Құндыз апаның қариялары кімдер?

ндыз апаны ариялары Жаңалықтар

Әлеуметтік қызметкер Құндыз Нұрхиева қарамағындағы сегіз жалғызілікті жанның бірі Мүкәрама Ғұбайдуллинаға жұмысқа қабылданған 1995 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Яғни, кесте бойынша белгіленген уақытта аптасына екі рет барып, хал-жағдайын біледі, мүмкіндігіне қарай дүкеннен керек-жарағын әкелуге, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге қолғабыс етеді, қажет болса емханаға апарады.

____ндыз апаны__ __ариялары

– Жас үлкейген сайын қариялар бала секілді көңілшек болады екен. Оның үстіне, тағдырдың жазуымен жалғыз қалған жандарға тіптен қиын-ақ. Сырқатымен төрт қабырғада отырған олар мені үнемі күтетінін білемін. Бірақ, әрбір әлеуметтік қызметкердің қарауында жеті-сегіз осындай жан бар. Аптаның белгіленген күндері бойынша барлығын қамтуы тиіс. Сондықтан бірнеше сағаттап жанында болуға мүмкіндік бола бермейді, – дейді бізбен әңгімесін бастаған Құндыз Нұрхиева.

Шын мәнінде, бір қарағанда көзге көрінбейтін сала қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Биыл сексен жеті жасқа толғалы отырған Мүкәрама Ғұбайдуллина үшінші топ мүгедегі, жалғызілікті жан. Атырауда өмірге келген ол бала кезден-ақ тағдырдың қиын жолдарын бастан өткере бастады. Он бес жасқа дейін тілі шықпаған соң оқу да оқи алмады. Тек анасы мен нағашы әжесіне көмекші ретінде үйде болды. Кейін еңбекке араласып, бір мекемеде еден жуушы болып жұмыс істеді. Бүгінде зейнеткердің жағдайы жас кездегіден де қиындай түсті. Сыртқа шықпайды. Үйде болғанның өзінде таяққа сүйеніп жүреді. Біздің редакциядан келгенімізді білген Мүкәрама Ғұбайдуллина өзінің асыға күтетін Катясы жөнінде әңгімелей бастады:

– Катяға (Құндыз Нұрхиеваны қарамағындағылар осылай атап кеткен-автор) жететін адам жоқ қой. Әрқашан жайдары күліп келіп, сөзімді тыңдайды. Шашымды да тарайды, үйімді әктеуге, тазалауға көмектеседі, тамағымды да пісіріп береді. Оның жақсылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оған алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді.

Жиырма екі жыл бойы тұрақты араласып, туғанындай болып кеткен Мүкәраманың Құндыздан басқа арқасүйері, сенері жоқ. Туған сіңлісі Меңсұлу Янаеваның да өзі әлеуметтік қызметкер қарауында.

Тоқсан жеті жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Шаухат Бореевтың ұлы мен қызы түрлі себептермен өзге қалаға кеткен. Осыдан екі жыл бұрын адал жарын да топырақ қойнына тапсырған Шаухат Құсайынұлын балалары қасына шақырғанмен,  туған жерін қимаған қария жалғыз тұруға мәжбүр. Ұзақ жылдар Атырау мұнай және газ зауытында еңбек етіп, денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шыққан. Қазір үйден шығуға жағдайы болмаса да өзгелердің көмегінсіз өзі жүріп тұрады. Осыдан бірнеше күн бұрын сырқаттанып қалған екен. Соған қарамастан, әжетханаға өзі бара жатқанда құлап, аяғын ауыртып алыпты.  Майданда шыныққан нағыз ер жігіт дерсіз. Шаухат қарт сонда да төсекке таңылмай, жүргенді қалайды. Кәрілік пен мысқылдап кірген сырқатына берілер емес.

– Катяның келгенін ұдайы күтіп отырамын. Ол мені елдегі соңғы жаңалықтармен таныстырып, газеттерді оқып береді. Жақында қызым келеді. Балаларымның өз жанұясы бар. Мен ешкімге масыл болғым келмейді,- дейді Ш.Бореев.

…Әлеуметтік қызметкер болу үшін де үлкен жүрек пен кеңпейіл көңіл керек шығар?! Өйткені, көп ретте елене бермейтін еңбек иегері атану үшін біліммен қатар, тәжірибе қажет.

– Біздің басты міндетіміз – қариялардың аман-саулығын білу ғой. Бастапқыда әлеуметтік қызметкерлер тоқсаныншы жылдары сағаттап кезекте тұрған кезде жалғызілікті қарттарға көмектесу, қажетін әкеліп беру үшін ашылған болатын. Жылдар өте келе оларға қойылар міндет пен талап өзгерді, – деген Құндыз Нұрхиева бірнеше оқиғаларға куә болғанын жасырмады.

– Бұған дейін еңбек еткен сала ардагерлері үнемі «қыздар, қарияларға дәл уақытында барып тұрыңдар, үлкен кісілер кейде айтқандарын ұмытып кетеді, кейде құлап қалады» деп қайталап айтып отыратын. Рас екен. Кейде үйде жалғыз қалып, өмірден өтіп кеткенін ешкім білмеген  де жағдайлар болған, – деді ол.

Жалпы, Құндыз Нұрхиеваның бұл салаға келуі тектен-тек емес. Сонау тоқсаныншы жылдардың салқыны кейіпкерімізді де айналып өтпеді. Тігін фабрикасы жекешеленген тұста  ол да жұмыссыз қалады. Сөйтіп жүріп, осы жұмысқа жолығады. Сол уақыттан бері үздіксіз  әлеуметтік қызметкер. Қызметіне  дағдыланғаны соншалық, жалақысы жоғары жұмысқа баруды тіптен ойламапты. Үш балалы ана бүгінде немере өсіріп отыр.

– Әрине, әке-шешесін қалдырып кетті деп балаларды жазғыруға болмайды. Кейде ата-ананың өзі масыл болғанды қаламайды. Бірақ, сырқаты жанына батқан кезде үлкендерге жаным ашиды,- деді Қ.Нұрхиева.

P.S.: Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде егде жастағы жандарға үйден қызмет көрсететін төрт бөлімше бар. Олардың әрқайсысы ықшамаудандар, селолық округтер бойынша жұмыс істейді. Облыс орталығындағы 237 жалғызілікті зейнеткер мен мүгедекке  – 34, 195 бала кезден мүгедектерге   30 әлеуметтік маман қызмет көрсетеді. Олар туралы апта сайын олар әр қарияның жағдайы туралы есеп беріп отырады.

Айтпақшы, бір күнде бірнеше үйге баратын болғандықтан, әлеуметтік қызметкерге қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз