Кіндік шеше кім еді?

Kindyk keser Жаңалықтар

Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Қазақ халқының көнеден келе жатқан әдет-ғұрпының бірі – балаға кіндік шеше тағайындау. Отбасының үлкендері, яғни, аяғы ауыр келіннің ата-енесі қуанышты жағдайды естігеннен кейін құрсақтағы шарананың жағдайын ойлайтын болған. Соның бірі де бірегейі – шаранаға лайықты кіндік шеше іздеу.

Кіндік шешеге негізінен көп балалы, өскен әулеттің анасы, бүкіл ауыл-аймаққа ақылымен, білігімен, іскерлігімен, мырзалығымен танылған жанды лайықтаған. Өйткені, сәбидің болашағы кіндік шешеге де байланысты деген ұғым бар. Бүгінгі ғылыми тілмен айтатын болсақ, дүниеге жаңа келген шақалақты ең алғаш қолына ұстап, етегіне орап алатын, анасымен байланыстырып жатқан кіндігін кесетін, сөйтіп, оның биоөрісіне әсер ететін бірден-бір адам – кіндік шеше.

Сондықтан, сәби оған тартпағанда кімге тартады? Баланың жақсы мінезін, оған қоса кемшіліктерін де кіндік шешеден көріп жататыны осыдан болса керек. Ал, кіндік шеше дүниеге келетін шаранаға иткөйлек пен дөңгелек бөрік тігіп, басқа да рәсімдерін жасайды. Мәселен, бір қойды сойып, басын, құрметті қонаққа арналған мүшелерін, ауыз омыртқамен қоса мойын омыртқаны тұтасымен, екі бөтекені үлкен табаққа салып алып, жас босанған анаға қалжа апаратын болған. Үнемі кіндік баласын қамқорлап, өз балаларынан кем көрмей, әр қадамына сәттілік тілеген.

Алыс сапарға аттанатын болса, тоқымқағарды да кіндік шеше ырымдап жасайтыны бар. Қыз бала тұрмысқа шықса, ұзатылған жеріне құдағи болып барады, ұл бала үйленген кезде де құдағи ретінде құдаларға таныстырылады. Осы тақырыпта оқырмандардың, мамандардың пікірін келтіре кетуді жөн көрдік.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Көне ғұрыптың киесі

Ғафу САФИҚЫЗЫ,

еңбек ардагері:

Әр нәрсенің кіндігі болады. Мәселен, Жер-Анамыз кіндігінен айналып тұр емес пе? Ал, қасиетті қазақ даласын бұрын Дешті-Қыпшақ даласы, Тұран жері деп атаған. Қазір «Еуразияның кіндігі» деп атап жүр. Осының өзінен мен үлкен сабақтастықты байқаймын. Қазақ даласы – басқа жерлерге қарағанда қойнауында кені мол, қасиетті жер. Тіпті, домбыра жасаушы шеберлер ағаштың да кіндігі бар екенін айтып жатады. Жанды болсын, жансыз болсын, бәрінің де кіндігі – ең үлкен рөл атқаратын нәрсе.

Ал, бүгінде жас қыздардың шолақ кофта киіп, таптар шалбар, белдемшелерден кіндігі көрініп тұратыны жасырын емес. Баяғыда әже-аналарымыз «Кіндігіңді қымтап жүр. Жел қармап қалса, қиын болады. Әсіресе, қыз баланың кіндігін қымтап жүру керек. Егер кіндігін жауып, ашық-шашық жүрсе, барған жерінде құрсақ көтере алмайды» деп жататыны бар еді.

Қазіргі таңда жас келіндер құрсақ көтере алмай, қиналып, тіпті «эко» жасатып, пробирка арқылы бойына бала бітуі үшін қыруар қаржы жұмсап жататынын көріп жүрміз. Соның бәрі бағзыдағы салт-дәстүрді сақтамағандықтан, кіндіктің киесі ұрғаннан деп ойлаймын. Олай болса, кіндік шешенің де рөлі жойылмауға тиісті. Өзім балаларымның, немере-жиендерімнің кіндік шешесі етіп мінезді, сабырлы, ортаға сыйлы жандарды алған едім. Олармен араласып-құраласып отырамын.

Халық айтса, қалт айтпайды

Саида ОРАЗҒАЛИЕВА,

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

Қазақта дүниеге жаңа келген нәрестеге кіндік шеше болу – өте құрметті де қадірлі жұмыс. Бір апайымыздың осы рәсімге байланысты айтқаны есімде. Қазіргі таңда ұстаз болып қызмет ететін Гүлсара апайдың кіндік шешесі Ермек шешей өте таза, кірпияз адам болыпты. Үйіне шаң жуытпай, төсек-орны, үстіндегі киіміне қылау тигізбейтін болғандықтан, ол кісінің кіндік шешесін жұрт «Кербез» деп атап кеткен екен.

Біздің апайымызға кіндік шеше болып, үйге қалжа апарып, шілдехана жасағанда кіндік атасы Салық Битекенұлы: «Үйге сыпырғы мен сабынды мол етіп жинай беріңдер» деп әзілдеген көрінеді. Кейіннен шындығында да әріптес апайымыз өте таза, жан-жағына кіршік жолатпайтын «кербез» кісі болып өскен. Қазір де ортамызда жүрген ол кісінің жүрістұрысына, киім киісіне жастар да еліктеп жатады. Ерекше бір талғам бар. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген осы ғой.

Етегіне орап алған екен…

Гүлжан МҰСАЛИЕВА,

математика пәнінің мұғалімі:

Халқымыздың тұрмыссалтындағы көнеден келе жатқан дәстүрдің бірі – нәрестеге кіндік шеше болу. Ұлтымыздың тыныстіршілігінен хабар беретін осынау ғұрыпқа байланысты мен де әріптес Майра апайдан бір әңгіме естіп едім. «Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шені.

Құрманғазы ауданындағы шалғай ауылдардың бірінде мұғалім болып қызмет ететін апайымыз тұрмысқа шықты. Арада бір-екі жыл өтіп кетті. Кейіннен автобуста келе жатып апайымызды кезіктірдім. Қолында кішкене сәбиі бар. «Жасқа енді толады. Шала туды. Күнінен бұрын дүниеге келген қызымды көрші тұратын абысынымыз Мәндеш әжей етегіне орап алды» дегені есімде қалыпты.

Қызмет бабына байланысты бірнеше жыл өткенде апайды тағы да кездестірдім. Шүйіркелесіп әңгіме айтып жатырмыз. Бір кезде: «Абысыныңыз етегіне орап алған қызыңыз қалай, өсті ме? Өзі кімге тартқан? Кіндік шешесін есіңізге түсіріп тұра ма?» деп едім, «Несін айтасың, қарағым! Қазақта «Бала тоғыз ай көтергенге емес, жерден бір көтергенге тартады»деген қанатты сөз бар ғой, әбден дұрыс айтылған.

Қызым Мәндеш абысыныма айнымай тартқан. Әділетсіздікке төзбейтіні, туралығы, қайтпас қайсарлығы, еңбекқорлығы сол кісіні қайталайды да тұрады» деп күліп жатыр» деп әңгімесін аяқтап еді Майра апай. Шынында, қазақта бұрынғы әжеапаларымыз кіндік балаларын көйлегінің етегіне орап алған ғой.

Атырау қаласында тұратын Ақмырза Батырхайыров деген ақсақал бар. Сол кісіні де кіндік шешесі көйлегінің етегінен жасалған жөргекке орапты. Одан ол жаман болған жоқ. Еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болды.

P.S.

Кіндік шеше… Қаймағы бұзылмаған қайран ауылым… Сол ауылда менің де кіндік шешем тұратын. Ата-әжеммен сыйлас, пікірлес адам болғандықтан, бір күні біздің үйде, келесі күні кіндік шешемнің үйінде топыр лап қонақ болып жүретінбіз. Ол күндер қазіргі ұрпаққа ертегі іспетті.

Бірақ, кіндік шеше ұғымы қазақы қоғамнан өшпеуі, жоғалмауы тиіс. Халқымыздың өзіне ғана тән салтының көрінісі ретінде емес, жаңа туған шарананың атаанасынан басқа тағы да бір тілеулесі, қамқоршысы болуы үшін…

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз