Қошалақ жұмбағы

Қошалақ жұмбағы Жаңалықтар

(Үзінді)

Құрманғазы ауданында «Қошалақ» деген жер бар. Оны білмейтіндер исі қазақта кемде-кем. Өйткені, ол – қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің туған жері. Қошалақтағы «Ашақ соры» – ақынның атакүлдігі. Біз осы жер атауына байланысты қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің жазғанын оқырман назарына ұсынуды жөн  көрдік.

Қошалақ жұмбағы

Әбіш  КЕКІЛБАЕВ,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Қайсарлық

Бір жоқты бір жоқ іздеп табады деген. Оған бірер жыл бұрын Нарынға барғанда көзіміз анық жетті. Ең алдымен, қырық хан, қырық мешіті бар Қырымға кісі өлтіріп, қырғыздан қашып келетін ер Тарғын еске түседі. Ақша ханның еркетотайы Ақжүніс сұлу оған: «Әкем мені қайдағы бір ханзадасымаққа жөнелткелі жатыр. Алып қаш!» – деп қиғылық салады. Батырлық тақсіретіне ғашықтық тауқыметі қосылады. Жүз жасаған Сыпыра жырау екі ғашыққа «Жанарыс жақтағы Үш Тарғын тауы» деген жерді бергізеді. Олар қыстап-жайлап, «мысыр еткен» қоныс содан «Ақжонас» атанады.

Ол XIX ғасырда қазақтардың қолына қайта түседі. Соны естіп, Тайсойғаннан Жайық өтіп, Өтеміс батыр көшіп келеді. Бұрын жеткендер малын қуып, суатқа жолатпайды. Адуын жолаушы жолын бөгеген қойшы-қолаңды сықпыртып сабай жөнеледі. Мұны естіп, ауыл иелері жетеді. Сөйтсе, дүрліктіріп жүрген – Қосуан деген қыздарын алған өз күйеулері екен. Алдап-сулап көңілін табады. Сүйінішқали төре 1816 жылы сол Өтемістің, қалың қолмен келіп үйін үптеп кетеді. Жауқазын Махамбет ақынның ұлпа жүрегінде алғаш рет ереуіл отын түтеткен әлгі содыр оқиға болған Ақжонас алабындағы Дүңгірлектің тауын көруге барсам, дәл басына: «Бұл арада ұлы сазгер Құрманғазы туған»  деп жазылып қойылыпты. Ол аз дегендей, жастайымыздан жолдас болған Жұмекен досым да Махамбет, Құрманғазылармен бір тақырда асық атып, бір құмақта құмаршық терген болып шықты. «Міне, керемет!» деп таңғалып, «Е, бәсе!» деп талай нәрсеге көзім жеткендей болып, қаралай тебіреніп кеттім.

Иә, әлгі Махамбетті туған Қосуан анамыздың төркіні алаша ауылы еді. Сол ауылдан шыққан Нәжімеден қарияны бүкіл Нарын елі әліге дейін аңыз қылып айтады екен. Өзі де сол эпос заманынан бүтін жеткен сом асылдың сойынан секілді. Жалғыз баласы Сабыр майданға аттанғалы жатқанда, ол жарықтық Ашақ-Мәші сорына ертіп апарып, аяғына биік тақалы әмірқан етігін кигізіп, тұзы шығып жатқан жентек сазға із түсіртіп алады. Тайға басқан таңбадай сайрап түскен сыңар ізге атына өңгеріп әкелген темір қазанды төңкереді. Онысы – жаңбыр жауса, әлгі ізді су шайып кетпесін деген амал еді. Бір жағынан, «қан майданнан балам атамекеніне аман оралсын» деген тілекші ырым болса, екінші жағынан жалғызын сағынғанда іздеп барып, көріп мауқын басатын көз жұбаныш еді. Расында да, бұл тек ақын көкіректен шығатын тосын тапқырлық еді.

Жұмекен әлгі ай тақырда ізі қалған Сабырдың артындағы жалғыз ұлы, ал,  Нәжімеден кемеңгердің бауырына басып, тұлымшағынан иіскеп, жанына медет етіп өткен жалғыз немересі еді. Жесір анасы мен кәрі атасының жайын ойлаған Жұмекен 1954 жылы мектеп бітіріп, мұғалім болып, ауылда қалады. Ал, 1955 жылы жазды күні шілдеде қайран ата: «Қаққан қазықтай алысқа аттатпай жатқан мен о дүниелік болып барам. Анаң мен жарың жастар ғой. Аяғыңнан оратылмас. Не көрсе де бірге көрер. Бағыңды сына. Жолыңнан қалма!» деп көз жұмады…

Ашақ-Мәші хикаясы

Атақ-даңқ дегеннің болмай кейде көбі адал,

Герострат даңқындай,

дақ боп кейде қалады ол.

Әлі күнге бір сыпсың тарайды сол даладан,

Әлі күнге бір суық еседі сол моладан.

Ағайынды екі адам:

Қымыз ішіп, қыз құшып,

атақ үшін, ақыры кетісіпті ызғышып.

Көрмегенді көне көз

көне аңыздан сұрасақ:

екі еріккен өтіпті, бірі – Мәші,

бірі – Ашақ.

Не істемеген адамдар дүние үшін бұ қараң,

ал, атағы үшін сол дүниені де құраған.

Мәші айтады бір күні:

«аулақ етсін күнәдан,

Мәші есімін көр де тұр, даңқты етіп шығарам».

Екі көзі жасаурап:

«Мен де…»  дейді сонда Ашақ,

Жорға күрең-төбелін жалғыз аяқ-жолға сап.

«Жоқ, мен», – дейді Мәші аға,

О, жасаған, жасаған,

О, жасаған, қуыс көз-құмарлыққа мас адам

«Мен», «мен» десті «мен!» десті,

Кесір егес, кері егес –

Ей, ерегес, ерегес, мен-мендіктер, ерегес?

Қадалысты екеуі – қатал қабақ, жат ары –

Қайсысының бірақ та бұрын шықса атағы,

Сөз байласты қалсын деп «тауарықта» сол ғана,

екіншісі болмаққа біріншіге қолбала.

Ал, халықты ұмытты,

Әппақ шелге тұнып, құр

Түк көрмеді көздері, уа құмарлық, құнықтыр!

Атақ, даңқ кім үшін?

Бос қуыс сөз далбаса,

есімді елеп ел өзі ауызына алмаса!

Құдай өзің дәме бер,

Бермесең де емексіт,

Бал болмаса дәме-үміт, су да емес-ау, демек, сүт.

Ашып кетті сүт-үміт,

Қашып кетті көкжиек,

ауық-ауық аулақта ішін тартты жел өксіп.

Менің туған жерімнің тікенінде де ұят бар –

Тікенімен тырысып теріс айналды қияқтар.

Менің туған жерімнің қаңбағында салмақ бар,

Қабырғасы ырсайдай

ақ тікенді бір сайға жасырынды қаңбақтар.

Бір бәйтерек тереңнен, шығар-ау деп ұмтылып,

демін ішке ап сары бауыр ұйып қалды құм тынып.

Грек мифіндегідей, қалтарыстан, тасадан

найза ұштары шықты өсіп.

Ал, азамат, асы адал

арыңды әкел дегендей, жау қаптады, не шара,

ду-ду етті дала үсті, жабылғандай аш ара.

Аспан кетті шалқайып көгістене, қасара

Қасарды деп, ей, тағдыр қарау үкім жасама:

сұспен күлді сұр болат,

Ашақ – Мәші қайда әлгі,

Алсын атақ-даңқты

ашсын-дағы майданды!

қарсы шапты Мәші, рас,

ұшқындар, ал шашырас!

Көрінді елдің досы – дос,

Қара бауыр қасы – қас,

бақайшағы – қара тас,

бағы батпақ, басы – бас,

қарсы шапты Мәші, рас,

Құр шабыста мақсат не:

Күші басым жау оны байлап алды әп-сәтте.

Жеңі ұшынан жел тұрып, жеңісіне мастанған

атылады Ашаққа жау батыры жас тарлан,

Ашақ тұра қашады

атақ-даңққа аш әлі,

Қуып жетіп жау сонда желкесінен басады,

Лақтырғанда Ашақты жауырынынан шанышып –

Қорқақтың да шырқырап көкке шықты жаны ұшып.

Елдің жалын жапырып бітті солай жау ісі,

Ашақтың тек қалды өшпей «сауғалаған» дауысы…

Тірі қалған шал, кемпір итке тағар қарғы ұстап,

Жалғыз көмген Ашақты сол төбеге қарғыстап.

Мәшіні ешкім білмейді – ұмыту боп соқты сәт

Түтіндей де алмады шала жанған от құсап,

Саныңды құр соғасың,

ойласаң мұң боласың –

аты шықты Ашақтың: Әне, «Ашақтың моласы!»

Қоңыр төбе жусанды. Жалпақ шағыл түбінде

Жатыр Ашақ моласы – қауым болған бүгінде.

Арын қорғай алмаған,

Сыйламаған әрі елін

Қорқақтар мен сатқындар емес, рас, бәрі оның.

Қалай Ашақ атанды?

Көне әңгіме, ескі үн бұл, –

Қалай өлді сол Ашақ? –

Жұмысы жоқ ешкімнің.

Өлген жанын алыс ел ару жуып, ақ тілеп,

Сол қауымға тасиды топырағы қатты деп.

Неге қатты топырақ – құм ғой маңын қоршаған –

Ұғар еді өткенді ой көзімен көрсе адам:

Жиіркеніп Жер байғұс өкінішті бір мұңмен

Ашақ үшін тас болған шығар, бәлкім?

Кім білген.

Қарттар кескен ақ үкім – қарғы,

қарғыс – бәрі ұмыт,

арын басқан күнәдан Ашақ жатыр арылып,

Алапестен өлгендей жан жуымас деп еді,

Жазасы еді сол елдің жалғыз көмген себебі.

Дәстүрдің ең жаңасы –

Жұрт байлығы, ел асы,

Ұмытшақтау ауылым бар – ақ көңіл ғой шамасы.

Ымырт шақта көрінер қарауытып, қарашы –

Топыраққа қорлық-ау сатқындардың моласы!

«Ез ұятын топырақ артар» десе – дәл ұғым:

Қызарады кеш сайын менің әппақ шағылым.

Жау аттаған жерлерде адам бар ма сау іші,

Қайтушы еді қашанда жауыз болмай жау ісі:

Тыншымасын деген ғой, құмның ары мәңгілік,

айсыз қара түндерде жел көтеріп жаңғырық,

еміс-еміс естіліп, құлаққа ұрар қаңғырып

әлдекімнің ышқынып «сауғалаған» дауысы…

Ғарифолла  ЕСІМ,
академик.

«АРЫН БАСҚАН КҮНӘДАН АШАҚ ЖАТЫР АРЫЛЫП»

(Ашақ-Мәші хикаясы туралы)

Парадокс! Осы сөзді алғаш рет кім айтты екен? Мықты сөз, мағынасы таң қалу. Мен де таңғалып отырмын. 2013 жылдың жазында Жұмекен Нәжімеденовтың кіндік қаны тамған жері Қошалаққа барғанда серіктестерімнен «Ашақ» деген жер атауын жиі естідім, бірақ, Ашақтың мәнісін ешкім түсіндірмеді, мен сұрамадым. Мені қызықтырған, ақынның жиі айтатын Қошалағы. Жуырда Жұмекеннің жеті томдық шығармалар жинағын тағы бір қарастырғанымда «Ашақ-Мәші хикаясына» назарым ауды.

Ашақ және Мәші деген ағайынды адамдар өмір сүріпті, бірақ, олар атақ-даңқ деген мәселеге келгенде, бір-бірімен тіл таппаған көрінеді. Олар мен-мендесіп, атақ пен даңққа құмар болғанымен, тағдыр олардың шын мәнісінде кім екендерін анықтап берген. Жаугершілік заманда ел шетіне белсеніп дұшпан келгенде Мәші ерлік жасап көзге түседі, бірақ, жау қолынан жекпе-жекте қаза табады, ал, Ашақ болса жан сауғалап, қорқақтық жасап қырғыннан аман қалған кемпір-шалдың қарғысына қалады. Алайда, ел аузында ер Мәші емес, қоян жүрек Ашақ қалған. Бүгінде Ашақ – жер атауы, Ашақ деген сортақ көл бар. Ақын осы мәселе туралы былайша толғайды:

Қалай Ашақ атанды?

Көне әңгіме, ескі үн бұл, –

Қалай өлді сол Ашақ?

Жұмысы жоқ ешкімнің

(2-т., 307-308-б.)

Ақын аңыздан әділеттік іздеп, оны таппаған. Қазақ қарғыс айтқанда «атың өшкір» деуші еді. Мұнда, керісінше, Ашақтың аты өшпей, күніне сан рет айтылуда.

Жұмекен туған жерін жетік біледі, оның өз топырағы туралы философиясы биік, ол «Менің туған жерімнің тікенінде де ұят бар… Менің туған жерімнің қаңбағында салмақ бар» дейді. Қаңбағы салмақты, тікені ұятты – бұл әншейін метафора емес, ақынның туған өлкесімен үндестігі, бірақ, оның ел жадында сатқындық қалғанына таңы бар.

Менің сөз басында парадокс дегенім – осы. Ел есінде ерлер емес, сатқындар, ар сатқындары, зұлымдар неге қалады?!  Ашақ әңгіме басы ғана, әрі қарай тереңірек кетсек, Александр Македонский, Шыңғыс хан, Наполеондар да Ашақтар емес пе? Олар ар сатқындары емес пе? Атақ пен даңқ үшін миллиондап жазықсыз жандарды, олардың армандарын, үмітін қиғандар Ашақтар емес пе? Қазіргі ұрпақ оларға неге ескерткіштер қоюда? Жұмекен мәселенің түп-тамырына үңілген.

Сатқындық деген не? Ол – ел қарғысы. Жоғарыда аты аталған жауыздар елдердің, халықтардың қарғысына қалмап па еді? Соғысқа құмарлықты да адам баласына жасалатын сатқындық деп санаймын. Сатқындықтың зоры – соғыс. Соғыс болған жерде әділеттілік жоқ.

Атақ пен даңқтың көбісі адал емес, оның дені адамзат тарихында дақ болып қалмақ. Мәші жауға шауып мерт болды, Ашақ жан сауғалап жүріп, ел қарғысына қалды, алайда, Мәші аты ұмытылды, Ашақтың аты бүгінге жетіп отыр, ал, оның сатқындық жасағанын ешкім елеп жатқан  жоқ.

Шағыл емес, қызармайтын адамдар емес пе? Шағыл деген – құм. Құм – тазалық, ол – метафора, сондықтан мен:

Шағыл құмдар көшеді,

Өшетіндер, өшеді.

Мен сенемін,

Әрбір шағыл түбінен

Жұмекендер өседі.

Ақ шағылда Ашақ деген дақ бар екен. Бірақ, ақын айтқандай:

Құдай өзің дәме бер,

Бермесең де, емексіт (306-б.) – демекші, Ашақтың да келешектен «дәмесі» бар. Жұмекеннің «арын басқан күнәдан Ашақ жатыр арылып» деуінде мұсылмандық негіз бар. Адам – пенде, Жаратушымыздың кешпес күнәсі жоқ, Ашақтың есімінің бүгінде жиі айтылуы, оның күнәсінің өтеуі, тазаруы, бұл да Тағдыр жазуы. Болған іс болғанымен, Ашақтың әппақ шағылдан дәмесі болған шығар, оның күнәсін құм шайып, арылтып, тазартып жатқан болуы керек, сірә, бәрін білуші бір Алла!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз