Пластик бөтелкеден –пайдалы өнім

Жаңа жоба 1 Жаңалықтар

Жаздың аптабында шөл басу үшін міндетті түрде су немесе сусын ішеміз. Ал, оның бөтелкесін қайда лақтырамыз? Әрине, қоқыс жәшігіне! Ал, бір реттік пайдаланатын пластик ыдыстарды арнайы контейнерлерге тастау керек. Мұндай тың бастамаға дағдыланып, қалыпты жағдайға айналдыруымыз қажет-ақ. Неге дейсіз ғой?

Жаңа жоба

Қоршаған ортаның тазалығын сақтау жайы бұған дейін де бірнеше мәрте қозғалып келеді. Аймақты дер кезінде тұрмыстық қалдықтардан тазарту, көгалдандыру, полигон проблемасы еш уақытта күн тәртібінен түскен емес. Өйткені, тау болып үйіліп, өртелген қоқыстың денсаулыққа зияны ұшан-теңіз.

Ал, «ЭкоПластик» ЖШС директоры, жеке кәсіпкер Әзілхан Байбатыров пластиктерді жинап, пайдаға асырмақ ниетте. Күні бүгінге дейін осы салада тәжірибе жинақтап, мәселенің мәнісін тереңірек түсінген ол нақты қадамдар жасай бастады. Облыстық әкімдіктің қолдауымен «Жүректен-жүрекке» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, қаланың кейбір көшелеріне арнайы торлы жәшіктер орнатты.  Мамыр айында басталған науқан аясында «ЭкоПластик» мекемесі – 35, серіктес «Альтайр групп» ЖШС – 60 арнайы контейнер қойды. Мұндай жәшіктердің саны жыл аяғына дейін екі жүзге жетпек. Әрине, ол да қаражатқа байланысты.

– Жеке ісімді бастамақ оймен салада 15 жылдық тәжірибесі бар ресейлік Роман Себекин деген бизнес иесімен кездестім. Өндіріске барып, күн сайын шығып жатқан тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, одан қажетті зат шығарып жатқанын өз көзіммен көрдім. Пластик, шыны, қағаздан тас, жол жиегі мен белгілері, жалпы саны өнімнің 30-ға тарта түрін өндіреді екен. Бұдан басқа, резеңке өнімнің неше түрі әзірленеді, – деген Әзілхан Нұрбергенұлы қазірде жиналған төрт тоннаға тарта (2 тонна – бөтелке, 2 тонна – пакет, целлофан) «шикізат» арнайы машинамен нығыздалып жатқанын айтты.

Кәсіпкердің айтуынша, жиналған пластик бөтелкелерді цехқа тасымалдау да оңай болмай тұр. Көпшілігі көлігін бүлдіргісі келмейді. ГАЗельмен бір шетке жету құны –  15 мың теңге. Сондықтан, жұмыстың басым бөлігі ерікті жастардың көмегімен іске асып жатқан көрінеді. Адал еңбектің қашан да қайтарымы бар ғой, жақында «Теңізшевройлдың» «Жарқыра» жобасымен автокөлік ұтқан бизнесмен қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, оған пресс-машина сатып алған. Осылайша, бастапқы кездегі қағаз күйіндегі жоба біртіндеп ақиқатқа айналып келеді.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

– Әзірге тек тұрмысқа қажетті химиялық қоспалардың ыдыстары мен пластик бөтелкелерін, целлофан, пакеттерді ғана нығыздап жатырмыз. Ал, йогурт-тың қорапшасы мен түрлі пластикалық ойыншықтарды пресс-теуге құны 7 млн. АҚШ доллары тұратын арнайы аппарат алу керек, – дейді бізбен әңгімесінде Әзілхан Байбатыров.

Сондай-ақ, бұл бастаманың жүзеге асуына тұрғындар да атсалысуы тиіс. Біріншіден, олар торлы жәшіктерге пластик бөтелкені ғана салғаны жөн. Себебі, жұртшылық әлі күнге дейін мұндай урналарға тұр-мыстық қалдықтарды да тастап кетеді екен. Екіншіден, қалада контейнерлермен қоса жиналған пластиктерді ұрлау деректері де кездесетін көрінеді. Ал, бір рет қолдануға арналған бөтелкелер екінші жағдайда қолдануға болмайтынын жадымыздан шығармағанымыз абзал. Осы орайда, халық арасында түсінік жұмыстарын көбейту мақсатында «ЭкоПластик» ЖШС, «Жүректен-жүрекке» еріктілер тобы, облыстық табиғи ресурстар және жер қойнауын пайдалану басқармасымен бірлесіп арнайы акция да ұйымдастырды. Жұртшылық көптеп шоғырланатын Нұрсая ықшамауданындағы жергілікті полиция ғимараты мен «Дина» базарындағы «Технодом» сауда үйінің жанында ақпараттық науқан өткізіліп, арнайы жәшіктер қойылды.

– Рас, қазір проблеманың түп-тамырына ешкім үңіле бермеуі мүмкін. Бірақ, бұл біздің болашағымыз үшін аса қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бірінші кезекте құрылыс жұмыс-тарына керекті төбенің жабынды материалын жасап шығарсақ дейміз. Себебі, қаланы абаттандыруымыз керек. Қарапайым қоқыс-қалдықтан жол жиектасын да өндіруге әбден болады. Көрші Ресей Федерациясында тұрмыстық қалдықтан жылыжай құрылысына қажетті материал дайындайды.

Дегенмен, алғашқы жинағымды пластиктердің бір келісін  100 теңгеден Ресейге саудалауға келісіп келдім. Өйткені, қарамағымда үш айдан бері еңбекақы алмаған қызметкерлер бар, – деді Әзілхан Нұрбергенұлы.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз