Маржанның «Ертегі терапиясы»

marzhan Жаңалықтар

Жақында Махамбет аудандық кітапханасында жерлесіміз, белгілі ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершумен кездесу өтті. Ақынның оқырмандармен бұл жолғы кездесуі ерекше болды. Кездесуде Маржан таяуда ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауымен жарық көретін «Кітапхана педагогикасы: Ертегі терапия» атты жаңа кітабы туралы әңгімелеп берді.          

– Ертегі  терапия – бұл тұлға дамуының экликалық әдісі, психология, педагогика, психотерапия, мәдениеттану мен философияның жинақталған синтезі. Бұл – халық ауыз әдебиеті үлгілерімен үндесіп, фантазиялармен байытылған шығармашылық әдіс. Сонымен қатар, жан-жақты білім беру мен тәрбиелеу үрдісінің озық үлгісі болып табылады. Бүгінде ертегі терапия Батыс елдерінде, Ресей мектептерінің іс-тәжірибелерінде методикалық әрі шығармашылық әдіс ретінде кеңінен қолданылуда. Ертегі терапия бізге керек. Оны тек балаларға арналған жоба деп қарастырмаған жөн. Батыс елдерінің психологтары ертегі терапияның бала денсаулығына пайдалы әсері барын жазуда. Бұл біздің халық үшін жаңалық емес. Қазақ баласының дүниетанымы ертегімен жетіледі. Бұл – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтық үрдіс, халықтық  дәстүр. «Ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Әр баланың да ең алғашқы досы – осы. Бесік жырынан бастап ауыз әдебиетінің құнарымен әжесі мен анасы ауызынан естілетін әуезді әнмен, әсерлі ертегі әңгімемен өскен баланың көркемдік әлемі ерекше болып қалыптасатыны – ғасырлар бойғы қазақ тарихында дәлелденген жарқын мысал. Бауыржан Момышұлының да уайым қылғаны осы жайт. Ертегінің мағынасын түсінген балаға болашақта сөз қадірін түсіну, әдемі шешен сөйлей білу, көркем ойлай білу қасиеті даритыны сөзсіз. Сондықтан, тәрбие ісінде ертегі терапияның алатын рөлі зор.

marzhan

Ертегі тақырыбына көңілімді бұрған кішкентай інім Нұрсұлтанның бір ауыз сөзі еді. Ауылға барғанымда, бір күні інім мектептен көңілсіздеу оралды. Сондағы айтқаны: «Бірге оқитын балаларға «менің апам ақын» деп мақтанып ем, балалар  «ақын екенін білеміз ғой, бірақ, өлеңдерін түсінбейміз, бізге қызық емес» деп айтты. Біздің кластың балаларын қызықтыратындай ертегі таба алмайсың ба?».

Кішкентай інімнің сөзі мені ойға жетеледі. Өз сөзімен айтқанда, ініме қызық қуаныш сыйлайыншы деп ертегілер тақырыбын ойлана бастадым. «Ит пен бала туралы ертегі», «Құдыретті қобыз туралы ертегі», «Терістік жел мен бала туралы ертегі», «Ақшабақ ару мен Шортан батыр туралы ертегі», «Терезе туралы ертегі», «Шам мен жыр туралы ертегі» атты ертегілер жаздым. Өлең кейде сезімнен, кейде өмірден туады. Өмірдің өзі – өлең. Өмірдің өзі – тақырып. Ең алғашқы ертегімнің дүниеге қалай келгені туралы бір дерек айта кетейін. Бірде Астанада көшеде ойланып келе жатсам, қарсы алдымда бір орыс кемпір «Вера, Вера» деп айқайлап тұр екен. Жан-жағыма қарасам, айналамда өзімнен басқа адам көрінбейді. Кемпір мен жаққа қарап айқайлайды. «Бұнысы несі» деп артыма қарасам, ешкім жоқ. «Вера» деген кішкентай немересі ме, құлап қалды ма?» деген оймен жерге қарасам, кішкентай ақ күшік менің артымда тұр. О. Тоба! Мен жүрсем-жүреді, тұрсам-тұрады. Әлгі кемпірмен құдды адамның баласы құсап тығылыспақ ойнап тұр. Содан «бар, Вера» деп кемпірге қарай қой айдағандай қудым ғой. Күшікті жібімен сүйретіп кемпір кетіп барады. Маған бір ой келді. Екеуінің соңынан қалмай біраз жерге дейін еріп барып, кейін қайттым. Ойлағаным: Күшіктің аты неге Вера? Кемпірдің күшіктен басқа ешкімі жоқ па екен? Кемпір мен күшік ойымнан шықпай, біраз күн жүрдім. Ақыры мен тақырып таптым. «Ит пен бала туралы ертегім» осылайша дүниеге келді. Бұдан соң менің ертегі жанрына қатты қызығушылығым оянды, – дейді Маржан Ершу.

Кездесуде балалардың сұрауы бойынша ақын өзінің қоңыр даусымен «Ит пен бала туралы ертегісін» баяндап берді. Оны балалар түгілі, үлкен адамдар ұйып тыңдады. Ертегінің әсерімен қанаттанған балалар ақыннан қолтаңба алып, естелік суретке түсті. Мұндай шырайлы кездесу Исатай аудандық кітапханасында жалғасты.

 

Марина  ҚУАНЫШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Риза Әлмұханова

    Жақсы.