ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ҚЫЗМЕТІ

ол әлі көңілден шығып отырған жоқ

Қоғамдық көліктер халыққа қалай қызмет етеді? Автобустарды сарыла күтудің артында не сыр тұр? Жүргізушілер арасындағы төбелестер неге жиіледі? «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Инновациялық экономика» бағыты бойынша сараптама топтың кезекті отырысы осы мәселелерді талқылады. Оған қала тұрғындарының атынан партия филиалына келіп түскен хаттар себеп болды. 

Атырау қаласына қарасты Құрсай ауылының тұрғыны Күләш Әлиева №5 маршрут Дина базарының ішіне кіріп, халыққа жағдай жасаса екен деген тілегін айтты. «Құрсайлықтар базарға бар шаруашылығын тындыру үшін келеді. Базардан кем дегенде екі сөмке арқалап шығамыз. Аялдамаға жету үшін айналма жолдан әріге өтіп шығуға тура келіп жатады. Өзім де, жолдасым да мүгедек жандармыз. Ауыр заттармен жолдан өту қиын» дейді ол. Бұл маршрут «Наурызбаев» жеке кәсіпкерлігіне қарайды екен. Осы кәсіпкерліктің өкілі Жеңіс Тілегенов Құрсай – Қара Депо бағытындағы №5 маршрутты Дина базарына кіргізуге қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі тарапынан өткен айдан бері тыйым салынғанын айтты. Оның мәнісін аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Қуаныш Ибрагимов көптеген маршрут жолдарының бір-бірімен тығыз байланыстылығымен түсіндірді. «Жүргізушілер  арасындағы дау-жанжал да сол себепті орын алып жатады» деді ол.

Осы арада мәселеге араласқан облыстық мәслихат депутаты, сараптама топ мүшесі Бөріхан Беркімбаев халықтың базар үшін баратынын алға тартып, аталған маршрутты сауда орталығына кіргізуді ұсынды. Біраз талқылаудан соң, №5 маршрут Дина базарының ішіне тоқтап, жүру бағытын әрі қарай жаңа аялдамалармен жалғастыратын болып шешілді.

Қоғамдық көліктердің әр аялдамада сарылып жолаушы күтіп тұратындығы, кондукторлардың дөрекілігі, маршруттар арасындағы уақыт жиілігінің сақталмауы сынды мәселелерді айтушылар да, жазушылар да көп болғанымен, оның мәнісіне үңіліп жатқандар аз. Осы орайда, «Айстрансхолдинг» ЖШС директоры Мақсот Сүйінов біраз мәселелердің бетін ашты. «Теңгенің құнсыздануы, жанармайдың қымбатсуы сынды жағдайлар мекеме экономикасына кері әсерін тигізуде. Осыған орай, жергілікті әкімдікке өтемақы төлеу мәселесін қойып отырмыз. Қала бойынша айына 23 900 зейнеткер жарты бәсіне, 47 000 мектеп оқушысы тегін тасымалданады екен. Мұның өзі серіктестік үшін үлкен сома. Мысалға, шағын газельге жиырма жолаушы отырса, оның оны бала болады. Соңғы бес жылдың ішінде су, газ, электр жарығы сынды коммуналдық қызмет түрлерінің қымбатсығанын ескерсек, қоғамдық көліктегі жолаушылар тасымалы бағасы арзансымаса, қымбатсыған емес» деді ол. Және бір айта кетерлігі, зейнеткерлер мен мектеп оқушыларының тасымалы үшін серіктестікке ешқандай өтемақы төленбейді екен. Осы орайда, кеңес мүшелері мәселені тереңінен зерттеп, тиімді шешімін алуға уағдаласты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз