«ҰЛ» көркем фильмі жастарды жат ағымнан сақтандырады

«ҰЛ» көркем фильмі Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жастарды теріс діни ағымдардан сақтандыру мақсатында түсірілген «Ұл» атты қысқаметражды көркем фильмнің тұсаукесер рәсімі болды. Көрерменге жол тартқан жаңа туынды облыс әкімдігі мен дін істері басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы негізінде «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының бастамасымен түсірілген.

«ҰЛ» көркем фильмі

Оның желісі «хақ жолын ұстанамын» деп жүріп «салафиттік» ағымның жетегіне түсіп кеткен Сәбит есімді жігіттің басынан өткен оқиға негізінде өрбиді. Ол жесір шешесіне қамқор болып, ағасының үмітін ақтаудың орнына теріс бағытқа бет бұрып, аңдамай от басады. Өз анасын «кәпір» деп, бір ай үйге келмей қояды. Әскерден оралған ағасы дереу інісіне іздеу салады. Ақыры тауып, райынан қайтаруға тырысады. Бірақ, санасы әбден уланған жас оның сөзін құлағына да ілмейді. Сөйтіп, лаңкестік әрекеті үшін тәртіп сақшыларының қолына түсіп, жеті жылға бас бостандығынан айырылады. Ал, өзін теріс жолға итермелеген серкелер «қолға түскенше, шейіт болғанымыз артық» деп ажал құшады. Жеті жылдан соң адасқан ұл бостандыққа шығып, қолына бір құшақ гүл алып, шарқ ұра анасына қарай жүгіреді. Алайда, үш жыл бұрын оның о дүниелік болғанын естіп, өкініштен өзегі өртенеді…

Дәстүрлі дін мен жат ағымның арасында аңтарылып қалған ұл оқиғасы шынымен де ой саларлық. Осындай қайғылы жағдайға душар болып жатқан қазақ отбасылары арамызда жоқ емес. Фильмнен алған әсерімен бөліскен облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев түсіруші топты жемісті жұмысымен құттықтады. Сондай-ақ, бейбітшілік пен бірлікті насихаттап, еліміздің рухани дамуы мен өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен актерлерді Алғыс хатпен марапаттады.

Жалпы, фильмді түсіруге төрт ай уақыт жұмсалыпты. Режиссері – Амандық Есқалиев. Ал, басты кейіпкер Сәбиттің бейнесін сомдаған – осыған дейін «Өмірзая» фильмінде Әсеттің образымен көпшілік есінде қалған Қанат Ізет. Актерлердің қай-қайсысы да өз рөлдерін шынайы ойнағаны аңғарылады. Қалың бұқараға арналған фильм енді «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан көрсетілмек.

Амандық АБДОЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз