ОЙТҮРТКІ: «Пайда ойлама, арды ойла…»

akjaik ashik sabak kairimdilik Жаңалықтар

Аtr.kz/26 сәуір, 2020 жыл. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ- нің түлегі, белгілі журналист Нұрым Ерғалиев облыстық «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынба­сары қызметіне кірісті. Ол осыған дейін Балықшы аудандық «Каспий таңы», Құрманғазы аудандық «Сер­пер» газеттерінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Исатай аудандық «На­рын таңы», Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеттерінде бас редактор, «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасында әдеби ре­дактор қызметтерін атқарған. Біз әріптесімізге шығармашылық табыс тілей отырып, төмендегі мақаласын оқырмандар назарына ұсынамыз.

 Қазір барлық әлем жұртшылығы адамзат баласына қауіп төндірген қатерлі дерт – пандемияға қарсы күресте күш біріктіріп, тажалға тосқауыл қою жо­лында жұмыла жұмыстануда. Әсіресе, індет ошағына айналған Еуропа елдеріндегі жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Тасқындаған ақпараттар ағыны аурудың таралуы, жаппай кісі өлімі туралы жайсыз хабарлар­ды жеткізіп, адамдар үрейге бой алдырған. Аурудың ал­дын алу бағытында алынып жатқан ауқымды шараларға қарамастан ауру жұқтырған адамдардың күн санап көбеюі кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Сондықтан төтенше жағдайға байла­нысты елдегі қалыптасып отырған жағдайға, уақытша қиындықтарға түсіністікпен қараған дұрыс.

Экономиканың күре тамыры – мұнайымен даңқы шыққан Атырау жұртшылығы да сын­дарлы кезеңнен сүрінбей өту мақсатында карантинге бай­ланысты қатаң талаптарды ба­рынша сақтап, қатерлі дертті бірлесе еңсеруге ден қойған. Ауруды ауыздықтаудың төте жолы – қарапайым жеке бас гигиенасын сақтау, адам­дармен қарым-қатынасты шектеу, оқшаулану екендігін ж е т е с е з і н г е н а й м а қ тұрғындары уақыттарын от­басымен бірге өткізіп, рухани құндылықтармен сусындауда.

Әрине, төрт қабырғаға өне бойы қамалып отырудың да жүйке жұқартары бар. Соған қарамастан аңсары далаға ауып тұрған ойын балала­рына үйде айналысуларына ермек тауып беріп, мазмұнды да, мағыналы өмір сүру дағдысын қалыптастырып отырған отбасылар аз емес. Бұл орайда қашықтан оқыту бағдарламалары да өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.

Алайда, қауіпті дерттің та­ралуын тежеу мақсатында еліміз бойынша жарияланған төтенше жағдайға қарамастан сақтық шараларын елең қылмай, ауа жайылып жүргендер жеткілікті. Нақты деректерге сүйенсек, осы күнге дейін Атырау облысы бойынша 500-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Белгілі жәйтті қазбалап, мұндай сүреңсіздеу статистиканы сараптап, цифр қумай-ақ аймақтағы ахуал онша еместігін бағамдауға болады. Ақпараттық құралдар арқылы аты жаман аурудан сақтану жолдары туралы егжей-тегжейлі жазылып жатса да, ескертуге құлақ аспай, індет қаупін сезінбей еркінсіп жүргендер де аз емес. Тіпті, өмірдің сан сынағынан өткен аға буын өкілдерінің өзі: «мың күн қырғын бол­са да, ажалды өледі» деген мақалға малданып, «бәрі бір Жаратқанның қолындағы іс, сақтансаң да, сақтанбасаң да өз еркің» деген сыңайда кер­тартпа әңгіме айтатындарын қайтерсің? Әрине, Алла ісіне күмән келтіріп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, сақтанғанды Құдай сақтайды дегенді де естен шығармау керек.

Өткен бір әзірде танымал қазақстандық эстрада әншісі Нұрлан Еспанов: «коронави­рус деген жоқ, ол бос әңгіме» деп сәуегейлік айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарғаны бар. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегендей, кейіннен тікелей эфирде сұхбат берген әнші «жаздым, жаңылдым» деп халықтан кешірім сұрап, өзінің пандемияға қарсы күреске үлес қосып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүргенін айтып ақталды. Мұндай жөн-жосықсыз а й т ы л ғ а н а л ы п қ а ш п а әңгімелер қарапайым халықтың санасын улайты­нын қаперде ұстаған жөн. Жылдам хабар алғызатын әлеуметтік желілерде де дұрыс болсын, бұрыс бол­сын, қатерлі дертке байла­нысты өз тұжырымдарын тықпалаған жазбалар жетіп артылады. Тіпті, пандемия- ны қолдарына көзір етіп ұстап отырған экономикалық бәсекелес мемлекеттер арасындағы саяси ойын деп сыңар езулейтіндер де та­былады. Сәт сайын аранын ашқан ажалмен бетпе-бет келіп, адам өмірі үшін ар­палысып жүріп, қауіпті ви­рус жұқтырған дәрігерлерді де «мемлекет тарапынан берілетін қомақты қаржыға қол жеткізу үшін ауруды әдейі жұқтырып жатыр» деп орынсыз жазғыратындар да жоқ емес. Бұған енді бірдеме деп айтуға сөз жетпейді. Ар алдындағы обал-сауа­бын бір Аллаға тапсырдық. Шынтуайтқа келгенде, қазір буынсыз жерге пышақ ұрып, қысыр сөзден қуырдақ қуырып отыратын заман емес, ортақ «жауымызға» тегеурінді соққы беріп, күш біріктіретін сындарлы кезең. Осыны түсінуіміз керек.

Қашанда елімен бірге Ел­басы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» де­ген мақаласында: «Біз бұл қиындықты халқымыздың төзімділі г і , ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізде қажетті нәрсенің бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ» дей келіп, Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаевтың Үкіметпен бірлескен нәтижелі жұмысына оң баға берген болатын. Бүкіл әлем елдері сияқты Қазақстанға да төнген ауыртпалықты талай зұлматтарды бастан өткізген тағдыркешті халқымыз асқан төзімділікпен, болашаққа де­ген сеніммен бірлесе еңсерері хақ. Ол үшін қажетті қаражат та, материалдық ресурстар да, техника, азық-түлік те жеткілікті. Тек соны мақсатты игеріп, тиімді пайдалансақ болғаны.

Күнделікті көріп, куә бо­лып отырғанымыздай, төтенше жағдайға байланысты еліміз бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған топ­тар, басқа да көмекке зәру жеке тұлғалар қамқорлыққа алынған. Тіпті «өз үйі – өлең төсектерінде» ата-аналарымен бірге қашықтан оқыту жүйесі бойынша дәріс алып жатқан студенттер қауымына да қаржылай қолдау көрсетілуде. Соңынан сұрауы болатын бұл қомақты қаражаттың ел экономикасына айтарлықтай әсер етіп отырғанын да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, Мемлекет басшысы бір- бірімен етене ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі үшін осындай қадамдарға барып отыр.

Осындай қиын-қыстау кезеңдегі жауапкершілікті т е р е ң с е з і н і п , қ о л д а у көрсетудің орнына пандемия- дан пайда тауып қалуды ой­лайтын кейбір пысықайлардың пасық тірліктері еріксіз қынжылтады. Аяқ астынан «тәбеті» ашылып, заңға сәйкес белгілі бір санаттағы шын мұқтаж жандарға берілетін 42500 теңгені «байқамай» алып қойып, мәжбүрлі түрде кері қайтарып жатқандар да бар. «Ақша артық етпейді» деп ұпайларын түгендеп, мұртынан күлгендер ардан аттап, абыройсыздыққа ұшырады. Кімге күлкі, кімге түрпі?

«Самарқандта бір апам бар, ол менен де өткен сорақы» дегендей, қайырымды жандардың демеушілік көмегімен жоқ-жітікке жеткізілетін азын-аулақ азық- түлікке көз алартқандар да арамызда бар екені өкінішті. Жақынд а тұр ғылықты мекен-жай бойынша пакетін арқалап барған еріктілер тобының мүшесі сәні мен сәулеті келіскен коттедждің алдына барып: «шамасы мен үй нөмірінен жаңылысқан болармын» деп қапелімде аңтарылып тұрған көрінеді. Тиісті орындар ұсынған тізімге сәйкес келіп тұрғасын тәуекел деп есік қоңырауын басады. Кердеңдей басқан келісті келіншек ләм-мим де­мей азық-түлік толтырылған себетті алып қалған. Бұған да не айтарыңды білмей, бас шайқап, бармақ тістегеннен басқа амалың жоқ.

С онымен қазіргі ақпараттық технологиялардың көмегімен бүкіл әлемді шарпыған мылтықсыз майданның барысын үйден бақылап отырған жұртшылық іштері пысып кеткенде пандемия туралы бірдеме деп қалуға тырысып бағуда. Оның ішінде халықты қорқыныш, үрей құшағында ұстайтын арандатушылық пиғылдар да байқалып қалады. Осы орайда, толассыз ақпараттар легіне көз жүгірте отырып, ішінен нақты дәлелденген деректер мен дәйектерді теріп алып, санаға сіңіруге кеңес бе­рер едік. Өйткені, «адамзатты сөз бұзар» дегендей, жарға жығатын жалған ақпараттардан абай болған жөн. «Біреуге мал, біреуге жан қайғы» дегендей, адамдардың психологиясы әртүрлі. Сондықтан, сезім мен төзім сыналар шақта табандылық танытқан абзал.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз