Күн сәулесіне саяхат

Күн сәулесіне саяхат 1 Жаңалықтар

ЭКСПО  көрмесінде туристердің аса қызығушылығына ие жобалардың бірі – күн сәулесіне саяхат.

Күн тәріздес нысанға кіру үшін көрмені тамашалаушылар ұзын-сонар кезекке тұрады. Мұнда  3D анимациялық фильм көрсетіледі. Сондай-ақ, келушілер шыны көпірден өтеді. Алайда, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жобаны кез келген адам тамашалай алмайды.

Күн сәулесіне саяхат-1

– Ғарыш кеңістігінен жерге дейінгі 3D анимациялық фильм үлгісіндегі саяхат алты минутқа созылған. Күн мен жер арасындағы қашықтық 150 миллион шақырым болса, қозғалыс жылдамдығы – 220 км/сек. Ал, ішкі температура 15 миллион °С-ді құрайды. Міне, осының барлығы анимациялық фильмде көрсетіледі. Мұнда егде жастағы адамдарға, жүкті әйелдерге және 12 жасқа толмаған балаларға кіруге кеңес берілмейді. Себебі, шардың ішіндегі ауа температурасы өте жоғары, – дейді стендші Индира Бектұрсынова.

Жанармайсыз жүретін  көліктер

«ЭКСПО-2017» көрмесіндегі қазақстандық «Нұр Әлем» павильонында күн энергиясынан қуат алатын көліктер қойылған. Маңыздысы сол, қазіргі таңда күннен қуат алатын көліктерді тізгіндеу «арман» болғанымен, болашақ ұрпақ үшін пайдасы  көп.

Төбесінде күн панелі, ортасында күн батареясы орналасқан мұндай көліктердің бірі – «Стелло».  2013 жылы Нидерланды елінде құрастырылған күн-көліктің жалпы ұзындығы – төрт метр, ені бір метрден асады. Ол «күн сәулесімен жүретін әлемдегі алғашқы отбасылық көлік» саналады. Төрт адамға шақталған темір тұлпар сағатына 130 шақырымды бағындырады. Ал, жаңбырлы және түн мезгілінде энергиялық қуаты 700 шақырымға дейін жетеді.

Күн сәулесіне саяхат-3

Жанар-жағармайсыз жүретін көліктердің қатарында «Бо Круизер» атты неміс машинасы да бар. Бір адамға арналған көлік сағатына 120 шақырым жол жүреді. Салмағы – 280 келі. Күн сәулесі болмағанда, яғни, түнде немесе жауынды күндері жинақ энергиясы 500 шақырымға дейін жетеді деп жоспарланған. Жалпы, стендші Күлән Есланбекованың айтуынша, бірегей неміс көлігі алюминий материалынан құрастырылған.

Ал, күн энергиясынан қуат алатын ұшақ туралы естіп пе едіңіз? Мұндай әуе көлігін Швейцарияның ғалымдары жасап шығарған. «Солар Импульс» атты екі адамдық ұшақ  40  шақырымға дейін жарықтың көмегімен самғай алады. Мұнда 17 мың күн панелі орналасқан. «Қолданысқа енер болса, шаруашылық мақсатына қолдануға әбден ыңғайлы әрі тиімді» дейді көрме маманы.

Ғарыштық  ұшу аппараты

Болашақта күн сәулесінен энергия жинайтын ғарыштық ұшу аппараты қолданысқа енеді. Нәтижесінде, планетааралық құрылғылар шикізат өніміне тәуелді болмай, күн энергиясын кәдеге асыратын болады.

Күн сәулесіне саяхат

Ай бетінде жүруге арналған құрылғының макеті «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясындағы қазақстандық «Нұр Әлем» павильонында қойылған. «Айда серуендеу» экспозициясын таныстырушы Сәуле Әбдірахманованың айтуынша, аппарат автоматтандырылған, мұнда ғарышкер болмайды. Құрылғының өн бойына күн батареялары қондырылыпты. Әзірге бұл жоба күйінде ұсынылып отыр. Бірақ, шамамен 20-30 жылдан кейін жаһандық деңгейде жүзеге асады деген жоспар бар. Ерекшелігі сол, бұл ғарыштық ұшу аппаратының жобасын қазақстандық ғалымдар НАСА мамандарымен бірлесе жасақтаған.

Сондай-ақ, «Нұр Әлем» павильонында ғарыштық күн электр стансасының жобасы да ұсынылған. Ол атмосферадан тыс ғаламдағы энергияны өндіруге арналған. Кейін ғарыштан жиналған қуатты микротолқынды немесе лазерлік сәулелердің көмегімен Жердегі стансаға бағыттайды.

Дәл осындай энергетикалық құрылғылардың бірі – «Күн желкені». Бұл аппараттың Күннен шаршы метріне 1300 вольт энергия ағынын алуға қауқары бар. Ол зарядталған бөлшектер мен фотондар ағынын пайдаланады.

«ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалауға келген атыраулық жас отбасы Қуантай Бисалипов пен Эльмира Балтабектің алған әсері мол. «Бүгін  жанұямызбен халықаралық көрмені аралап жүрміз. Ерекше ұнаған жобалар көп. Барлық павильондағы жобалармен танысып шығамыз деген ойымыз бар»  дейді мұнайлы өңір тұрғындары.

Айгүл  ЕРТІЛЕУ 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз