Ортеке – қазақтың этномәдени бренді

Жаңалықтар Мәдениет Рухани жаңғыру Руханият Ұлы даланың жеті қыры

Atr.kz/8 шілде, 2019 жыл. Домбырашының он саусағынан төгілген күмбір күйге өнерпаздың алдындағы ағаш жануар билеп қоя берді. Әсем әуенге елтіген жұрт шанақтан төгілген күймен үндесе қимылдаған қуыршақтарға тәнті болуда…

 Биік тау, құзар шыңдарды мекендейтін Ортеке атты жануар бар. Еркін өскен оның негізгі мекені – тау­лар. Тұрқы төрт түліктің бірі – ешкіге ұқсас болғанмен, ерекшелігі көп. Мүйіздері семсер тәрізді сәнді. Әрі жауынан қорғанатын қаруы. Тұяқтары құз- қиядан таймайтындықтан, шынар құз басында еркін жайылып жүреді. Осындай ерекшелігіне қарай «Ортеке» қазақ мәдени тұрмысындағы саз аспаптарында ойнатыла­тын, қуыршақ өнерінің бір үлгісіне айналды.

«Қуыршақ ортеке» – көбіне ағаштан жасалатын ойыншық бұйым. Ол арнайы жасалған тұғырға орнаты­лады да домбырашының саусағына жіппен байла­нады. Күйші аспапта ой­най бастағанда, пер­не басқан саусақтардың қозғалысымен қуыршақ әсем биге баса жөнеледі. Қазақтың ұлттық қуыршақ өнеріндегі «Ортеке» билету өнері ХІХ ғасырдың басын­да қазақ даласында кеңінен таралғаны кейбір деректер­де көрсетілген.

Табиғатпен сырлас өскен қазақ халқы жаратылыстың өсіп-өнуін, түрленуін, өзгеруін қимыл-қозғалысын жіті бақылап, оларды ән мен жырға, ертегі мен аңызға арқау етті. Күйші Абдулхамит Райымберге­нов: «Қазақтың «Жезкиік», «Аңшының зары» атты күйлерінің туу тарихы аңыздан бастау алады. Екі күй де аңшылықты кәсіп еткен мергендер жайлы айтылады. Тойымсыздық бойын билеген аңшыларды ақыр соңында аңның киесі ұрады делінеді. Аңыздың астарына үңілсек, халықтық наным-сенімге жақындайды. Осы сияқты ортекенің шығу тарихы да халқымыздың на­ным сеніміне қатысы болуы мүмкін» деген болжамдар айтады.

«Ортекенің» тарихы туралы нақты ғылыми деректер кезде­се қоймағанымен бүкіл түркі халықтарына тән. Мәселен, туысқан қырғыздарда ортеке «тақ-теке» деген атпен кең тараған.

«Ортекені» тек дом­бырада ғана емес, ішекті аспаптардың бәрінде ойнатуға болады. «Ортеке – қазақтың көне қуыршақ театры. Ерте заманда балаларға домбыра үйретуде оларды қызықтыру үшін осы қуыршақ қолданылған. Қазіргі күнде де ортекеге де­ген қызығушылық жоғары. Әуелде ортекені домбыра­да ойнатқан, ал, кейіннен жетігенге қосып билеткен.

Ортеке әртүрлі көлемде жасала береді. Шебердің ой- қиялына байланысты түрлі атаулар қойылып, аспапта ойнатылады. Күйші Абдулха­мит Райымбергенов: «Бұрын бір мезетте үш ортекені – «ата ортеке», «әке ортеке», «бала ортекені» ойнатқан. Бір адам ең көп дегенде төрт ортекені саусағына ілінген жіптер арқылы басқарып, күй ырғағына билете алады» дейді. Ал, атақты күйші, домбырашы Мұрат Өскенбаев «Сегіз лақ» күйін тартқанда, сегіз текені тұғырға орнатпай-ақ жерге қойып ойнатқан екен.

Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ортеке ойнатудың өзіндік тех­никасы бар. Ол шырша, үйеңкі, қайың сынды қатты ағаштарынан жасалады. Ортекенің бірнешеуін ойнатқанда олар бір- біріне ұқсамайтын «би» қимылдарын жасауы керек. Бұл –құрастырушының логикасына тікелей байла­нысты болып келетін ереже. Ортекенің қозғалып тұруына арнайы астына тұғыр дау­ылпаз жасалынады. Тұғыр ағаштан құрастырылады және сырты матамен қапталып беткі жағына түрлі ою-өрнектерді әсемдейді. Әшекейленген тұғыр ішіне ортасынан темір сым өткізілген таяқша қойылады. Темір сымның екі шеті иіліп, біріне қуыршақ бекітіліп, біріне домбырашының саусақтарына ілінетін жіп жалғанады. Тұғырды тесіп, жіп сыртына шығарылады. Жіпті тартқан кезде темір сым қозғалып, ортеке би­лей бастайды. Қуыршақ тепе-теңдігін сақтау үшін бауырынан ілінген сым жан- жаққа ауытқымайтындай өлшемде қақ ортасына орна­ласуы керек.

Саусақтардың жоғары, төмен қозғалуына орай ортеке әртүрлі қимыл жа­сап билейді. Қуыршақты құрастыру жағына келетін болсақ, шебер алдымен оны жасау үшін ағашқа суретін сызып алады. Тақтайдағы сұлбаны арнайы станокпен ояды. Ойылған сұлба бәкіме қырылып тегістеледі. Дене мүшесі бірнеше бөліктен тұрады. Бас, кеуде, жілік, сирақ. Қозғалмалы етіп құралып, жіңішке жіппен біріктіріледі. Жасалған жіңішке жіп домбырашының саусақтарына байланады. Түрлі-түсті бояулармен бояп, сәндеп көрермен алдына алып шығады.

Ортеке үлкен сахналарға арналмағандықтан, көбіне шағын көрермен аудитория­сына ұсынылатын қызықты сауықтың түріне айналған. Ол сирек орындалатын жанрлық қойылым болып саналады. Оны алғаш рет «Мұрагер» республикалық фольклор сазды ансамблі 1984 жылдан бастап ел ара­сында насихаттай баста­ды. Қазіргі күні ұлттық му­зыканы дәріптеп жүрген «Тұран» ансамблі 2010 жылдан бастап ортекені сахнаға алып шығып, билетіп жүр. Сондай-ақ, ансамбль ортекені Венгрия, Қытай, АҚШ, Ресей, Франция, Испания, Түркия елдеріне та­ныстырып келді.

Белгілі ғалым Ахмет Жұбанов «Ортеке – қазақ қуыршақ өнерінің баста­уы» деген. Ерте кезден қалыптасқан мәдениет бүгінгі күнге дейін жалғасын тау­ып келе жатқаны қуантады. Алайда ортеке билету өнерін үйрету мен оны жетілдіруді музыка зерттеушілері, қолөнершілер мен қуыршақ театрының мамандары әлі де дамыта түссе дейміз. Себебі ол – Қазақтың этномәдени бренді.

Венера ШАПИКОВА,

облыстық тарихи музейінің маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *