Роза РЫМБАЕВА: «Жұлдыз» деген атақты халық береді…»

лЖ лдыз¬ деген ата ты Жаңалықтар

Таныстыруды қажет етпейтін есім. Шын мәнінде жастайынан өнер көгінде жарқыраған жұлдыз. Оның шығармалары – мәңгілік. Қырық жылдан астам уақыт бойы сахнада жүрген оның сахналық образы да, дауысы да, тіпті сырт келбеті де еш өзгермейді. Сонысымен де қадірлі, құрметті.

лЖ__лдыз¬ деген ата__ты

Бізге Роза Рымбаевамен Атырауға келген сапарында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Роза Қуанышқызы, Атырауға қош келдіңіз! Таяуда ғана сіздің әндеріңіздің фестивалі болып өтті. Әңгімені сол шараның жалпы көздеген мақсатына тоқталудан бастасаңыз…

– Рахмет! Бұл шара былтыр бастау алды. Халық шығармашылығы орталығының ұсынысымен ұйымдастырылуда. Қазіргі жастардың музыкасы мен біздің музыкамыз мүлдем бөлек. Менің орындайтыным – кәсіби композиторлардың шығармалары. Оларды кез келген аудиторияға тыңдатуға болады. Әлемнің әр түкпіріндегі конкурстарға қатысып, қазақ эстрадасын, қазақтың дауысын, диапазонын көрсетуге болады. Солардың бірі «Әлия», «Атамекен», «Құс жолы» секілді осыдан отыз-қырық жыл бұрын орындалған өмірлік, кәсіби шығармалар.

Қазір, өздеріңізге белгілі, жастар сахнаға өзі әнші, өзі композитор болып шыға келеді. Ал, олардың музыкаларын сосын тек өздері тыңдайды. Сондықтан, жас буын жоғарыда аталған әндерді өз репертуарларына қосып, өз деңгейінде орындаса, олар үшін үлкен мектеп болары сөзсіз. Оларды талғам деген түсінікке баулып, жақсы музыка мынау деген ұғымды санасына сіңіру. Біздің мақсат та – осы.

– Негізі, сіздің орындауыңыздағы әндерді аға буынға арналған деген түсінік бары рас. Осы ретте бүгінгі қатынасушы жастардың сіздің әндеріңізді орындауға деген көзқарас, талпыныстары қандай деп ойлайсыз?

– Мүмкін, шынымен де, олар осы конкурс кезінде бұл әндерді орындап, басқа уақытта жастар әнін орындайтын болар. Бірақ, бұл музыкаларды орындауға талпынудың өзі олар үшін дәріс алғанмен бірдей.

Мәселен, Бибігүл апамыздың атындағы конкурс бар. Оған опера әншілері қатысады. Апамыздың деңгейіне жетіп орындаудың өзі – үлкен жетістік. Ермек ағаның фестивалі де солай. Бұл – жақсы әндерді жастар жалғастырса деген тілектен туындаған жоба, ешқандай коммерциялық бастама емес, тек жастарға жол сілтеу, бағыттау. Осы жерде бұл шараның осындай жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болып отырған халық шығармашылығы орталығы мен облыс әкімшілігі, мәдениет және құжаттама басқармасының бірлескен жұмысының жемісі екенін атап өту керек.

– Бұл – республика бойынша алғаш рет Атырауда өткізіліп отырған шара. Таңдау неліктен біздің өңірге түсті?

Расында да, республика бойынша бірінші болып осы Атырау өлкесі қолға алды. Ұсыныс солай түсті, біз қабыл алдық. Өзге өңірлерге де үлгі боларлық жұмыс жасалуда. Таланттардың бәрі ел арасында. Соларды таңдау, іріктеу жасаудың өзі – үлкен жұмыс. Бұл жерде осы істің басы-қасында жүрген Амантай Берғалиевтің де еңбегі зор. Қатысушыларға шеберлік сыныбын өткізіп, ақыл-кеңестерімді бердім. Вокал бойынша жақсы ұстазбен дайындалса, болашақтары зор.

– Сіз – қарапайым теміржолшының қызысыз. Бірақ, атыңызды Роза Бағланова апайға ұқсастырып қойғанын білеміз. Бұл – өмірдің өз белгісі ме, әлде ата-анаңыздың «қызымыз әнші болса екен» деген қалауы ма?

– Мен туған жылы Роза апамыз гастрольде болса керек. Осы есім ата-анама ұнапты. Айтуыңыз орынды, шыққан ортам қарапайым теміржолшылар отбасы болса да, анам – музыкаға біртабан жақын болған адам. Ауыл көлемінде қалған талантты жандардың бірі.

Мектеп кезінде-ақ жас әнші атандыңыз. Танымалдылық дегеннің не екенін сізден артық білетіндер аз болар. Сіз шын мәніндегі жұлдыз болдыңыз. Бірақ, асып-таспадыңыз…

Неліктен мен асып-тасуым керек? Сахнада тек өнеріңмен, дауысыңмен, әніңмен ғана жұлдыз екеніңді көрсете біл. Соны көрген халық «Міне, жұлдыз!» деп айтуы керек. Басқа уақытта мен – қарапайым қазақтың әйелімін, анамын.

– Қазіргі таңда жанды дауыспен ән айтатын әншілер азайып барады. «Сахнада тек фонограммасыз ән айтатындар қалуы керек» деген заң шығарылса, шоу-бизнес қандай өзгеріске ұшырар еді деп ойлайсыз?

– Ең аз дегенде елу пайызы сахнадан бірден түседі. Тойларда ән салып, жұлдыз болып жүргендердің біреуінің де жанды дауыста концерт бергенін көргенім жоқ.

– Репертуарыңыздағы  әндерді жанры мен тақырыбына  қарай топтастырсақ…

– Жалпы, эстрада әр жанрлы. Бұл жерде рок та, поп та, диско да бар. Менікі лирико-драмалық бағыт болатын шығар. Себебі, мен «Қызыл өрік», «чип-чип-чип» деп, коммерциялық әндерді орындамаймын.

– Дауысыңыз сахнаға алғаш шыққан кездегіден еш өзгерген жоқ. Сыры неде?

– Шыны керек, сахнаға алғаш шыққан кездегі мен қазіргі дауысым арасында айырмашылық бар. Бірақ, ол физиологиялық өзгерістің, яғни, жастың ұлғаю, ағзаның өзгеріске ұшырауының нәтижесі. Ал, негізінен дауысым – табиғи дарын. Оны қатты күтемін, өзіндік әдісім бар деп айта алмаймын. Ең бастысы, вокалмен жұмыс жасау керек. Әлі күнге дейін ұстаздардан сабақ аламын. Сол сияқты темекі, ішімдік секілді заттарды тұтыну да дауысты бірден құртады.

Жалпы, әуелгі баста дұрыс қойылған болса, өзгермейді. Ал, керісінше, басынан бастап  дұрыс болмаса, ол бірде дірілдеп, бірде қырылдап, өзгереді. Бұрынғы деңгейімді ұстап тұруға талпынамын. Себебі, халық, көрермен – талғампаз. Ән салғаныма 42 жыл болды, дауысымдағы сәл өзгерісті байқаса-ақ, жұрт «Рымбаеваның дауысы бітіпті» деп шулап шыға келеді ғой.

– Дауысыңыз секілді сіздің сырт келбетіңіз де сол қалпы. Алла жазса, күзде сізді мерейлі алпыс жасқа толды дегенде «шын ба?» деп таң қалатындардың аз болмасы анық… 

– Мен – жалпы, көп өзгермейтін адаммын. Табиғатым сондай. Әке-шешем де осындай болған адамдар.

– Ұлыңыз Әли – өзіндік стилін қалыптастырған әнші. Оның мақамы да, аудиториясы да сізден мүлдем бөлек…

– Жоғарыда айтқан, қазіргі жастардың стилі дегеніміз – осы. Бірақ, оның ішінде кәсіби, кәсіби емес деп бөлінеді. Ал, менің Әлиімнің туғаннан оқығаны – музыка. К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің фортепиано бөлімін үздік бітіріп, өнер академиясын да қызыл дипломмен аяқтаған еді. Енді биыл магистратурасын тәмамдауда. 18 жылдан бері осы салада оқып, білім алып келеді. Жазған музыкалары – кәсіби. Қазір маған да музыка жазу үстінде. Киноларға саундтрек жазуды да қолға алып жүр.

– Мәди де өнер саласын таңдады. Сіздің ықпалыңызбен бе?

Мәдидің де осы салада оқығанына 11 жыл болды. Мен екеуінің таңдауына да араласып, жол сілтегенім жоқ. Керісінше, Әлиді әкесі екеуміз ағылшын тілі мен математикадан тереңдетіп оқытсақ дейтінбіз. Алайда, ол музыканы таңдады. Ағасын көрген соң, Мәди де «мен Әли ағам оқыған мектепке ғана барамын» деді.

– Тасқын ағаға дейінгі және кейінгі өміріңіздің арасындағы айырмашылықтар қандай болды?

– Тасқынға дейін мен – баламын, мектеп оқушысымын. Одан кейін музыка училищесінің студентімін. Ал, Тасқынмен  кәсіби сахнада кездестім. Әрине, талантты әншіге кездескен ақылды дирижер әрі қарай дамытып, оң нәтиже шығарады.

– Махаббат – мәңгілік сезім. Бұл – өз өміріңіз арқылы дәлелдеп келе жатқан сіздің ұстанымыңыз…

– Әрине, ол әркімде әртүрлі. Ерте жалғыз қалғандықтан, менің махаббатым – балаларым.

– Бала тәрбиесіне қатысты немесе жалғыздықтан қамығып, екінші рет отбасын құру туралы бір рет те болса ойланған кезіңіз болды ма?

– Жоқ, ондай ой ешқашан болған емес. Ал, «балаларыма ер адамның тәрбиесі, өмірлерінде әкенің орны толмай қалады-ау» деп қорыққан емеспін. Себебі, айналасын қаумалаған аға-бауырлары, нағашылары олардың «әйелдердің ортасында өскен бала» болып кетпеуіне үлес қосты.

– Жалпы, сіз үшін әйел бақыты неде?

– Әйел бақыты – ең алдымен, отбасы. Аналық бақытқа жететіні жоқ. Мен басқа әйелдерге қарағанда бақыттырақ шығармын. Себебі, өнерім де, отбасым да бір арнада. Жолдасым да музыка саласының маманы болды. Балаларым да осы бағытты таңдады. Әңгімеміз де, жалпы жоспарларымыз да бір тақырыпта. Қысқасы, біз – бір ырғақтағы адамдармыз.

Білуімше, сізге осыдан бірнеше жыл бұрын пәтер сыйға тартқан. Жалпы, сахнада, өнерде жүргеннен кейін осындай қомақты сыйлықтар көп бола ма?

– Қырық жылдың ішінде Алматыда төрт пәтер ауыстырдым. Бірінші пәтерімді «Алтын Орфейді» жеңіп келгенімде министр тапсырған. Екінші пәтерімді Димаш аға Қонаев «Халық әртісін» алғанымда берген. Үшінші пәтерімді әкімшілік сахнадағы отыз жылдығыма орай берді. Ал, қазіргі тұрып жатқан пәтерімді өзім сатып алдым.

– Жастайынан қолыңызда өскен қос қызыңыз – қазір өз алдарына бөлек шаңырақ. Сізге қазір үй шаруашылығына кім көмектеседі?

– Бәрін өзім жасаймын. Бөтен адамның қазан-ошағыма араласқанын жақсы көрмеймін. Балаларымның тамағын да, киімдерін де өзім дайындап беремін. Менің отбасым, менің үйім – бұл жеке «территориям».

– Ал, жеке «территорияңызға» заңды түрде бөтен біреу араласса ше? Әже атанар жастасыз, тойдың ауылы алыс емес шығар?

– Менің қатарларымның бір емес, бірнеше немерелері бар. Балам өзі бір күні шешім қабылдап, бір қызды алып келетін болар. Қазір Әлидің жасы 25-ке келді, енді аз қалған шығар деп күтіп жүрмін.

– Ал, Мәди Әлиден  бұрын қолыңызды ұзартамын десе, қарсы болар ма едіңіз?

– Мәди әзірше тек оқуды ғана ойлап жүр. Әрі Әлиден он жас кіші. Бірақ, кім білген? Алайда, балаларыма үнемі «Асықпаңдар, жарды мұқият таңдаңдар. Отбасын құрып алып, ырылдасып, ажырасуға дейін жетіп жатсаңдар, ең қорқыныштысы – сол» деп ақыл айтып отырамын.

– «Пиар ход». Атын шығару үшін бәріне баратын, өздері жайлы түрлі қауесет тарататын әріптестеріңіздің әрекеттеріне қалай қарайсыз?

– Маған бұл жат. Ал, «Атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен жүретіндерді мүлде түсінбеймін.

–  Сіз туралы да арагідік түрлі мәліметтер шығып тұрады ғой.

– Иә, мені «өлтіріп», «тірілтіп» жатады. Олармен ісім жоқ. Кім екенін де білмеймін.

– Өмірді қайта бастауға мүмкіндік берсе, мынаны өзгертер едім деген тұсы бар ма?

– Дәл осы жолмен жүрер едім. Себебі, көзімді ашқанымнан әнші болуды армандадым.

– Ал, сахнадан кету туралы ойлайсыз ба?

– Біріншіден, әзірше кет деп жатқан ешкім жоқ. Халықтың маған көзқарасы еш өзгерген емес, концерттерімде зал лық толы болады. Ал, екіншіден денсаулығыма, дауысыма байланысты. Әзірге, шүкір дейін, дауысым бұрынғыдай. Өзіме өте сыни көзбен қарайтын адаммын. Сондықтан, дауысым сыр беріп жатса, ойланамын.

– Ал, сахнадан кеткеннен кейінгі өміріңізді қалай елестетесіз?

– Әрине, ол күннің міндетті түрде келері анық. Ол кезде немерелерімді бағып, бала-келіндеріме көмектесемін. Шақырып жатса, сахнаға шығамын. Шақырмаса, «мен Рымбаева едім» деп ешқашан өзім келмеймін.

–Рахмет! Шығармашылық шабыт тілеймін!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз