Оқырманмен орайлы ойласу

Газет және оқырман Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/25 қазан, 2019 жыл.Облыстық «Atyraý» газетінің Индер ауданындағы күндері ашық, әрі терең пікір алысумен ерекшеленді. Аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың қабылдауында болған басылымның бас редакторы Исатай Балмағамбетов шығармашылық топпен ауданға ат басын бұрудың мақсатын айтып, баспасөзге жазылу науқанын ұйымдастыруда жыл сайын қолдау мен көмек көрсетіп отыратын атқарушы билікке, қоғамдық таратушылар мен мекеме-ұйым жетекшілеріне, кәсіпкерлерге ризашылық білдірді.

Бұдан соң әкімдіктің мәжіліс залында газет оқырмандарымен кездесу өтіп, онда газеттің бас редакторы баспасөздің ел өміріндегі атқарар рөлі мен алар орны, бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі жаңалықтарды жеткізу жайы, келер жылы газет көтеретін келелі мәселелер мен қолға алынған тың жобалар туралы хабардар етті. Көзі қарақты, талғамы биік қалың оқырманды бүгінде нендей мәселелер толғандырады?

Келер жылы «Atyraý» беттерінде қандай тақырыптарда жазылған мақалалардың болғанын қалайды? Өңірдің бас газетінің жүгін арқалап жүрген журналистерге индерлік оқырмандар қандай тілектерін жеткізді? Енді оқырмандар айтқан ұсыныс-пікірлерге кезек берелік.

Өтеп НҰРИЕВ,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Облыстың бас газетін жаныма рухани серік еткеніме 52 жыл болған екен. Тұрақты оқырман ретінде әр нөмірін асыға күтіп отырамын. Соңғы он-он бес жылда газеттің мәселе көтеруі, оқырманға ой саларлық мақалалар ұсынуы, тақырыптағы тапқырлық пен көркем безендірілуі едәуір алға басты. Бүгінде журналистердің рухани жаңғыру, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер мен әлеуметтік мәселелерді көтеруі, материалдарды түрлі әдіспен беруі көңілге қонымды. Ардагерлерге арналған бет те тұрақты беріле бастады. Шынайы да нақты ақпаратты біз облыстағы мемлекеттік тілдегі бірден-бір басылым «Atyraý» газетін аламыз.

Қазір Үкімет тарапынан көп балалы, жағдайы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмектер беріліп жатыр. Осы төңіректе кеткен кемшіліктерді, түсінбейтін сұрақтардың жауабын газет арқылы білсек жақсы емес пе? Болашақта «Atyraý» қарапайым еңбегімен еліне елеулі, халқына қалаулы болған адамдарының өмір жолын кейінгі жастарға үлгі-өнеге етерліктей мақалалар жариялап тұрса деген тілек бар.

Ербол ДҮЙШІМ,

Елтай ауылдық округінің әкімі:

– Қазіргі жастарды басылым беттерінде не қызықтырады? Қандай тақырыптар ұнайды? Бір байқағаным, жастар өкілдері еліміздің белгілі әртістері, спортшылары туралы жазылған мақалаларды ұнатады. Мүмкіндігіне қарай өңірге келген өнер жұлдыздарының жеке өмірі туралы мақалалар, сыр-сұхбаттар беріліп тұрғаны дұрыс болар еді.

Сонымен қатар, кейде басылым бетіндегі мақалаларда метр, километр, тонна, килограмм сияқты өлшем бірліктерінде сәйкессіздіктер кездесіп жатады. Осы жағын мақаланы жазып отырған тілшілердің ескергені жөн. Күнделікті қоғамдық өмірімізде болып жатқан кейбір келеңсіз құбылыстарды мәселенің байыбына барып, нақты, әрі шынайы дерек-дәйекпен жазғанды оқырмандардың жақсы қолдайтыны белгілі. «Atyraý» газеті де сол үдеден шығады деген ойдамын.

Тағы бір ескеретін жәйт, тұрғындардың «Қазпошта» қызметіне өкпе-реніштері көп. Олар Атыраудан газеттер кеш келеді дегенді айтады. Айлығы небәрі 42 мың теңге болатын пошташылардың да жағдайын түсінеміз. Мұншама жалақыға кім жұмыс жасайды? Көбіне жұмыссыздық санаты бойынша жүрген қыз-келіншектер газет тасиды. Оқырманға үш-төрт күн кешіккен газет жеделдігін, өзектілігін жояды. Сондықтан, «Қазпошта» қызметі жүйесін өзгертпей болмайды. Бұл жағын облыстағы басшылар ескеруі керек.

Бағытжан МҰСАҒАЛИЕВ,

ардагер журналист:

– Кешегі «Коммунистік еңбек» бүгінгі «Atyraý» – бұл Жайық бойын жайлаған халықтың сүйікті басылымы. Соңғы кезде газет бетіндегі жаңа айдарлар мен қосымшалар, тың бастамалар бізді қуантады. Дегенмен, меніңше басылымда жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етудің тиімді жолдарын ұсынатын бағдарламалар туралы тереңірек талданған сараптамалық мақалалар әлі де қажет. Жас шаңырақ иелерін өздеріне тиімді пәтерге қалай қол жеткізе алуға болады деген сауал көбірек мазайды. Сондықтан, алдағы уақытта екінші деңгейлі банктер мен ипотекалық компаниялар өкілдері осы мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп, насихаттық мақсаттағы мақалаларды жариялауға көбірек мүдделі болғаны жөн болар еді.

Тағы бір ойда жүрген нәрсе, соңғы кезде аудан орталығы мен ауылдық елді мекендердің көшелеріне асфальт жол салынып, жаяу жүргіншілер үшін төсемтас төселіп, көркейіп, абаттандырылып, ажары айшықталып қалды. Осы жұмыстарды тындырушы мердігер компанияның, оның жұмысшыларының қажырлы еңбектері туралы мақалалар газет бетінде жарық көріп тұрса артық болмас. Ендеше, жазар көп болсын, әріптестер!

Сағынтай КЕРЕШЕВ,

ардагер ұстаз:

– «Atyraý»-дың тұрақты оқырманы, тілшісі, әрі баспасөзге жазылу науқанында қоғамдық таратушы ретінде біраз жылдан тұрақты байланыстамын. Құрылыс шағын ауылында 107 үй бар. Барлық инфрақұрылым жүргізілген. Ауылымыз көркейіп, абаттанып келеді. Тұрғындар облыстық және аудандық газеттерді үнемі жаздырып алдырады.

Шынында да, халықтың көзі, құлағы, әрі тілі саналатын бүгінгі баспасөздің ақпаратты ұсынуы, түрлі жанрдағы оқылымды материалдарды оқырманға көркем безендіріп беруі көңілге қонымды. Рухани азығымыздың тақырып ауқымы да жыл өткен сайын кеңейіп келе жатқандығы қуантады. Газет беттерінде жастар тәрбиесіне қатысты аға буын өкілдерінің, белсенді ардагерлердің салиқалы ойлары, салмақты пікірлері, Мемлекет басшысының халыққа арнаған алғашқы Жолдауында белгіленген міндеттер, әсіресе, қоғамды жайлаған сыбайлас жемқорлықтың жариялылығын қалар едік.

Келер жылы ЮНЕСКО шеңберінде әлем таныған Абайдың 175 жылдығын атап өтпекші. Ұлы ақынның өнегелі өмірін, даналығын, рухани асыл-мұраларын насихаттауда баспасөздің рөлі жоғары. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай газеттерде майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қаһармандық ерлігі, туған жерді түлеткен тұлғалар жайында жазылған мақалаларды күтеміз.

Жеміс ТІЛЕПҚАЛИЕВА,

аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Мектепке барып, сауатымызды ашқалы «Atyraý»-ды оқимыз. Рухани сырласымыз, досымыз болып алды. Бүгінде ауданда 10 мәдениет үйі, 13 кітапхана стратегиялық жоспарға сай халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бәрі де күрделі жөндеуден өткен, заманауи құрал-жабдықтармен, өнерпаздар киім-кешекпен қамтамасыз етілген.

Біз өнер саласына қадам басқан жастардың республикалық байқауконкурстардағы қол жеткен табыстары, мәдениет ошақтарындағы тәрбиелік мәні зор тағылымды шаралары, өнер майталмандары туралы өңір айнасы – «Atyraý» газетінде насихатталғанын қалар едік.

Тағы бір ұсыныс – ономастика мәселесіне саясатқа байланысты қазір аймаққа белгілі жеке тұлғалар атына көше атауларын беру мораторий жариялау арқылы тоқтатылды. Бірақ, көпшілік бұл жағынан хабарсыз ба, әлде оны түсінбей ме? Әйтеуір, ата-бабаларының есімдерін ауыл-кент көшелеріне беруді сұрап, құжаттарын жинастырумен әуреге түсіп жатады. Осы жағына мамандар тереңірек түсінік бергені жөн.

Гүлбану КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

газет тасушы:

«ATYRAÝ»-ды ӘР ҮЙГЕ АПАРУҒА АСЫҒАМЫН»

– «Қазпошта» АҚ Индер аудандық бөлімшесіне жұмысқа қабылданғаныма үш жыл болды. Содан бері тұрғындарға газет-журналдары мен хат-хабарларын жеткізушімін. Кенттегі тұрғын үй аудандары төрт учаскеге бөлінген. Төрт құрбыммен бірге осы жұмыстамыз. Қыстың қарлы боранында, жаздың аптап ыстығында, күздің лайсаң жауынында да газеттерімізді жаяу жүріп тарататын едік. Екі жылдан бері жұмысымыз жеңілдеді. Мекеме арқылы бізге арнайы жабдықталған, әрі жүруге қолайлы үш дөңгелекті велосипед алып берді.

Менің қамтуымдағы үйлердің біразы «Atyraý» газетін жаздырып алдырады. Тек бір өкініштісі, облыстан келетін басылымдар Индерге кешігіп келеді. Халық ақша төлеп жазылған соң жаңалық-хабарларды уақытылы оқығысы келеді. Міне, өткен 4 қазан, жұма күнгі газеттің №78 санын 8 қазанда таратуға мәжбүрміз. Бұған тұрғындар ренжулі. Осы жағын Атыраудағы жоғары басшыларымыз ескерсе екен. Ал, өзім «Atyraý» газетін әр үйге апаруға асығып тұрамын.

Рафхат ЖҰМАБАЙ,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы:

– Ауданда 34 мың тұрғын бар. Әкімдіктің телеграмм чатында үш мыңға жуық жазылушы тіркелген. Қазір апта сайын тұрғындардың ұсыныспікірлері, сұрақтары зерделеніп, аудандық газетте жарияланып тұрады. Облыс басшысының телеграмм чатына келіп түскен сауалдардың жауабын аға басылым бетінен де көріп тұрсақ дейміз. Жастар жылының жариялануымен «Atyraý» газетіндегі «Армандаstar» қосымшасының шығуын замандастарым құп алды.

Басылымдағы жас кәсіпкерлердің алғашқы қ а д а м ы , к р е а т и в т і жастардың ой-пікірлері, қазақы тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жайлы мақалалар қызықтырады. Сондай-ақ, шетелде тұрып жатқан, не оқитын жас қандастардың өмірі, туған жерге деген сағынышы туралы жазылған сыр-сұхбаттар, естеліктер берілсе екен.

Гүлфара НЕТӘЛИЕВА,

Индер көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Басылымның тұрақты оқырманы ретінде газетіміз кешіксе, бір нәрсені жоғалтқандай күй кешеміз. Онда көтеріліп жатқан мәселелерге мен де бейжай қарай алмаймын. Оқып шығып, әріптестеріммен пікір бөлісіп отырамын. Колледждегі 72 оқытушы және техникалық қызметкердің 60-ы осы газетті жаздырып алдырады. Қыз және ер балалар тәрбиесі, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, салт-дәстүрдегі, отбасылық тірліктегі жат қылықтар, той өткізудегі келеңсіздіктер ата-аналар тарапынан алаңдаушылық тудыруда. Демек, басылымда осы жағына көбірек маңыз берілгені дұрыс сияқты.

Шетелде тұрып жатқан, не оқитын жас қандастардың өмірі, туған жерге деген сағынышы туралы жазылған сыр-сұхбаттар, естеліктер берілсе екен. Шығармашылық топ бұдан соң Индер көпбейінді ауыл шаруашылық колледжінде болып, сала мамандарын даярлау ісімен танысты. Колледж ұстаздары мен студенттері қатысқан кездесу барысында жастардың болашақ өміріне, рухани әлеміне қатысты әңгіме өрбіді.

Бақытжан ЖҰМАТ

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *