Ұлтжандылықтың ұлағаты

Қаржауов Жаңалықтар

Құдабай ҚАРЖАУОВ,

«Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Қаржауов

«Идеология, ұлттық патриотизмнің даму деңгейі бізде кенжелеп қалды-ау» деген ой мені үнемі мазалайтын. Ал, бүгін Елбасы мақаласымен егжей-тегжейлі танысқан соң, бұл бағыттағы олқылықтардың орнын толтыруға қатысты нақты бағыт-бағдар алғанымызды айтып өткім келеді.

Мәселен, мен – Өзбекстаннан атажұртымды аңсап жеткен көп қазақтың бірімін. Сол көрші елдегілер қанша жерден кісі есігін сағалап, күн көріс үшін ел кезіп жүрсе де, мемлекетін еш жамандаған емес. Міне, ұлттық идеология деген қайда жатыр!

Болашаққа бағдар алып, жаңғыру кезеңіне қадам басқан тұста бүгінгі мақала Жолдаудың заңды жалғасындай. Себебі, ол құжатта рухани жаңғыру жайы тұтастай мемлекетті басқару формасы, саяси-экономикалық даму бағыттарымен бірге аталса, бүгінгі жазбада осынау тақырыпты тарқатып, бар мәселені ашық айтқан. Озық отыздық қатарына ену үшін ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамыту қажеттігі айтпаса да түсінікті. Алайда, бұл осы бағыттағы жұмыстар енді бастау алды деген сөз емес. Бұған дейін де ауқымды жұмыстар атқарылды, атқарылып та келеді.

Ұлттық бірегейлікті сақтамай, өзге елді модель қылып дамимыз деу – қателік. Сондай-ақ, революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен даму – бүгінгі талап.

Менің туған жерім – Қазақстан. «Жоқ, сіз Өзбекстаннан келдіңіз» деушілер табылары анық. Алайда, бұл ұғым – кіндік қаны тамған жер дегенді ғана білдірмейді. Менің аңсап жеткен Отаным – өз елім, Қазақстаным. Осы жерде қызмет етудемін, жапырағым жайылуда. Сондықтан да осылай айтамын.

Негізінде адамдардың бойында патриоттық сезімді дамыту – үлкен мәселе. Мысалы, қазіргі таңда негативті жаңалық тез тарайды ма деп ойлап қаласың. Телеарнаны ашсаң да, интернетті шолсаң да сол. Ал, мен мысалға келтіретін Өзбекстан ешқашан өз мемлекеті, ұлты туралы жағымсыз хабар таратпайды, тек жетістіктерді ғана дәріптейді. Міне, патриотизмнің, ұлтжандылықтың жарқын үлгісі. Бізде де сол секілді бұқараның ел жетістіктерімен етене танысуына мүмкіндік жасауымыз керек.

Мақалада айтылғандай бала-шағамыз алыстағы Мысыр пирамидаларын көзбен көруді аңсамай, кең-байтақ еліміздегі небір жауһарларды көруге мүмкіндік алатындай жағдай туғызсақ, елім деген ұрпақ тәрбиелер едік. «Елім қандай болған, аталарым қандай еді?» деген мақтаныш кеуделеріне ұялар еді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз