Қазақстанда спорт университеті ашылуы мүмкін

20190529161026 Жаңалықтар

Аtr.kz/30 мамыр, 2019 жыл. Елордада халықаралық деңгейдегі Спорт университеті ашылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан барысы» турниріне арналған баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Бапкерлерді дайындау мәселесі өзекті. Шынында да, біздің елімізде тек ұлттық спорт түрлерінен ғана емес, олимпиадалық спорт түрлерінен жақсы деңгейде дайындайтын университеттер мен колледждер аз. Қазақстанда әрбір өңірде облыстық мектеп-интернаттар бар. Соларды қазіргі таңда колледжге айналдырып жатырмыз. Сол колледждердің ішінде ұлттық спорт түрлерінің бөлімшесін ашып, сол жерден жақсы дарынды балаларды дайындау керек.

Сол секілді университет мәселесі де қолға алынып жатыр. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Нұр-Сұлтанда халықаралық деңгейдегі жақсы Спорт университетін ашу жоспарда бар. Сол университетте олимпиадалық спорт түрлерінен басқа ұлттық спорт түрлерін де қолдап, жақсы бапкерлерді дайындау керек», – деді ҚР Ұлттық олимпиада комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.

Еске сала кетсек, «Қазақстан барысы» турнирі биыл 8 маусымда елордадағы «Барыс-Аренада» өтеді. ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораевтың айтуынша, осымен тоғызыншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 6 маусым, сағат 19.00-ге белгіленген. Басталуы – 8 маусым, сағат 13.00-де.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз