МЕКТЕПТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК: оған кім жауапты?

rapraprarara Жаңалықтар

Atr.kz/21 қаңтар, 2020 жыл. «Мектебің – мынау, класың, осында он жыл тұрасың, тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп асыр салып, әндетіп жүретін кездер енді оралмайтын сыңайлы.

Өйткені, соңғы кездері қоғамда белең алған сұмдық оқиғалар елдің әбден зәре-құтын қашырды. Оқу орнына баласын жалғыз жіберуге қорқатын ата-ана енді сабақтағы уақытын да уайымдайтын болды. Осыдан бірер ай бұрын Тараз қаласында тапа-тал түсте орын алған жантүршігерлік жағдай білім ордасындағы қауіпсіздік шараларының әлі де жеткіліксіз екендігін анық байқатты.

Иә, біз бұған дейін де газетімізде осы тақырыпты қозғап, мәселе көтерген болатынбыз. Жуырда Үкімет б а с ш ы с ы н ы ң о р ы н б а с а р ы Бердібек Сапарбаев барлық мектеп бейнебақылаумен қамтамасыз етілетіндігін атап айтты. Мұнайлы өлкеде де бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алына бастады. Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратованың айтуынша, аймақта жалпы орта білім беретін 196 мектеп болса, оның 19-ында әжетхана білім ошағының сыртында орналасқан. Бұлардың барлығы да орталықтан шалғай елді мекендерде. Бірақ, соған қарамастан оқушыларға қысты күндері қолайлы жағдай жасау үшін әжетханаға дейін жабық жол салу мәселесі көтеріліп, мектеп директорларына ұсыныс берілген.

– Біз директорларға мектептегі әжетханаларды жөндеуге, ретке келтіруге ұсыныс жасадық. Олар жағдайды бақылауға алды. Тіпті, көпшілігі бейнекамераларды қолжетімді болу үшін басқа бөлмеге ауыстырып, арнайы мамандар тағайындап үлгерді. Енді келесі оқу жылында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен лицензияланған күзет компанияларын тарту жайы қарастырылып жатыр. Қаражат бөлінсе, бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын, – дейді ол.

Арнайы күзет қызметі сырттан мектепке жөн-жосықсыз кіре беретін жандарға тосқауыл қояр еді. Өйткені, соңғы кездері «құқығым бар» деген желеумен білім ордасына қалаған уақытында келетіндер көбейген.

– Тіпті, есік алдындағы вахтер апайларды тыңдамай, мектепке төбелесіп кіретіндерді көз көріп жүр. Ал, әлемнің дамыған елдерінде, мектепке ешкім рұқсатсыз кіре алмайды, – деді Жансұлу Төремұратова.

Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердегі мектептерде кәріз жүйесінің болмауы да қолайсыздық туғызып отыр. Осыдан 50-60 жыл бұрын ауылдарда салынған ескі ғимараттарда септик жүйесі ескерілмеген. Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шетіндегі шағын мектепке кәріз жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз. Әсіресе, тек бастауыш мектеп оқушыларын ғана қамтып отырған 4050 орындық ғимараттарға ұзындығы бірнеше километрге созылатын желіні тартуға көп қаражат керек. Дегенмен, бұл мәселені ашық қалдырмау мақсатында әжетханаға дейінгі жолға тунель тәріздес жабық өткел салуға ұсыныс берілген. Бұл бөгде жандардың келмеуіне септігін тигізер еді.

– Тұрғындар көп шоғырланған аудан орталықтарында жағдай қиынырақ. Ал, шағын елді мекен тұрғындары бірбірін жетік танитын болғандықтан, мұндай келеңсіздіктер кездеспейді. Аудан орталықтарында олай емес. Неше түрлі адамдар болады. Күрделі проблемалар осындай аумақтарда жиі орын алады, – деген басқарма басшысы күрмеулі мәселелер біртіндеп шешімін табатынына сендірді.

Рас, 1-2 сынып оқушылары мектептегі әжетханаға мұғалімнің көмегімен барады. Орталықтағы білім ошақтары бейнебақылау камераларымен қамтылған дейміз. Әжетханасы сыртта орналасқан алыс ауылдағы мектептерге өткел жасауға ғана ұсыныс берілген. Сонда қарлы, боранды қыстың қақаған аязында оқушылар қайтпек? Өркениетті елдерге қарап бой түзесек, ең алдымен осы мәселелердің шешімін табуымыз тиіс. Адами капиталдан материалдық шығын артық болғаны ма?

– Мектептерде заңбұзушылықтарды азайтуға коммуналдық мекемелер де атсалысуы керек. Мәселен, білім беру ұйымдарының айналасы бейнекамералармен толық жабдықталып, көше жарығы орнатылуы тиіс. Балалар қараңғыда қараусыз қалмауы қажет. Қаладағы бақылаусыз қалған ғимараттар мен жертөлеге кіргізбеуді қатаң қадағалап, мектеп инспекторларының санын көбейткен абзал. Балалардың қауіпсіздігіне бәріміз де жауаптымыз. Ал, тілсіз жаудың алдын алу мақсатында қаланың барлық мектептері мен балабақшаларына бірыңғай диспетчерлік бақылау орнатқан жөн, – дейді қала тұрғыны Айсана Ұзақбаева.

Білім ошақтарындағы қауіпсіздік пен тәртіпке мектеп инспекторлары да жауапты. Облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Орынгүл Көшқалиеваның айтуынша, аймақта 127 мектеп инспекторы жұмыс істейді. Олар таңертеңнен кешке дейін, яғни сабақ уақытында білім ордаларында болады. Бүгінде отыздан астам мектеп инспекторы декреттік демалыста отыр.

– Мектеп инспекторлары ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығында көрсетілген міндеттер бойынша жұмыс істейді. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жедел басқару орталығы арқылы тексеріледі. Бүгінде лицензияланған күзет қызметімен облыста Назарбаев зияткерлік мектебі ғана қамтылған. Тараздағы оқиғадан кейін қала мектептерінде бейнебақылау камералары қолжетімді орынға шығарылды, – дейді Орынгүл Жанғалиқызы.

Десек те, байқап жүргеніміздей, мектеп инспекторларының дені – нәзікжандар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, жасөспірімдер тәртіпсіздік танытқан жағдайда не болмақ? Ұстаздардың ырқына көнбеген кезде қандай іс-әрекет жасай алады? Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы О.Көшқалиева ішкі істер органына жұмысқа кірген жан жынысқа бөлінбейтінін, барлығына талап бірдей қойылатынын атап айтты.

– Осы мәселе жиындарда жиі қозғалады. Құқық қорғау саласына қызметке орналасқандар жігіт, қыз деп бөлінбейді. Барлығына талап та бірдей қойылады, тапсырма да бірдей беріледі. Яғни, норматив бойынша қару-жарақпен жұмыс істеуден сынақ тапсырады. Барлығымыз да тапаншаны қолдануды білеміз, – дейді ол.

Р.S:

АҚШ-та 1990 жылдан бері мәжбүрлі түрде аталықсыздандыру туралы заң бар. Польша мен Чехияда мұндай қылмыскерлер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен тарттырылады. Германияда, Францияда, Арменияда қылмыскерлер медициналық жолмен бекітілген емдеу әдістерінің бірін таңдап алуға міндетті. Біздің елде де биылдан бастап зорлық-зомбылыққа қатысты заң талабы күшейтілді. Иә, қылмыскерлер тиісті жазасын алар, бірақ, жастайынан мұндай жағдайға тап болған баланың көңіліндегі сызатты қалай кетіреміз? Осыны естен шығармасақ екен…

Айбөпе САБЫРОВА

  • Жамбыл облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта мектепте болған шулы оқиғаға қатысты сот отырысы басталды. Былтыр 15 қараша күні Тараз қаласының 102 пультіне жедел жәрдем қызметінен жасөспірім қыздың зорланғаны туралы хабарлама түсті. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлігі және 121-бабының 4-бөлігі бойынша жүргізілді. Көп ұзамай ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Оқыс оқиға мектептің дәретханасында болған. Сотталушы – 38 жастағы облыс орталығының тұрғыны. Үйленбеген, бұған дейін осы тектес қылмыс жасағаны үшін сотты болған. Ол қылмысты жасағанын толық мойындады. Оған 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін. Сот жапа шегушінің жас ерекшелігін ескере отырып, жабық режімде өтетін болды.

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrau-oral-taszholynda-zhant%d2%afrshigerlik-apat-boldy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз