Көрнекті қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың туғанына – 90 жыл

атыраудың ардақтылары Жаңалықтар

Киелі Атырау топырағында талай тарлан дүниеге келді. Олар ел басқару ісінде, әдебиет пен өнерде, спортта туған жерінің атын алысқа таратқан, есімдері жалпақ жұртқа аян болған. Сондай жайсаң жандардың бірі – үстіміздегі жылы туғанына 90 жыл толатын, белгілі партия және қоғам қайраткері Саламат Мұқашев.

атыраудың ардақтылары

Алдымен, Саламат Мұқашевтың басшылық қызметін шолып өтейік. Ол Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және республикалық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Ембі аудандық, Гурьев және Маңғыстау облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды. Турасын айтқанда, күллі елімізде түрлі деңгейдегі басшылықтың жоғары тұтқасын бес мәрте қолына ұстаған мұндай адам кемде-кем. Қырық жыл бойы мемлекеттік қызметті мінсіз атқарған Сәкең – міне, осындай тұлға.

Енді мұндай жан туралы қалам тербеу үшін оны жете білу де қажет. Мен оның Жылыойда (қазіргі Ембі) бірнеше жыл көмекшісі болған кісімін. Ал, бұл қызметке қалай келдім? Бұл да – үлкен кісінің кадр таңдаудағы шеберлігі, жас мамандарға зор сенім артуы. Сонымен, өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдарының басында кеңшарда жұмыс жасап жүрген мені аудандық комсомол комитетінің хатшысы Закаш Камалиденов осында қызметке шақырды. Сөйтіп, жаңа жұмысымды алаңсыз жасап жүргенмін. Бір күні аппараттағы Сәбира Ахметжанқызы апамыз қоңырау шалып, мені аупарткомның бірінші хатшысы шақырып жатқандығын айтты.

Шындығын айтайын, бұған дейін түрлі шараларда сыртынан ғана көріп жүретін адамның алдына бірінші рет келуім. Сәкең жылы сәлемдескен соң менің өмір жолымды өзіме жайып салды. Сонау 1955 жылы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң комсомолдық жолдамамен Те-міртау магниткасына аттанғанымды, алғашқы шойын балқыту сәтіне қатысқанымды, кейін Семей цемент зауыты құрылысына жіберілгенімді, ақыры аудандағы «ХХ партсъезд» атындағы кеңшарда еңбек еткенімді баяндап берді. Содан соң өзіне көмекшілікке ұсынбақшы ойын айтты. Ертеңіне обкомға жүруім керек екен.

Сөйтіп, обкомның талқысынан өтіп, жаңа қызметіме кірістім. Айына екі рет аупарткомның бюро отырысы және тоқсанына бір рет пленум өтеді. Соларда қаралатын мәселелерді дайындауым, шақырылатын адамдарды құлақтандыруым қажет. Аупарткомның бөлім басшылары мен комиссия мүшелеріне берілетін тапсырмаларды пысықтау да маған жүктелді. Бірінші хатшы қабылдау өткізеді. Солардың хаттамалары да толтырылуы тиіс. Міне, үлкен кісінің сенімін ақтап, осындай міндеттерді мүлтіксіз орындауға тырыс-тым.

Жалпы, жиі араласып жүргенде Саламат Мұқашевтың үш қасиетін ерекше таныдым. Алдымен, адамгершілігі. Үлкенмен де, кішімен де тең дәрежеде тілдесетін. Адамдарды мұқият тыңдайтын. Әлі есімде, Қаратон кентінен Әлібай атты ақсақал шағым айтты. Өтініші – үстіне киетін тон мен шөп шабатын жабдық екен. Сәкең «Казсельхозтехника» мекемесінің аудандағы басшысын шақырып, шешуді тапсырды. Кейін қарт арнайы келіп, «қарағым, Саламат, сенің «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болатыныңа күмәнім жоқ» деген. Тағы бір қабылдауда Құлсарыдағы тоғызыншы ауылдың бір тұрғыны келген шаруасын ұмытып қалды. Ақыры, «сіздің адамгершілігіңізге, қарапайым мінезіңізге разы болып, айтпақ мәселем есімнен шығып кетті, әлі де өсерсіз, ұзақ ғұмыр сүріңіз» деп батасын берген.

Саламат ағаның екінші қасиеті – мәдениеттілігі. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі, іс-қимылы – тұнып тұрған тәрбие. Екінің біріне бітпейтін ұстамдылығы, қара қылды қақ жаратын әділдігі, биік шынардай парасаттылығы, әр нәрсені терең таразылайтын ақыл-ойы – бәрі-бәрі тек өзіне ғана жарасатын. Қызметтес болған кезімде дауыс көтеріп, ашу шақырғанын да көрмеппін.

Ал, үшінші қасиеті – жауапкершілігі. Күнделік-ті дайындалып жататын қыруар қаулылар мен шешімдердің әр нүктесі мен үтірін қалдырмай тексеретін. Сөз саптау мен сөйлем құрауға мән беретін. Тіпті, тасымал-ға дейін назардан таса қалдырмайтын. Өте сауатты еді. Соны өзгелерден де талап етті. Ол кезде аппаратта қос тілді еркін меңгерген екі-ақ адам бар-ды. Олар – үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Мұңал Далбаев пен осы бөлімнің нұсқаушысы Мақсот Қыстауғалиев. Соларды жоғары бағалайтын. Бұл айтқандарыма бүгінде арамызда жүрген ардагерлердің бәрі куә.

Кадр таңдауда және оларды орналастыруда өте шебер еді. Адам танитын. Ауданда басшылық қызметте екі әйел болды. Оларды әзілдеп «Сары апа» және «Қара апа» дейтінбіз. Мира Петровна Завершинская аупарткомның екінші хатшысы, ал, Миллят Сабырова аудандық атқару комитеті төрайымы қызметтерін атқарды. М.Маташев, Қ.Балжанов, Ш.Кәрімов, Қ.Байшаханов, Б.Өтебаев, Қ.Құлетов, С.Нұржанов, Ш.Қонабаев, Н.Бешімов, А.Қорғанбаев сынды өндіріс басшыларымен жақсы араласты. Шафих Ізбасов, Шомбай Оразалиев пен Шалабай Тасболатов секілді ақсақалдармен сыйласты.

Кейін Сәкең обкомның бірінші хатшылығына сайланды. Сол кезде Дінмұхаммед Қонаев бюро мүшелерінің көзінше Мәскеуге қоңырау шалып, «Леонид Ильич, Гурьев облыстық партия комитеті әрі жас, әрі жігерлі Саламат Мұқашевтың қолында» деген-ді. Ол мұнда да төңірегіне іскер мамандарды жинай білді. Оларды алыстан іздеген жоқ, аудандардан алдырды. Мәселен, Жылыойдан Ғибатолла Абдолов облыстық атқару комитеті хатшылығына, Бекен Айтжанов облыстық кәсіподақтар кеңесі төрағалығына, осы жолдардың авторы обкомның нұсқаушылығына ауысты. Мен мұны өзіме көрсетілген шексіз сенім ретінде қабылдадым.

Жалпы, Саламат Мұқашевтың ғибратты ғұмыры, қоғамдағы қызметі – бүгінгі іс басындағы жастарға үлгі. Арына дақ жұқтырмаған кіршіксіз таза еді. Ұдайы «Әй, бала, тек жүр. Тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің» дейтін әзіл-шыны аралас. Мұнысы адалдыққа баулып, тазалыққа үндегені ғой.

Сәкеңнің 40 күндік қадесінде зайыбы Мария апай «Саламат Жылыойдан аққу боп ұшып, аққу боп мәңгі қайта қонақтады» деген-ді. Қандай мағыналы сөз! Бүгінде Құлсары қаласына кіреберістегі Басшы ата қауымында Маңғыстаудың мәрмәр тасынан соғылған ағаның әдемі бейіті тұр. Әрі-бері өткенде зиярат етемін. Жақсы жанның рухына дұға бағыштаймын.

Әрине, туған жері оны ұмытқан жоқ. Құлсарыда оның есі-мінде көше бар, Атыраудағы политехникалық колледжге аты берілді. Облыс орталығындағы тұтас алаң Саламат Мұқашев аталады. Әйтсе де, соның бәрі аздық етіп тұрғандай. Мен партия-кеңес қызметінің ардагері, осы салаға 1974-1999 жылдарғы еңбегін арнаған азамат ретінде Саламат Мұқашевтың туғанына 90 жыл толуы қарсаңында қандай атаққа ұсынылса да лайық деп ойлаймын.

 

Бердек МӘДИЕВ,

зейнеткер, партия-кеңес қызметінің ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Саламат МҰҚАШЕВ – партия және кеңес қызметкері. Кәсіподақтардың Бүкілодақтық орталық кеңесі жоғары мектебін, КОКП ОК Жоғары партия мектебін бітірген. 1942-1961 жылдары Мақат, Доссор мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде жұмысшы, мұнайшылар кәсіподағы республикалық кеңесінің нұсқаушысы, Гурьев облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы, 1961-1970 жылдары Ембі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1970-1976 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1976-1980 жылдары Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы болған. Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қаз КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметтерін атқарған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 8-11 шақырылымдарының депутаты. Төрт рет Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Жылыой ауданының, Атырау және Ақтау қалаларының Құрметті азаматы.

«Жылыой ауданы энциклопедиясы», 2002 жыл.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз