Әлем аңсары ауған Астана

Жаңалықтар

Ego02pgEeWVAxj94qoCnuMFOSac40C

Тарихтан үзік сыр

Бүкіләлемдік көрмелер тарихы 1851 жылы Лондонда өткізілген «Барлық халықтың өндірістік жұмыстарының ұлы көрмесінен» бастау алады. Сол уақытта халықаралық көрмені бір мезгілде бір ғимараттың ішінен тамашалауға жағдай жасау туралы идея өмірге келді. Нәтижесінде әлемге әйгілі Хрусталь сарайы салынды. Көрме қызметін реттеу, үйлестіру мақсатында 1928 жылы Парижде Халықаралық көрме бюросы құрылды. Бүгінде оған 168 ел мүшелік етеді.

Ғасырларға ұласқан тарихы бар бүкіләлемдік ЕХРО көрмесі тарихында талайды тамсандырған өнертапқыштық дүниелер өмірге келді. Бір қызығы, тарих сәулет өнерінің мерейі қашанда үстем болғанын көрсетіп отыр. Мәселен, бүкіләлемдік көрмелер барысында Брюссельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуми ұлттық сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы дүниеге келді.

Ресми түрде Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросына 1997 жылы  мүше болды. Ал, ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Испанияда өткен ЕХРО-2008 көрмесінде Қазақстан павильонының сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталғанын атап өту ләзім.

Болашақ энергиясы және біз

Астана көрмесінің басқа емес, «болашақ энергиясы» тақырыбын таңдап алу себебі неде? Иә, басты идея – күллі әлемде сезіліп отырған қуат тапшылығын табиғи көздерді пайдалана отырып, жою. Жақын келешекте энергияның балама көздерін қолданысқа енгізу арқылы, әлемдік экономиканың даму көкжиегін жаңа белеске көтеру. Демек, көрме әлемдік деңгейдегі «жасыл экономиканың» бастауы десек те болады.

Жалпы, «жасыл экономика» термині әлем, тіпті біз үшін де жат ұғым емес. Себебі, болашақтың «жасыл экономикамен» тікелей байланысты екенін әлем, соның ішінде дамыған елдер әлдеқашан ұқты. Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай бүгінде өзіндік озық технологияларымен әлемге үлгі болып отыр. Мәселен, Оңтүстік Корея сонау 2010 жылдың өзінде ішкі жалпы өнімнің 3%-ын, яғни, 60 миллиард доллар көлеміндегі қаражатты экономиканың «жасыл» секторын дамытуға жұмсап отырған. Болашаққа инвестиция салудан ақша аямаған Оңтүстік Корея осылайша, 2010 жылы, экономиканың ерекше секторында 1,8 миллион жұмыс орнын ашты. Ал, мұхит артындағы Американың стратегиялық даму жоспарында, халық тұтынатын энергия көлемін ұдайы арттырып отыру көзделген. Мәселен, АҚШ енді он жылдан кейін баламалы энергия көлемін күн құрылғыларының көмегімен 65%-ға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Экологиялық тұрғыда таза технологияларды дамыту мақсатында салынатын инвестицияда да шек болмайтынға ұқсайды. Алдағы он жылда АҚШ «жасыл экономика» үшін 5 миллионға дейін жұмыс орнын ашуды көздеуде.

Ал, біздің еліміз «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы  2013 жылы ресми түрде бекітті. Ондағы негізгі міндет – су, жер, биологиялық және басқа да ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру, қолда бар инфрақұрылымды жаңғырту, қоршаған ортаға қысымды азайту, су қауіпсіздігіне қол жеткізу.

Міне, осы міндет жолындағы жаһандық деңгейдегі озық жаңалықтар енді халықаралық мамандандырылған Астана көрмесінде  әлем назарына ұсынылатын болады. Алдын  ала мәліметтер бойынша, Оңтүстік Корея сутегі отынымен жүретін автомобиль,  Монако павильоны күн энергиясы арқылы жұмыс істейтін эко-велосипед, Германия қуат көзін максималды түрде үнемдейтін «ақылды үй» жобаларын назарға ұсынбақ. Осылайша, «Болашақ энергиясы» қазақстандық тарапқа бүкіл әлемге экономикалық бірігу рөлінің маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Ал, Қазақстанның алдында тұрған міндет – әлемнің озық технологияларын отандық экономикаға енгізу.

 

Көрме беретін мүмкіндіктер:

Қазақ елінің экономикасына тиімді инвестициялардың тартылу мүмкіндігін арттырады;

Отандық ғылым әлеуетін жаңа мүмкіндіктер биігіне көтереді;

Ғаламдық технологиялық жаңалықтарды қолданысқа енгізу мүмкіндігі күшейеді;

Туризм, сервистік қызмет саласын сапалық тұрғыда ғаламдық деңгейге көтеру арқылы елімізге туристердің келу көрсеткіші жоғарылайды;

Энергия тапшылығын жоюдың жаңа мүмкіндіктері қарастырылады;

Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы имиджі зораяды;

«Жасыл экономиканы» дамытудың тиімді тетіктері өмірге келеді;

Қарапайым халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, өнертапқыштарға, ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашылады;

Еліміз әлемдік өркениет көшінің екінші тынысын ашушы секторға айналады;

Назар аударыңыз!

Әлеуметтік пакеттер қолжетімді

ЕХРО көрмесі жаңа технологиялардың ғана емес, туризм, мәдениет, жалпы руханият әлемінің де «екінші тынысының» ашылуына мүмкіндік береді. Жаһандық шара аясында 3000-нан астам мәдени, ойын-сауық бағдарламалары жоспарланған. Елордада бой көтерген арнайы қалашықты шетелдік меймандармен бірге, еліміздің әр азаматы емін-еркін тамашалай алады. Сол үшін де «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы  туристік пакеттер жасақтап отыр. Және ондағы ең басты мақсат – көрменің қарапайым халыққа қолжетімді болуы. Сонымен, туристік пакеттер үш деңгейге бөлінген.

Эконом пакеттің құны – 35 мың теңге. Бұл пакетті алғандар жатын орын, ауқатпен бірге, көрмені алаңсыз аралап, Астана қаласы бойынша саяхат жасай алады;

Бизнес пакеттің құны – 50 мың теңге;

Люкс класты премиум пакеттің құны – 120 мың теңгеден жоғары.

Туризм әлемі немесе Сарайшық шақырады!

Халықаралық ЕХРО-2017 мамандандырылған көрме аясында туристер инновациялық жаңалықтармен танысумен ғана шектелмейді. Олар үшін отандық деңгейдегі туристік маршруттар жасақталып жатыр. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігін айқындайтын, тарихи, мәдени, экологиялық бағыттағы туризм нүктелері арасында Атырау облысы да бар.

Атырау облысына туристік саяхат үш күнге жоспарланған. Бірінші күні туристер Атырауды Еуропа мен Азияға бөліп тұрған Жайық өзенін катермен жүріп өтеді. Өзен үстіндегі саяхат қаланың ескі бөлігін аралаумен жалғасады. Келушілерді көненің көзіне айналған ескерткіштермен, бір кездері ерекше маңызға ие болған ғимараттардың тарихымен, жергілікті мұражайлармен жақынырақ таныстыру жоспарлануда.

Атырау – мұнайлы өлке ғана емес, балығы тайдай тулаған ерекше аймақ. Халықаралық ЕХРО көрмесі аясында Атырау бекіре балық өсіру зауыты да ел аралауға келетін туристер назарына ұсынылады.

Туристік күнтізбеде «Хан Ордалы Сарайшық» мемориалдық кешеніне айрықша назар аударылып отыр. Жеті хан жерленген пантеон – Атыраудың ғана емес, күллі қазақ халқының тарихы болып табылады. Ежелгі қала мұражайдан 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазақтың өткені, салт-дәстүрлері, мәдениеті туралы кеңінен ақпарат берілетін кешенге саяхат одан әрі ешкі фермасында да жалғасады.

Экологиялық таза жолмен өндіріліп жатқан ірімшік, айран, құрт, йогурт, яғни, сүт өнімдері де туристердің көңілінен шығарына сенім мол. Айта кеткен жөн, туристік пакетке қонақ үйдегі таңғы және түскі ас та қосылған.

Бүкіләлемдік көрме енгізген негізгі жаңалықтар:

Рентген сәулелерінің қасиеттері 1901 жылы Буффалода өткен Бүкіләлемдік көрме барысында таныстырылды;

Тұңғыш ұялы телефонның алғашқы нұсқасы, жалпы ұялы байланыс технологиясы 1970 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен Бүкіләлемдік көрме барысында назарға ұсынылды;

Сенсорлы экран 1982 жылы дүниеге келді. Оны ғалымдар Ноксвилдегі көрмеде таныстырды;

1876 жылы Филадельфияда өткен жаһандық көрме ғасыр туындысына айналған дүниені өмірге әкелді. Өнертапқыш Александр Белл тұңғыш телефон аппаратының қалай жұмыс істейтінін көрсетті;

Өнертапқыш Томас Эдисонға танымалдылық 1878 жылы келді. Парижде өткен көрме кезінде ол жұртшылықты дыбысты жазуға және жаңғыртуға арналған фонограф құрылғысымен тәнті етті;

Бүгінде әлемнің ең дамыған елдерінде міндетті түрде кездесетін әйгілі «шолу дөңгелегі» 1893 жылы Чикагода өмірге келді. Биіктігі 80 метр, салмағы 2 мың тоннаға жететін аттракционды кіші Джордж Вашингтон Гейл Феррис жобалаған еді;

Күнделікті өмірдің айнымас бөлшегіне айналған теледидар арқылы тікелей эфирде тұңғыш рет 1939 жылы хабар таратылды. Тарихи жаңалық Нью-Йоркте өткен Бүкіләлемдік көрме кезінде орын алды. АҚШ президенті Франклин Рузвельттің көрмені ашу салтанатын сол кезде халық тұңғыш рет тікелей эфирде тамашалады.

P.S.

EХРО-2017 көрмесі аясында Қазақстан таңдаған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы – ең үздік әлемдік энергия сақтау кластерін, яғни, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа технологияларға жол ашуға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік жобалар көрсету үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін. Көрме елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын жаңғыртуға, экономиканы жүйелі әртараптандыруға қуатты серпін береді. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу шағын және орта бизнестің дамуына да жол ашады.

P.P.S.

Астананың игі бастамасына көршілес елдерді айтпағанның өзінде, дамыған Еуропа мемлекеттері қолдау білдіруде. Өйткені, халықаралық EXPO көрмесінің арқауына айналып отырған миллиондарды толғандыратын болашақ энергиясы тақырыбын талқылау, адамзат тарихындағы кең ауқымды пікірталастардың бірі болып қала береді.

Дайындаған: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз