Қараусыз қалған ұңғыма: қоршаған ортаға қаншалықты қауіпті?

SV 0226 kopiya 1 Жаңалықтар

Atr.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Облыста қоршаған ортаға қауіп келтіретін апатты мұнай ұңғымалары бар. Олар су басу аймағында және Каспий теңізінің жағалауында орналасқан. Оны жоюға байланысты қандай жұмыстар жасалатындығы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан айтып берді.

Атырау аумағында 90 апатты жағдайдағы ұңғыма тіркелген. Оның 88-і жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық аумағында орналасқан. Екеуі мемлекеттік қорда.

– 88 ұңғыманың 13-і тығындалған. 61-інің қауіптілігі жоқ. Тығындалуы тиіс 14 ұңғыманың 5-еуі жер қойнауын пайдаланушылардың теңгеріміне алынбаған. Мемлекеттік қордағы екі ұңғыманың біреуі (Сарышағыл) осыдан үш жыл бұрын жабылды, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

«Прорва Морская Г-1» ұңғымасы да мемлекет қорында. Оның жобасы жасалып, 52,3 млн. теңге қаражат бөлінген. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтпегендіктен, жұмыстар атқарылмапты. Осыған байланысты биыл бұл жоба қайта жасақталатыны белгілі болып отыр. Ал, тығындалуы тиіс 14 ұңғымаға қатысты Атырау облысының әкімшілігі Энергетика министрлігіне және «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына хат жолдапты. Әзірге белгілісі, 5-еуі осы жылы тығындалады. Қалғанын соған иелік етуші кәсіпорындар бақылауда ұстауда. Облыс тұрғындарының ауыз су, шаруашылық қажетіне тұтынатын судың көлемі жылына 49,7 млн. текше метрді құрайды. Оның ішінде жерасты көзінен алатын судың көлемі бар болғаны 2 пайыз. Байқағанымыз, өңірде ауыз су тапшылығы бар. «Оны жою мақсатында Ақтөбе облысының «Көкжиде» су қорынан құбыр желісін тарту мәселесі көтерілді.

Бүгінде бұл жоба қаншалықты жүзеге асып жатыр?» деген «Атырау» газеті тілшісінің сұрағына облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан толымды жауап берді. – Облыстың Атырау қаласы, Махамбет және Индер аудандарының тұрғындары ауыз суды іргесіндегі Жайықтан алады. Бұл өзеннің гидрологиялық деңгейі Ресейдің Орынбор облысында орналасқан «Ириклинский» су қоймасынан жіберілетін су көлеміне тікелей тәуелді. Құрманғазы, Исатай, Жылыой жұрты облыс аумағы арқылы өтетін «Астрахан– Маңғышлақ» магистралды құбырынан қажетін өтесе, Қызылқоға мен Құрманғазы ауданының Азғыр өңірінің халқы жерасты суын ішіп отыр. Ақтөбе аумағындағы «Көкжиде» жерасты су көзі Атырау жұртын ауыз судың азабынан құтқара алады. Үлкен жоба жүзеге асса, Жайық өзеніне түсетін салмақ азаяр еді.

Каспий теңізінің биологиялық әралуандығын сақтау мен молайтуға септігі тиеді, – деген сұхбаттасушымыз Ақтөбе облысының әкімшілігі су қорын қайта бағалау жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд. 161 млн. теңге сұратқанын айтты. Қазір қаржы бөлініп, конкурс жеңімпазы анықталған. Жобалау жұмыстары үш жылда орындалады деп жоспарланып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз