ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР

тың бастамаларға ұйытқы болуы тиіс

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен облыс әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас жасау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда алдымен «Үкіметтік емес ұйымдардың проблемалары және олардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының даму тенденциялары туралы» мәселе қаралды. Бұл жайында «Атырау облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Динара Қожасова баяндады.

 

Азаматтық қоғамға – батылқадам

Ағымдағы жыл басынан бері облыста үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен небәрі үш әлеуметтік жоба жүзеге асы-рылған. Жылыой ауданында –бес, Индерде – екі, Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға мен Мақат аудандарында бір-бірден жергілікті емес ұйымдарға практикалық көмек көрсетілген.

Осыған дейін іске асқан жұмыстардың барысында негізінен мүгедектер құқықтарын қорғау, экология, гендерлік және жастар саясаты мәселелері сияқты әлеуметтік жобалар қамтылған. Бұларға «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігі, «Мүгедек әлемі» және «Болашақ-Қ» қоғамдық бірлестіктерінің белсенді атсалысқанын айтқан дұрыс. Одан бөлек, атыраулық жастар арасында «Жүректен-жүрекке», «ААА» және «Волонтерлер корпусы» тәрізді еріктілер қозғалысының белсенділік танытуы үкіметтік емес ұйымдардың қатарының көбейіп келе жатқанын байқатады. Бұл үрдісте «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының «Ынтымақ» бағдарламасының елеулі ықпалы барлығын білдік.

Дегенмен, алда да жүзеге асырылуға тиісті жұмыстардың, жетілдіре түсер тұстардың да аз еместігін баяндамашы ашық  айтты. Қаладағыға қарағанда аудандарда құрылған мұндай ұйымдардың саны тым аз, белсенділігі де төмен болып тұр.

 

Жастар белсенділігі көп мәселені шешеді

Осы мәселеге орай қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық Жастар саясаты басқармасының басшысы Мейірім Қалауи-дің де қосымша хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша, қазіргі таңда жалпы республикамыздағы секілді, облысымызда да  мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында өңірлік бағдарлама-жоспар қабылданған.

Бағдарламада қамтылған бағыттар бойынша қаралған жобалардың орындалысына үстіміздегі жылы 50 млн.теңге сомасында қаржы бөлінген. Қаралған қаражатты игеріп, жобаларды іске асыру 14 үкіметтік емес ұйымға жүктелген. Республикалық «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне үңілсек, сауалнамаға қатысушылардың 52,3 пайызы жастар ұйымдарының ең басты проблемаларының бірі ретінде қаржыландыру мәселесінің қиындығын атаған. Сондай-ақ, жастардың 34,9 пайызы қаражаттың жергілікті мемлекеттік органдардың тарапынан ұсынылған тапсырыстар бойынша аударылатынын айтса, 6,2 пайызы халықаралық ұйымдар мен мекемелердің гранты арқылы жұмыс жасайтындықтарын көрсеткен. Сондай-ақ, сауалдарға жауап қайтарғандардың 39,8 пайызы жұмысты ұйымдастыруда қиындық туғызатын басты  проблемалардың қатарында орынжайдың тапшылығын немесе мүлдем болмауын келтірген.

Осындай дерек-дәйектерімен бөліскен Мейірім Жоламанұлы келешекте көбірек көңіл бөліп, айрықша назар аударылатын мәселелердің өзі де осылардан туындайтынын, олардың шешімін табуына баршамыздың мүдделілік танытуымыз қажеттігін аңғартты.

 

Рухани даму да қалыс қалмауы шарт

Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген екінші маңызды мәселе – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың салалық принципін кеңейту бағытында атқарылған жұмыстар төңірегінде облыстық Мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев хабарлама жасады.

Екі жылда жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылық еңбектерін жинақтап, жарыққа шығаруға 5 млн.теңге қаражат жұмсалған. Осыншама қаржыға белгілі журналист-жазушы Төлеген Жаңабаевтың «Атырау көсемсөзшілері», Өтепберген Әлімгереевтің «Атырау ақтаңгерлері», өнер зерттеушісі Жайдарбек Зайдуллиннің «Атырау қолөнері», сол сияқты «Атырау саз әлемі», «Атырау спортшылары» кітаптарын басып шығаруға тапсырыс беріліп, алды жарық көріп те үлгерген. Осы қыркүйек айының соңғы онкүндігінде Исатай мен Құрманғазы аудандарында танымал қаламгер, талантты ақын, бірнеше республикалық және халықаралық сыйлықтардың иегері Қойшығұл Жылқышиевтің өмірі мен шығармашылық еңбек жолын насихаттауға арналған оқырмандармен кездесу кештерін өткізу жоспарланған. Оған қоса, биыл ортамызда жүрсе 75 жасқа толатын Нарынның наркескені Нұралы Әжіғалиев пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ поэзиясының падишасы атанған Фариза Оңғарсынованы еске алып, құрмет көрсету мақсатында шаралар ұйымдастыру белгіленген. Мұның сыртында алдағы желтоқсан айында, Тәуелсіздік күні қарсаңында атақты Әйтеке би Байбекұлының туғанына 370 жыл толуына орай шешендік өнер сайысы өткізіледі. Осылардың барлығына 11,3 млн.теңге көлемінде қаржы қаралған.

Бұдан басқа, салалық басқарманың «Алтын топшы», «Каспий табиғаты», «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестіктері-үкіметтік емес ұйымдарымен, мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Өмір гүлі» ансамблімен, өзге де шығармашылық одақ ұйымдарымен бірлесіп атқарған және алға қарай да жалғасын табар жақсы істерінің барын байқадық. Әрине, мұнымен ешқандай проблема, кемшілік жоқ, бәрі де ойдағыдай деп бағалай салу да қисынсыз.

Қалай дегенде де, үкіметтік емес ұйымдардың мәртебелі миссиясы түбінде халықтың қажетіне, көптің керегіне жарайтындай игілікті іске бастамашы болу, басталған жұмыстың аяғына дейін жетуіне үлес қосу болып табылады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз