меңдекеш ағамыздың: «Дүйсенбай – біздің бала Белинскийіміз» дейтін пікірінде үлкен шындық бар еді. Оның  Абай атындағы опера және балет театрының біздің өңірімізге жасаған өнер сапарына байланысты ұйымдастырған «Жайыққа Абай, Біржан, Сара келді, әсем ән мен биді ала келді» тақырыбындағы айқарма беттік материалы, облыстық өкпе  аурулары ауруханасының  торакальдық хирургия бөлімінде талантты хирург Марат Темірхановтың өкпеге жасаған тұңғыш операциясы жөніндегі репортажы, тағы басқалар шынайылығымен көптің жадында сақталып қалды. Редакциядағы әріптестерінің кепілдемесімен КСРО Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданып, кейін Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетінің Жылыой өңірі бойынша меншікті тілшісі лауазымын қаламы кемеліне келген қызметкер ретінде абыройлы атқарды. Оның әрбір материалынан ой-өрісінің кеңдігі, білім деңгейі, шұрайлы тілі, өмір құбылыстарын терең зерттеп, зерделейтін қабілеті айқын танылып тұратын.

Осы жерде сәл шегініс жасап, алпысыншы жылдардан бастап Меңдекеш, Қабиболла және Дүйсенбай арасында ерекше сыйластық, ерекше сүйіспеншілікті өзек еткен ұлы достық сезімі қалыптасқанын айтқым келеді. Сырласуға, пікір алысуға асығып тұратын олардың бойындағы осы бір асыл қасиет және оны көру мен сезіну, оған куә болу, басқаны қайдам, мен үшін үлкен өнеге, баға жеткізгісіз бақыт белгісіндей  болды.

Өзінің ең сүйікті ісіне ден қойып, 1965 жылдан 1995 жылдың 27 наурызына дейін М.Әуезов атындағы орта мектепте еңбек етті. Ол осы кезеңде өз мамандығы бойынша ұлағатты ұстаз, қоғамдық міндеттерде іркілмейтін, көсіп айтатын, кесіп айтатын шешен, ойға алғанын түптемей тыным таппайтын кең эрудициялы қайраткер дәрежесіне көтерілді.

«Еңбек ардагері» медалі, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің  үздік қызметкері» белгісі, облыстық партия комитеті мен  Журналистер Одағының  Құрмет грамоталары соны айғақтайды. Бірнеше мәрте облыстық, аудандық және  селолық  кеңестің  депутаттығына сайланып, көптің  сенімін  ақтады, аманаттарын мүлтіксіз орындады. Еліміздің бас газеті «СҚ»-ның  аудандағы штаттан тыс тілшісі ретінде  қаламын суытпай қызмет етті.

Әттең, өмірі ерте қиылды. 1996 жылдың 27 желтоқсанында автомобиль апатынан кейінгі ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Сол аса қиын сәтте Алматыдан қазақтың біртуар ұл-қызы Әбіш пен Фаризаның азалы жеделхаты, Қабиболла Сыдиықұлы ағамыздың «Қайран бауырым, біз сені көре алмастай бақиға кеттің. Жанға сол батады. Сені көрген, білген біздер мен ұрпағымыз барда рухың өлмейді» деген азалы сөзі егілген елді жұбатты.

Бүгін, жиырма жылдан кейін, аяулы жан тындырған сан алуан қызметтің ауқымын таразыға тартсақ, атанның белін майыстыратындай мол қазына, оның мұрындық болуымен атқарылған істер мен ізгіліктерді бағамдасақ, талай ұрпақ ұмытпайтын игіліктердің кең көрінісі көз алдымызға келеді. Солардың ішінен тек біреуін – талай жыл шөре-шөре  болған қасиетті Жылыой атауын қайта қалпына келтірудегі  еңбегін бөле-жара атасақ та төбеміз көкке жеткендей, ата-бабалар рухы риза болғандай емес пе?! Кезінде оған ақын Аманқос Ершуов:

Хасанұлы, нәзіксің де, батырсың,

Сен үшін де басқалар бас қатырсын.

Туған жердің тұл боп қалған есімін,

Қайтарам деп сәтін күтіп жатырсың.

Көзімді ашып көкжиекке кеңірек,

Келешекке айтқым келді сені көп.

Кең Жылыойды келістіріп мақтаған,

Кең Жылыойдың азаматы еді деп… бекер тілеулес болмаған шығар…

Сондықтан, өмірінің соңына дейін аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған  Құлсарыда  не  кіндік қаны тамған, әрі бүкіл саналы ғұмыры өткен Тұрғызбада бір сәнді көшеге Дүйсенбай Хасанұлының есімі, бұған қоса «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағы  берілсе, ол тындырған қыруар игілікті істің өтеуі болар еді. Сонда біз оның халқына, оның жасампаз келешегіне  арнаған еңбегі еш кеткен жоқ деп қуанар едік.

Қаржаубай СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері,

Жылыой және Мақат аудандарының

Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз