Үміт пен күдік

экономика және экология Жаңалықтар

Қазақстан – уранға бай ел. Тәуелсіздік жылдары оны өндіру төрт есе артты. Оның денін сыртқа шығарамыз. Демек, бұл бағыттағы экспорттың әлем бойынша көшбасшыларының қатарындамыз. Ал, бұл шикізат атомдық энергетиканың қайнар көзі екенін білеміз бе?

экономика және экология

Шындығы сол, Қазақстан уран өндіру жөнінен дүние жүзінде алдыңғы санаттан табылады. Бұған дейін Канада мен Австралия бізден озық еді, 2009 жылдан бері оларды да артта қалдырдық. Тіпті, 2012 жылы 19451 тонна өндіріп, өзіндік рекордқа қол жеткіздік. Мамандар сұраныс өссе, бұл деңгейден де көтерілуге мүмкіндік барын айтады. Өйткені, бізде уранның бір миллион тонна шамасында қоры бар. Егер әлемде әзірге дәлелденген қор бес миллион тонна десек, соның 20 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сөз ретінде айтар болсақ,  дүние жүзінде өндірілетін уранның 98 пайызын тоғыз мемлекет қана берсе, солардың бәрінен біздің үлесіміз үлкен.

Бүгінде әлемде энергетикалық қуаттар негізінен мұнай мен газ арқылы алынады. Жылдар бойы солай қалыптасты және одан әзірге мүлдем бас тартылып тұрған жоқ. Әйтсе де, көмірсутегі шикізаты төңірегіндегі саяси ойындардың тұрақсыздығы, оның бағасының құбылмалылығы осындай байлығы жоқ өзгелерді тығырыққа тіреп отыр. Әсіресе, Орталық Еуропа елдері мұнайлы мемлекеттерге жалтақтайды. Экономикасын қай бағытқа бұрарын білмей, сең соққан балықтай күй кешеді. Олардың күн және жел энергиясын тұтынуға ұмтылуы да сондықтан. Дегенмен, табиғаттың тылсым күшін пайдаланып, бұл өндірісті әбден жолға қою үшін әлі де ғасырға жуық уақыт қажет екен. Жер шарының 70 пайызын су алып жатқанымен, оның мүмкіндігі де қолданысқа толық енген жоқ.

Яғни, осы аралықта мұнай мен газды алмастыратын энергия болса, ол – тек атом энергетикасы. Мамандар оның арзандығы мен қолжетімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Мәселен, жер бетінде шикізат ретінде 98 пайыз шоғырланған уран, дейтерий, торий және литий секілді элементтер – атом энергетикасының азығы. Сонда екі пайызы ғана мұнай, газ, көмір мен табиғи энергия көздеріне тәуелді екен. Міне, уранның осындай мол мүмкіндігі бар.

Атом қуатының ерекше сұрапыл күшке ие екендігі де белгілі. Мәселен, бір кило уран осындай мөлшерде жағылған көмірден 88 есе артық энергия береді. Әрі, оның өзіндік құны атом стансаларында өндірілетін әр киловатт-сағат қуаттың небәрі төрт-бес пайызын ғана құрайды. Демек, тиімділік тұрғысынан да көш ілгері. Тағы бір артықшылығы – мұнай мен газға қарағанда, бағасының тұрақтылығы. Яғни, құбылып тұрмайды. Демек, оны саудалау және пайдалану барысында өзіндік құнын ұзақ жылдарға белгілеп қоюға мүмкіндік бар.

Экологиялық тұрғыдан ұтымдылығы тіпті тамаша. Бүгінде әлемдік энергетиканың негізгі шикізаты – мұнай мен газ және көмір. Осы салада олардың қолданылу үлесі 98 пайыз. Демек, ауаға да көп мөлшерде залалды заттар тарап жатыр. Сайып келгенде, көмірсутегі шикізатын өндірудің өзі қоршаған ортаға орасан зиян келтіреді. Сарапшылар жер бетінде экологиялық ахуалдың тым ушығып тұрғанын да сонымен байланыстырады. Тіпті, қазіргі жаһандық жылыну да ауаға аса мол ыстық таралуы салдарынан.

Ал, уран қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығармайды. Халықаралық энергетикалық агенттігінің деректеріне қарағанда, дүние жүзіндегі атом стансалары соңғы жарты ғасырда ауаға 56 гигатонна осындай залалды заттың таралуына жол бермеген. Тиімділік емес пе? Сондықтан, әлем ғалымдары уранды көмірсутегі шикізатына балама ретінде ұсынады. Сол себепті басты қорегі уран болып табылатын атом энергетикасын пайдалану, оны өндіру және қолдану технологиясын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударуда.

Ғалымдар уранды өмірімізге кеңінен енгізудің осындай артықшылықтарымен қатар, кейбір кемшіліктерін де атайды. Ол – аталмыш шикізаттың қауіптілігі. Украинадағы Чернобыль және Жапониядағы Фукусимо қалаларында болған апат әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді. Мыңдаған адамның өмірін жұтқан, экологиялық зор залал әкелген оқиға мамандарды да ойландырды. Атом энергетикасының тиім-ділігі түсінікті делінгенімен, таразының екінші басында адамзат тағдыры тұр. Қайсысы басым? Ешкім нақты айта алмайды. Өйткені, екеуі де маңызды. Атом энергетикасының қарқынды дамымай отырғандығының бір себебі де осы. Өткен жылы елімізде ұйымдастырылған «АтомЭкспо – 2016» халықаралық форумына әлемнің 55 елінен 4,5 мың адамның жиналуы аталмыш проблеманың өте өзектілігін тағы көрсетті. Алқалы басқосуға қатысқандар түбі мұнай мен газ өндірісі тоқтайтын болса, оның орнын атом энергиясы басатындығын ашық айтты.

Атом энергетикасын пайдалануға байланысты Қазақстанда да түрлі пікір қалыптасқан. Бір тобы қостағанымен, өзгелері қарсы. Кезінде Ақтауда атом энергиясы өндірілді. Бұдан он шақты жыл бұрын  оны жаңғырту туралы мәселе көтерілген. Техникалық-экономикалық негіздемесі де жасақтала бастаған. Жұртшылық қарсы шықты. Содан 2008 жылғы 19 желтоқсанда өткен қоғамдық тыңдауға қатысқандар бірнеше негізгі себепті атап, Мемлекет басшысына дейін хат жолданды. Бәрі де тосын жайдан сескенеді. Айтса айтқандай, мұндай қондырғыны қолданудан Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Швеция, Мексика, Бразилия тәрізді жақсы дамыған елдердің өздері бас тартып отыр. Литва өздеріндегі жабдықты жауып тастады.  Мамандардың пікірінше, атом энергиясынан шыққан радиоактивті қалдықтарды 24 мың жыл сақтау қажет екен. Оның әр килосына сол кездегі бағамен 850 доллар жұмсалуы керек болған. Қазіргі құны қанша екенін кім білсін?..

Абай ТАСБОЛАТОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазір әлемнің дамыған мемлекеттерінің басым көпшілігінде мұндай стансалар бар. Олар пайдаланып жатқанда уранның байлығы жөнінен әлемде алғашқы орындардың бірін иеленетін Қазақстанның бұл қадамға баратындай жөні бар. Мемлекет басшысы айқындап бергендей, уранның мол қоры жеткілікті. Дегенмен, Жапониядағы Фукусимо атом электр стансасына қарап, ел шошитын болды. Оның апатқа ұшырауына жер сілкінісі кесірін тигізді. Қаншама қиындықтар ту-дырғанымен, олар атомды жоюға жол берген жоқ. Бізге де міндетті түрде керек. Халықтың әл-ауқатын ойлауда атом стансасының маңызы зор болады деп ойлаймын.

Украинадағы Чернобыль атом электр стансасында 1986 жылғы сәуірде апат болды. Соның салдарынан Украинаның көп бөлігі, Ресейдің Брянск және Калуга облыстары радиоактивтік ластануға ұшырады. Атом электр стансасынан радиусы 30 км жерде тұратын халық басқа орынға көшірілді. Радиоактивті түтін оннан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырымын қамтыды. Кем дегенде бес миллион шамасында адам зардап шекті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төрт мыңдай кісінің қаза тапқанын жария етті. Бұл – келтірілген залалы жөнінен ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Оны жоюға 600 мың адам қатысты. Соның ішінде 32 мың қазақстандық бар. 

P.S. КСРО тарағаннан кейін Қазақстан территориясында кем дегенде он шақты ядролық бомбы дайындауға жетерлік уран қалған-ды. Тек Үлбі комбинатында ғана оның 600 килограмдық қоры болған. Егер әскери қуатымызды арттырып, қолымызға жаппай қырып-жоятын құдіретті қаруды ұстап отыруға ұмтылсақ, соның бәрі кәдеге асатын еді. Оның үстіне, Семей полигонында ядролық бомбы жасауға қажетті қондыр-ғылармен жабдықталған құпия нысан да салынған. Алайда, Қазақстан мен АҚШ арасында жасалған «Сапфир» жобасына орай соның бәрі мұхиттың ар жағындағы Делавер штатына жөнелтілді. Қысқасы, еліміз өз еркімен жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартты.

Енді  уранды бейбіт мақсатқа қалай қолдануға болады? Атом электр стансасын салған жөн бе? Оның тиімділігін пайдалана аламыз ба? Қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілмек? Осы орайда ғалымдар мен мамандардың пікірін күтеміз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз