Президенттің еріктілер форумында сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды

Адамгершілік айнасы Ел жаңалықтары Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/12 ақпан, 2020 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты волонтерлар фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысты. ҚазАқпарат Мемлекет басшысының осы шарада сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялайды.

Құрметті достар!

Бүгін бәріміз ерекше әрі тарихи оқиғаға байланысты елордамыздың төрінде жиналып отырмыз. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған маңызды іс-шара. Сондықтан, баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Биыл – Волонтер жылында көптеген ауқымды жобалар қолға алынады. Осы арнайы кеңседе өте маңызды бастамалар жүзеге асады деп сенемін. Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылды. Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет.

Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету. Өздеріңізге тарихтан мәлім, кезінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сол қиын-қыстау уақытта халқымыз оларды бауырына басып, бір үзім нанын бөлісті. Шынайы жанашырлық көрсету – қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер болудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек. Бүгінде дүние жүзінде бұл үрдіс кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналды. Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады.

Ал бізде – 16 мың. Бұл, әрине, аз. Бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – Еріктілер еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде Ерікті болу қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды. Мысалы, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді екен. Біз де осындай деңгейге ұмтылуымыз керек. Азаматтарымыз өзгеге көмек көрсетуден аянып қалмауы қажет. Сол арқылы қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті арттырамыз.

Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік дегеніміз – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету. Еріктілік – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет. Ұлы Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзі осындай игі істерге үндейді. Сондықтан, біз волонтерлікті кеңінен дәріптеуіміз керек.

Береке-бірлігімізді арттыратын шараларға бір ел, тұтас ұлт болып атсалысуымыз қажет. Өзгелердің мүлкін тонап, олардың өміріне қауіп төндірген азаматтар ешқашан халқымыздың патриоты бола алмайды. Мұндай адамдар – заңды өрескел бұзған қылмыскерлер. Олар заң алдында жауап беруі тиіс. Бүгін де еліміздің азаматтары мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі.

Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмектесті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысты. Біздің халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бей-жай қарамаған. Бұған күнделікті өмірден көптеген мысалдар келтіруге болады. Сондай-ақ, «Lider.kz» волонтерлік қозғалысының жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бұл ұйым төтенше жағдайда көмек көрсету үшін құрылған. Оның мүшелері жоғалған азаматтарды іздестіруге белсене атсалысып келеді.

Қазір осы қозғалыстың қатарында бір жарым мыңнан астам ерікті бар. Волонтерлікпен айналысып жүрген «Best for kids» қоғамдық қорының да жұмысы көпшілікке үлгі-өнеге. Бұл ұйым өз қызметін осыдан он жыл бұрын Ақмола облысында бастаған. Содан бері балалар үйіндегі жасөспірімдерге тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Қор жастарға жігер беретін түрлі дәрістер, тренингтер өткізеді. Сонымен қатар жетім балаларға көмектеседі. Міне, осындай волонтерлік ұйымдарды көбейтуіміз керек.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы зор ондаған жалпыұлттық жоба қолға алынды. Волонтер жылының басты ұраны – «Birgemiz». Сондықтан, биылғы барлық бастамалар мен игі істер халқымыздың бірлігін бекемдейді деп сенемін. Мен ұсынған «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт» тұжырымы осындай шаралар арқылы жүзеге асуы керек. Мемлекет Еріктілерге әрқашан қолдау көрсетеді.

Еріктілерге жан-жақты қолдау көрсету керек. Менің тапсырмам бойынша оларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептеледі. Сондай-ақ, волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріледі. Осыған орай, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек, әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлуді тапсырдым. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады.

Волонтерлер еліміздің рухани әлеуетін арттыруға үлес қосуы керек. Мәдениетімізді дамытпай, өсіп-өркендеу мүмкін емес. Сондықтан, осы мәселеге ерекше мән беру қажет. Қазіргі таңда мәдениет және өнер саласындағы жас таланттардың арқасында Қазақстан күллі әлемге танылып келеді. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек, яғни ойы ұшқыр, дарынды азаматтарды барынша қолдау қажет. Сонда ғана төл мәдениетімізді жаңа белеске көтеретін буын қалыптасады.

Қордың жұмысына волонтерлерді де тарту қажет. Олар музей, кітапхана және өнер мекемелерінде өздерінің жобаларын жүзеге асыра алады. Осы шаралар еліміздің шығармашылық әлеуетін нығайтуға мол мүмкіндік береді. Құрметті достар! Сіздер күн сайын ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарып келесіздер. Сол арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосасыздар. Мен еліміздің әр өңірінде волонтер болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Үкімет оларға қолдау көрсету үшін нақты шаралар қабылдады. Біз бұған зор мән береміз. Алайда, Волонтер жылы – кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек.

Еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін. Бұл – ең алдымен, өркениетті Елдің және зор жауапкершіліктің белгісі.

Ғұлама Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» баршамызға өсиет қалдырды. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы дәл осындай мейірімділіктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен волонтер жылында, ең алдымен, еліміздің жастарына зор сенім артамын. Әрдайым абыройлы әрі табысты болыңыздар! Бәріміз Бірге болайық!

Тағы оқыңыз:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *