Корпорацияның мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау

Корпорацияның мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау Жаңалықтар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Абат ТАСЫМОВ  осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Корпорацияның мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау

Баяндамадан белгілі болғанындай, құрылған уақыттан бері корпорацияның кірістер көлемі 5,2 млрд. теңгені, шығыстары 4,8 млрд. теңгені, таза пайдасы 453,7 млн. теңгені құрады. Соның есебінен бюджетке (акционерге) 56,2 млн. теңге дивиденд аударылды.

2011-2014 жылдар аралығында «Жұмыспен қамту – 2020: жол картасы» және «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде облыста 92 несие серіктестігі 2860,3 млн. теңгеге қаржыландырылды. Барлығы 1174 ауыл тұрғыны жеңілдетілген несие алуға қол жеткізді.

Келесі бағыт – «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаралған нысаналы трансферттер есебінен 2011 жылы – 120, 2012 жылы 312,5 млн. теңге қаржы  бөлініп,  көп қабатты  15 тұрғын үй терможаңғыртудан өткізілді.

Тұрақтандыру қоры қалыптасты

Соңғы бес жылда аймақтың тұрақтандыру қорын қалыптастыру шаралары да жоспарлы жүзеге асырылды. Осылайша, 1032,4 млн. теңгеге 17546,9  тонна әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары төмендетілген бағамен тұтынушыларға жеткізіліп, арнайы белгіленген сауда орындарында сатылуы қамтамасыз етілді.

2016-2017 жылдарға маусымаралық кезеңге қорға бес ауылшаруашылық тауарын өндіруші субъектіден 2588,6 тонна картоп пен көкөніс дақылдары форвардтық келісім-шарт негізінде сатып алынды. Өткен жылдың желтоқсан айынан қордағы тауарлардың тең жартысынан астамы базар нарқынан 20-30 пайызға дейін арзандатылған бағамен саудаланды. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 900 тоннаға  жуық  картоп пен көкөніс өнімдері сақтаулы тұр. Былтырғы қарашадан бері  халыққа қолжетімді бәспен 424,420 мың дана тауық жұмыртқасы сатуға шығарылды.

Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланумен байланысты жұмыстарға жұмсалған инвестиция көлемі 7,27 млн. теңгеге, ал, тартылған қаражаттың сомасы 177,21 млн. теңгеге тұрақтады. Бұл салада акционерлік қоғамның қатысуымен 19 келісім-шарт ресімделді. Алты жылда осы саладан түскен инвестиция көлемі 220, 8 млн. теңгеге жетті.

2014-2016 жылдары бір еншілес және он тәуелді (барлығы 11) мекемедегі қоғамның үлесі 82,4 млн. теңгеге бағаланып, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электронды сауда-саттық арқылы 104,4 млн. теңгеге сатылды. Ағымдағы жылы екі тәуелді мекемедегі  қоғамның үлесін электронды сауда-саттық бәсекелестік ортаға беру көзделді.

Қоржында – 36 жоба

Бүгінгі таңда акционерлік қоғамның инвестициялық қоржынында барлығы 107,4 млрд. теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба бар. Мұндағы корпорацияның үлесі 13,2 млрд. теңге, жеке инвесторлардың еншісі 94,2 млрд. теңге болып отыр. Қазірдің өзінде жалпы құны 15,5 млрд. теңгені құрайтын 21 жоба іске қосылса, 15-і (91,9 млрд.теңге) жүзеге асырылу сатысында. Жұмыс жасап тұрған инвестициялық  жобалардың 12-сі өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Бұлардың санатында заманауи үлгідегі тауарлы сүт фермаларын, құс өсіру кәсіпорнын, жүн өңдеу фабрикасын, көкөніс өңдеу цехы мен егін өнімдерін сақтау қоймаларын, өзге де өндіріс ошақтарын атауға болады.

Атап  айтуға  тұрарлық бір жайт, инвестициялық жобаларды жоспарға сай пайдалануға берудің нәтижесінде бірнеше жүздеген тұрақты жұмыс орны ашылып, 1370 гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабы айналымға қосылған. Шаруашылықтардағы асыл тұқымды түлік  3550 басқа дейін көбейтілген. Сөйтіп, тек соңғы екі жылда жалпы сомасы 1720 млн. теңгеге бағаланған 5570 тонна мал өнімі мен 86,8 млн. дана тауық жұмыртқасы өндірілген. Кедендік төлемдерді қоса есептегенде, төрт жылда барлық жобалардан бюджетке аударылған түсімдер 1366 млн. теңгеге тұрақтаған.

Алдағы жоспар да ауқымды

Корпорация басшысы Абат Сапарғалиұлы болашақта жүзеге асырылуы жоспарланған жобалар мен алда тұрған міндеттерді де назардан тыс қалдырмады. Бұл ретте, Ұлт жоспары мен Елбасы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капиталын көбірек тарту мәселесін бірінші кезекте атады. Ал, жобалардың қатарында қуаты 80 мВт-тық күн электр стансасын, жасыл шөп қалдықтарын қайта өңдейтін биогаз кешенін, аумағы 40 гектар жылыжайды, түйе мен жылқы сүтін жинақтап-өңдеу, ауданы 35 мың шаршы метрлік логистика орталығы мен сүт тауарларын қаптау цехтарын, т.б. атаған ләзім.

Тұтастай алғанда, келешектің еншісіндегі осынау өміршең жобаларды іске қосу мақсатында жеке инвесторлар тарапынан 234 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделген. Инвестициялық жобаларды негізінен аймақ экономикасының басым секторларында қалыптастырып, оған отандық және шетелдік инвесторларды көптеп жұмылдыруға бағыт ұсталып отыр. Сөйтіп, үстіміздегі жылы облыс экономикасын қаржыландыруға тартылатын инвестиция көлемін 2,7 млрд. теңгеге жеткізу  көзделген.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз