ПЕРИНАТАЛЬДЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Атырау облысында соңғы үлгілермен жабдықталған, бүгінгі күн талабына сәйкес келетін перинатальдық орталықтың болуы  күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі болатын. Екі жылға созылған облыстық перзентхананы перинатальдық орталық етіп жабдықтау және күрделі жөндеу жұмысы аяқталып, кеше жаңа ғимарат пайдалануға берілді.

 

– Облыс орталығында мұндай орталықтың ашылуын ана мен балаға жасалған қамқорлық деп түсінеміз. Біз үшін әрбір ана мен бала – маңызды, құнды. Сондықтан, мен бұл жерді өмір бұлағындай сезінемін. Осындай өмір бұлақтары көбейе берсін! Облыстың көптеген баласы осы жерде дүние есігін ашты. Олардың барлығы да аман-есен ержетіп, Абай атамыз айтқандай, «дүниенің кетігіне кірпіш болып қалансын» деді салтанатты шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Айта кетейік, жаңа орталық КТК-Қ компаниясы Кеңейту жобасының демеушілік қаражаты есебінен салынып отыр. КТК-Қ Кеңейту жобасының қазақстандық бөлігінің жетекшісі Кристен Брикстонның айтуынша, бұл – консорциум білім беру және денсаулық сақтау саласында қолға алынған үш жобаның бірі болып табылады.

Сондай-ақ, перинатальдық орталықтың ашылу шарасында ақ халатты әріптестерінің атынан сөз алған мекеменің жансақтау бөлімінің меңгерушісі Аққали Жанаев осындай заманауи ғимараттың салынуына күш салған тараптарға ризашылығын білдірді.

Өткен ғасырдың 70-жылдары салынып, 1978 жылы пайдалануға берілген, содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген облыстық перзентхананың адам танымастай өзгергенін оның бірнеше қабатын аралап шыққан қонақтар өз көзімен көрді. Бұл жолы ғимараттың шатыры мен техникалық бөлігінен бастап, бастан-аяқ жөнделіп, барлық су, тоқпен қамту, газбен жабдықтау, желдету, өрт сөндіру, тағы басқа жүйелеріне дейін жаңартылған. Істен шыға бастаған ескі сатылардың орнында жаңалары тұр.

Сондай-ақ, перинатальдық орталықтың стационарлық блогы 250 төсекке негізделген. Бес амбулаторлық блок бар. Оның ішінде, акушер-гинеколог, терапевт, аллерголог, балалар хирургі, балалар неврологі, окулист, педиатр, неонатолог, психолог, логопед пен дефектолог сынды мамандардың жұмысы қарастырылған.

Құралай  ҚУАТОВА.

Суреттерді  түсірген  Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз