«Нұрсая» мөлтекауданында 45 пәтерлік тұрғын үй тапсырылды

1 32 Жаңалықтар

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Атырау қаласындағы «Нұрсая» мөлтекауданында «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған 45 пәтерлік тұрғын үй жаңа қоныстанушыларын қабылдады. Осыған орайластырылған салтанатты рәсімге қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи қатысып, тұрғындарды құттықтады.

1

«Еліміздегі тыныштық пен Елбасының сындарлы саясатының арқасында жылма-жыл сәні мен сәулеті келіскен көпқатарлы келбетті үйлердің қатары көбейіп, тұрғындарды қуанышқа бөлеп келеді. Соның айқын дәлелі – бүгінгі күні өздеріңіз куәсі болып, қоныс тойын тойлағалы отырған «Нұрсая» мөлтекауданынан бой көтерген мына зәулім үй. Үш кірмедәлізден тұратын бұл үйде барлығы 45 пәтер (бір, екі және үш бөлмелі) жайғастырылған. Мұнда негізінен тұрғын үй кезегінде тұрған мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін азаматтар және жастайынан жетім қалып, көптен бері баспанасыз жүрген адамдар қамтылған.

Биылғы жыл басынан бері қаламызда бірнеше жүздеген пәтер иелерін тапты. Алдағы уақытта тағы да 15 көпқабатты үй (865 пәтер) пайдалануға беріледі. Одан бөлек, осы «Нұрсая» мөлтекауданынан 900 орындық мектептің құрылысы басталса, 600 орындық және бір білім беру мекемесінің жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Бұл үрдіс болашақта да жалғасын табады. Мереке алдында баспаналы болған барша ағайынға айтарымыз қоныстарыңыз құтты, тұрмыстарыңыз жайлы болсын»,-деді Мейірім Жоламанұлы.

Бұдан кейін пәтер кілті бюджеттік сала қызметкері ретінде үш бөлмелі баспанаға қол жеткізіп отырған Майра Зұлхашеваға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын осал тобы санатындағы Күләш Жұмағазиеваға табыс етілді. Олар да өз кезегінде осындай жайлы пәтерді тарту етіп, үлкен қуаныш сыйлаған құрылысшы компания өкілдері мен ел ағаларына, азаматтарға алғысын арнап, ризашылығын білдірді.

Дәулетқали АРУЕВ

Фото pricom.kz сайтынан алынған

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз