КӘСІП АШСАҢ, ХАБАРЛА!

Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары семинар өткізіп, кәсіпкерлерді ҚР «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңында көзделген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кейбір қызмет түрлерін жүзеге асыру тәртібімен таныстырды. Шараға қаланың сауда және қоғамдық тамақтандыру орындарының басшылары қатысты.

 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Осы заңға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Айталық, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 21-1-бабы толықтырылды. Оның бірінші тармағында санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз маңыздылығы жоғары объектілерді пайдалануға тыйым салынады. Ал, үшінші тармағында қатардағы объектілерге санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жасалмай-ақ қызметіне кірісуге рұқсат етіледі. Бір ескеретін жайт, бұл нысандардың иелері кәсіптерін бастарда  немесе тоқтатқан кезде осы саланы бақылайтын тиісті орынды хабардар етуге міндетті.

Облыс көлемінде тағам бөлімі бойынша барлығы 2436 нысан бар. Соның ішінде 1060 санитарлық-эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары нысан болса, қатардағы нысандар саны – 1376. 

Семинарда кәсіпкерлерді заңның жаңа талаптарымен таныстырған облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің балалар, білім беру және тағам объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Бекешева «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» ҚР Заңына сәйкес, бақылауға алынбаған және санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ нысандарды анықтау жұмыстары жүргізілуде» деді. Оның айтуынша, бүгінгі күні осындай 21 нысан тіркелген. Оның ішінде тоғызы – жұмысшыларға арналған тамақтандыратын, 12-сі – 50 адамға дейін қамту мүмкіндігі бар қоғамдық тамақтандыру және сауда орындары. 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз