Кәсіпкерлікке – кең өріс

ақпарат ағыны Жаңалықтар

Қазіргі таңда облыстағы алты жүзге жуық сотталған азаматтың 360-тан астамы еңбекке жарамды. Соның ішінде 47 пайызға жуығы жұмыспен қамтамасыз етілді. Олар полиграфия, қолөнер, тұрмыстық бұйымдарды және қағаз пакетін шығарып, тігін цехтарында қызмет етеді. Жуырда «Атырау» мәдени орталығында өткен көрмеде, негізінен, бас бостандығынан айырылған азаматтардың қолынан шыққан дүниелер назарға ұсынылды.

ақпарат ағыны

Айта кетсек, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 80 жұмыс күшімен қамтылған жеті кәсіпкер қызмет атқарады. Оның ішінде «Бум 2020», «Оразбаева», «Нейбарт» жеке кәсіпкерліктері мен «Эртри» ЖШС «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау шараларын алған.

– Біздің мекемеде түзеу колониясындағы отыз азамат қызмет атқаруда. Оның  сегізі – әйел адам. «Белый квадрат» жеке кәсіпкерлігі полиграфия, перде (жалюзи), қақпа, қоршау, бағана сынды металл өнімдерін шығару бағытында жұмыс жасап келеді, – дейді жеке кәсіпкерлік директоры Нұрберген Дәулетов.

Ал, «Еңбек-Атырау» кәсіпорнында қырыққа жуық сотталған адам арнайы маман және тұрмыстық киімдерді тігумен қатар кір сабын, металл, ағаш, нан өнімдерін дайындайды. Бұл өнімдер де көрмеге ұсынылды.

ақпарат ағыны2

– Жазасын өтеп жатқан азаматтар темір тордың ар жағында мемлекет бөлген қаражатқа қарап отырмай, кәсіпкерлер де оларды жұмыспен қамтуы керек. Бұл жөнінде үкіметтің нақты тапсырмасы бар. Осы бағытта жұмыс жасап жатқан кәсіп иелеріне алғысымды білдіремін. Бүгінгі көрмеде еңбектің нәтижесін көріп отырмыз. Сұра-  нысқа сай  қажетті өнімдер шығарылуда. Кәсіпкерлерге өндіріс аймағын төмен бағамен сенімгерлік басқаруға алу, дайын білікті жұмыс күшімен қамтылу, айлық жалақы бойынша аз шығын жұмсау және тағы басқа жеңілдіктер жасалуда. «Кәсібімді ашамын» деушілерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар, бағдарламалар қабылданды, субсидия берілуде. Мұндай көмек көршілес Ресей елінде де жоқ, – деді шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев.

Мұндай қолдау абақты қа-бырғасындағы жұмыс жазасын өтеушілер үшін де пайдалы. Олар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, сүйікті ісімен айналысып қана қоймай, кәсіпкерлік біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. Оның үстіне еңбекақы төленеді. Жасаған қылмысы қоғамға шығын келтіргендер үшін де бұл – мемлекет алдындағы берешегін өтеудің таптырмас мүмкіндігі.

Сонымен қатар, жиналған жұртшылық технологиялық бизнес инкубаторында қызмет ететін мекемелердің де шығарған бұйымдарын тамашалады. Қазіргі таңда аталған бизнес инкубаторында жиырмаға жуық жас кәсібін бастап отыр. Көрмеде тұрғындарды, әсіресе, «Зере» жеке кәсіпкерлігінің пластикалық бұйымдары, «Теплый блоктың» керме төбелері, «Жаңа өндірістің» резеңкелері, «Айдар», «Әлихан», «Абдрахум» компанияларының металдан жасалған есіктері, терезе торлары, қоршаулары қызықтырды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз