ОЙ-ТАЛҚЫ: Біз …біргеміз бе?

2003201725046801g Жаңалықтар

Аtr.kz/26 сәуір, 2020 жыл. Індетке қарсы күрес қоғамды біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдырды. Деген­мен, «Біз біргеміз» деп атауы жақсы табылған ізгілікті тұжырымды дұрыс түсінбейтіндер де табылуда. Кезіндегі тәрбие жұмысының осалдығынан қалыптасып қалған олардың тар түсінігі ардан гөрі, ақшаны жоғары қоятынын байқатты.

Б ү г і н г і к е з е ң – халқымыз жұдырықтай жұмылып, басқа түскенді бірлесе көтеретін қиын сәт. Осындай тұста бір бірімізді қолтығымыздан демемесек, көмектеспесек, қазақтығымызға сын болар еді. Алайда, оған кереғар болатын мысалдар өмірде жеткілікті. Кейбір отандастарымыздың теледидарға беріп тұрған сұхбаты кезінде олардың пиғылдары анық байқалып қалды. «Карантинге бай­ланысты базарлар жабық, алушы жоқ. Сонда салықты немесе жалға алу құнын қалай төлейміз? Мемлекет жәрдем берсін, жеңілдік жасасын» деп талап қоятындар бар. Кейбір мейрамхана, кафелердің қожайындары да осы деңгей дәрежесінен көрініп қалуда. Олардың осы әрекетін көріп, тұңғиық ойдың тереңіне бойлайсың. Бүкіл халықтың басына түскен ауыртпалықтан олар өздерін тысқары ұстап, су­дан құрғақ шығайын деуі адамгершілікке жата ма? Карантин кезінде табысы азайса, оны неге өзгеден сұрайды?

Ж а р а й д ы , б ү г і н г і тірлігін олардың ары­на тапсыралық. Ал, т а м а қ ө н і м д е р і н қымбатсытатындарды қалай түсінеміз? Айта­тын сылтаулары көңілге қонымсыз, өтірік сөз екендігі көрініп тұр. Тіпті Үкіметтің тәртібін ең болмағанда көрсетілген тамақтың тоғыз түрі бойынша орындаула­ры тиіс еді. Ондайларды «құлан құдыққа құласа, оның құлағында ойнай­тын құрбақаның» кебін келтіргендер дегің келеді. Қаншама абзал азамат­тарымыз өз еріктерімен қайырымдылық шарала­рын өткізіп жатыр. Бұл олардың байлығы асып жатырғандығынан емес шығар. Солардан неге үлгі алмайды деп ойлайсың. Қайырымдылық жасамай- ақ қойсын, осындай за­манда тағам бағасын неге көтереді? Халыққа төнген ауыртпалықты пайдала­нып, қалтасын толтыратын­дарды емес, теледидардан оларға сол бойда қандай шара алынғаны жөнінде айтқан абзал. Бір-екеуінің бутигін жауып, саудасын тоқтатып, төтенше жағдай заңдарын орындамаған ретінде мәселе көтерсе, басқаларына да сабақ болар еді. Ал, біз «анау қымбат екен, мынау қымбат екен» деп айтамыз да қоямыз. Елінің амандығынан гөрі, өз қалтасының қалыңдағанын артық көретін таксистер әрекеттері де сорақы.

Жалпы, осындай қысыл- таяң кезде тәртіп қатал болуы керек. Сылап-си­пайтын уақыт жоқ, ин­фекция жайылып барады. Кейбіреулердің талаптың төмендігінен арақ ішіп, не жүргізуші куәлігінсіз рульге отырып, түннің бір уақытында көшеде тайраңдауына неге жол беріледі? Полицияға қол көтеретіндерге не дейміз? Блок-бекеттерден де өтіп жатырғандардың қарасы баршылық. Еліміз бойынша науқас жұқтырғандар ша­мамен он мың азаматтың біреуі, ал Нұр-Сұлтанда одан төрт есе көп, яғни 2500 адамға біреуден келеді. Науқастылықтың Нұр- Сұлтанда, мысалы, Алма­тыдан да әлдеқайда көп болуы ойландырады. Қатаң талапты пысқырмайтындар басқа аймақтардан да та­былады.

Осы кезеңде тәртіп сақшыларына ерекше міндет жүктеліп отыр. Олардың өз қызметін асы­ра пайдалануына мүмкіндік берілмеуі керек. Жуырда анасына топырақ салуға келген қызылордалық азаматты өз көлігімен ауылына кіруіне рұқсат бермеген. Ақыр соңында мәселе облыстық штабқа дейін жеткен жағдай бол­ды. Тараптар уақытында түсіністікке келсе, мұндай жағдай туындамас еді.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз