Кәсіпкерлерге 7 млрд. теңгеге дейін қолдау көрсетілмек

89145 Жаңалықтар

Аtr.kz/21 сәуір, 2020 жыл. Бизнес жобаларын кеңінен қамту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика вицеминистрі Жасұлан Мәдиев айтты.

«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі, ол экономикалық өсім мен жұмыс орындарының маңызды көзі саналады. Біздің бағалауымызша жалпы ішкі өнім құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 29,5 пайызды құрайды. Бұл секторда 3 миллионнан астам адам жұмыс істейді.

Шағын және орта бизнесті негізгі қолдау «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жүзеге асырылады. 2019 жылы және биыл осы бағдарламалар бойынша қолдауға ие болған кредиттік портфельдің жалпы көлемі 372 млрд. теңгені құрап, 5,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды», – деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, елімізде төтенше жағдай енгізілуі аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен шұғыл шаралар топтамасы әзірленген. Бұл жұмыс ауқымында жоғарыда аталған екі бағдарлама бойынша түпкілікті заемшы үшін сыйақы мөлшерлемесі сәйкестендірілді.

«Енді аталған бағдарламалар бойынша кредит құны 6 пайыздан аспайтын болады. Бизнес жобаларын кеңінен қамту үшін «Бизнестің жол – 2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің кез келген субъектісі бағдарламаға қатысушы бола алатындығын және жеңілдетілген қаржыландыру алатындығын білдіреді. Бір кәсіпкерге кредиттік қолдау мөлшері 7 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды, айналым қаражатын қаржылай толықтыру айтарлықтай кеңейтілді.

Бағдарлама аясында айналым қаражатын толықтыру 500 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды және жаңартылып отырады. Бұл ретте сауда қызметіндегі субъектілер үшін айналым қаражатын толықтыру 100 млн. теңгеге дейін жетеді. Кепілдендіру құралы бойынша кредит сомасы 1 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Кепіл көлемі 50 пайыздан аспайтын болады. Бұл ретте 360 млн. теңгеге дейінгі кредиттер займ сомасының 85 пайызына дейін кепілмен жабылады»,- деді Жасұлан Мәдиев.

Аман ШАМАР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз