«Kazislam» порталының сарапшысы, дінтанушы, PhD доктор Ершат Оңғаров: «Талақ – қазаққа жат ұғым»

men dil Жаңалықтар

– Ащы да болса шындық, қазір елімізде шайқалған шаңырақтар мен ойран болған отбасылар саны күн санап көбеюде. Оған енді «талақ» деп тақылдайтын жастар шығып жатыр. Қазақ қоғамында «ақ неке» деген ұғымның орны қандай еді?

дін мен діл

– Неке – халқымызда қасиетті ұғым. Сондықтан, оны жай ғана неке деп емес, «ақ неке», «ақ некелі асыл жарым», «ақ отауым», «ақ шаңырағым» деп ерекше құрметтеген. Асыл аналарымыз бен ардақты әкелеріміз қара басының қамынан отбасы – ошақ қасының татулығын бірінші орынға қойған. Бұрын әжелеріміз отбасында болып жатқан түсініспеушіліктерді сыртқа білдірмеген. Барлығын ақылмен, сабырмен өзара шешіп отырған. Психологтардың айтуына қарағанда, ерлі-зайыптылардың өмірде кездескен қиындықтарды бірге жеңе білуі нәтижесінде олардың қарым-қатынастары жаңа сатыға көтеріліп, бір-біріне деген сүйіспеншіліктері одан сайын арта түседі екен. Яғни, өмірде кездесетін қиындықтар оларды шыңдай түседі.

– Рас, тамыры тастай бекіген небір мықты отбасылар бар. Дегенмен, қазіргі отбасылардың түйткілдері туралы не айтасыз?

– Статистика мәліметіне сүйенетін болсақ, елімізде некелескен жұптар саны азайып, ажырасқан отбасылар саны артып келеді екен. Мәселен, елімізде 2016 жылы 140 840 неке тіркелген болса, соның 51 775-і ажырасып кеткен. Ал, некесін заңды түрде тіркемей, тек шариғи неке қиғызумен шектеліп, содан соң үйленбей жатып ажырасып, талақ беріп жатқандар қаншама? Ең сорақысы да осы болып тұр. Бұрын-соңды ел естімеген, ұлтымызға, дінімізге мүлдем жат, жиіркенішті әрекеттер белең алып барады. Бірнеше әйелге үйленіп, ертеңіне «талақ» деп некесін заңдастырмай, ажырасып жатқандар көбейді. Бұл ұлттың болашағына балта шауып, халықтың арасына іріткі салуды көздеген теріс ниеттегі адамдардың іс-әрекеті екені анық. Өкінішке қарай, біздің ештеңеден бейхабар қаракөз қыздарымыз солардың арбауына оңай түсіп, сан соғып қалып жатыр. Нәтижесінде заңсыз туған жетім балалар, жесір аналар саны артуда. Осының бәрі өзіміздің сан ғасырлардан бері келе жатқан ұлттық құндылықтарымызға, асыл дінімізге мән бермей, өзге мәдениетке еліктеудің нәтижесі болса керек.

– Енді мұның қандай шешімдерін көріп отырсыз?

– Мемлекеттік мекемеде тіркеуден өткен соң барып мешітте неке қидыру керек. Сондай-ақ, «қызға қырық үйден» тыйым салып, ата-ана олардың әрбір қадамын жіті қадағалап отыруға міндетті. Егер балаларының немесе қыздарының қандай да бір іс-әрекетінен күмәнданса, оғаш қылықтар байқаса, онымен сөйлессін. Құлақ аспаса тиісті орындарға хабарлауы қажет. Білім ордаларында арнайы мамандардың түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Тіпті, теледидар, радио хабарларында берілетін жаңалықтарда құлаққағыс етілуі қажет. Сонымен бірге алданып қалған аруларымызға да зерттеу жүргізу артық болмайды. Алданып қалатын көбіне кімдер, қай жастағылар, не себепті?

Біреудің тағдырымен ойнауға адамгершілік қасиеттерден жұрдай адамдар ғана бара алады. Оларға қатаң жаза берілуі тиіс. Асылы, ата-бабаларымыз ұстанған қағидаларды біз де санамызға сіңірсек, адалдық, өтірік айтпау, біреудің ала жібін аттамау сияқты адамгершілік құндылықтарды ардақтай білсек, адамның бір-біріне деген құрметі артып, бақытты отбасылар қатары да көбейер еді.

Сұхбаттасқан: Құдайберді БАҒАШАР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз