Коронавирусты анықтайтын тегін тестке – 5,4 млрд. теңге бөлінді

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар

Аtr.kz/21 мамыр, 2020 жыл. Коронавирусқа байланысты ПТР-зерттеулер жүргізу үшін республикалық бюджеттен 5,4 млрд. теңге бөлінді. Бір тесттің бағасы шамамен 11,5 мың теңгені құрайды. Ал, талдамадан кімдер тегін өтеді? Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облыстық филиалы кеңінен түсінік берді.   

  • Бұл ретте 1,7 млрд. теңге – стационарларға, 3,7 млрд. теңге консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін емханаларға бағытталады. Осы медициналық ұйымдарда емделушілер ПТР-тесттен тегін өтеді, – деді аталған мекеменің өкілдері.

Өңірлер үшін тестілердің қажетті санын жергілікті атқарушы органдар анықтайды.  Қазіргі уақытта COVID-19-ға зерттеу жүргізетін 600-ден астам медициналық ұйыммен келісім-шарттар жасалды.

Баспасөз хабарламасында жазылғандай, COVID-19-ға күдікті провизорлық стационарға жатқызылғандар, жедел респираторлық вирустық инфекциялық және пневмония симптомдары бар азаматтар, қауіпті дертті жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдар тегін талдама тапсырады. Сондай-ақ, стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезіндегі пациенттер, тыныс алу органдарының, эндокриндік және жүрек-қантамыр жүйелерінің ауруларымен динамикалық бақылаудағы 50 жастан асқандар мен шетелден келгендер, коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларға тартылған Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері және жүкті әйелдер бар.

Бұдан басқа, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» эпидемияға қарсы іс-шаралар шеңберінде бірқатар санаттағы азаматтар үшін осы зерттеулер жүргізіледі. Үй карантиніндегі байланыста болған адамдардан, арнайы контингентке жататындардан –респираторлық симптомдары бар және жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлерінен, эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен, қарттар үйлеріндегі, интернаттық мекемелердегі адамдардан,  әскерге шақырылушылардан тегін сынама алынады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған