КҮМІС КҮЛКІ КӨМКЕРГЕН «ХАН ШАТЫРЫ»

Бүгінгі күні облыста жекеменшік балабақша және жекеменшік шағын орталық жұмыс жасайды. Жекеменшік балабақшалардың басым үлесі Атырау қаласына тиесілі. Айта кетсек, облыс орталығындағы 71 балабақшаның 33-і – жеке меншікте. Оның ішінде, тек төртеуі биылғы жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Солардың қатарында «Хан шатыр» жекеменшік балабақшасы да бар.

Жеке балабақша директоры Римма МҰРЗИЕВА бізбен әңгімесі барысында тәрбие орнын ашу идеясы қалай туындағанын айтып, өзгелерге де кеңестерін берді.

– Қаржы жүйесінің маманы, екі баланың анасы болған Сізге өз өміріңізді кәсіпкерлік саласымен және баланы мектепке дейінгі тәрбие ісімен байланыстыру ойы қалай туындады?

– Шынымды айтсам, мен бұлай болады деп ешқашан ойламадым.  Үлкен ұлым Менханды мемлекеттік балабақшаларға апарған кезде қиындықтар кездесті. Бір топта 50 бала тәрбиеленуі кім-кімге де оңай соқпайтыны анық. Кейін екінші ұлым Дарханды балабақшаға алып барғанымда да жағдай өзгермеген екен. Балабақшаға кезек жылжымайтын. Сондықтан, мен жұмысты қойып, балаларымды үйірмелер мен дамыту орталықтарына апардым. Сол кездері құрбыларым да маған балаларын тастап, өз шаруаларымен еш алаңсыз жүре беретін. Кейде «Сен – бала тәрбиешісі болуға жаралған жансың» деп те қалжындайтын. Кейін бір құрбым маған жеке балабақша ашу жөнінде кеңес берді. Бұл кездері Атырауда жеке балабақшалар саны аз болатын, сондықтан, сұраныстың бар екендігін байқап, жолдасыммен ақылдастым. Ол да қарсылық білдірмеді. Әр істің бағы — бастауында. Сондықтан, қиындықтар да кездесті. Бірақ, бәрі артта қалды.

Ұйымдастыру жұмыстарымен қатар, шығармашылық бағытта да жұмыс істеуге тура келді. 2012 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Бірақ, орын, материалдық-техникалық базамен қамту және кадр мәселелері өткір тұрды. Ең алдымен, жайлы коттеджді жалға алудан бастап, жұмысқа кірісіп кеттім. Барлық жиһаздарды қолжетімді бағамен тапсырыс арқылы алдым. Ең бастысы сол, тапсырысқа берілген жиһаздың барлығы нормалар мен ережелерге сай жасалды және балалардың да жас ерекшелігі ескерілді.

– Сіз үшін ең көбірек қиындық туғызған қандай мәселе болды?

– Мен үшін кадр таңдау мәселесі қиынға соқты. Бұған көбі де таңғалатын шығар. Қолында дипломы бар бос жүрген тәрбиеші-педагог мамандар көп болғанымен, бірақ, өз ісіне шын берілетін, балалардың «тілін» түсіне білетін маманды табу оңайға соқпайды. Балабақша табалдырығын бір рет аттаған баланың екінші рет қуана келуіне ұжымның зор септігі тиеді. Сондықтан, бұл бағытта мен көп зерделеп, ұзақ ойланып-толғандым. Бүгінгі күні тоғыз маман 50 баламен жұмыс жасайды.

Мен көп нәрсені ойға түйдім. Соның ішінде, ең бастысы — егер әр іске жанмен және жүрекпен барып, барлық күш-жігеріңді салсаң ғана мұратқа жетуге болады екен.

– Қазір кәсібіңіз қалай жүруде?

– Уақыт өте коттедж сатып алуға бел будым. Банктік несие арқылы құжаттарды аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынып, «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Бұған дейін ғимаратты жалға алғаным үшін ақша төлесем, енді жеке үй-жай сатып алу үшін қаржы жұмсадым. Шынын айту керек, бұл мемлекеттік бағдарлама кәсіпкерлерді қолдау, оларға жәрдемдесу үшін өте сәтті жасақталған. Кәсіпкердің барлық жағдайы толық ескеріледі. Мен мемлекет пен кәсіпкер арасындағы байланыс біржақты емес екендігін нақты айта аламын. Мұндай қамқорлықты сезінген кәсіпкерлер сәйкесінше мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің де ауыр жүгін сезінеді. Атап айтса, бұл — жаңа жұмыс орындарын ашу, мектепке дейінгі тәрбиемен балаларды көбірек қамту.

– Осы әлеуметтік бағытта қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

– Біздің балабақшамыз аз қамтылған отбасылар балаларына қамқорлық танытады, сондай-ақ, студенттерді тәжірибеге тарту мақсатында білім беру ұйымдарымен де тікелей байланыс орнатқан.

 Тәрбие жұмыстары ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Мектепке дейінгі білім және тәрбие» мемлекеттік стандартына сай жүргізіледі. Осы арқылы-ақ балабақша мемлекеттік тапсырысқа ие болды.

– Мемлекеттік тапсырыс алу барысындағы тәжірибеңізбен бөліссеңіз?

– Бұл да оңай болған жоқ. Еліміздің өзге қалаларында көптеген балабақшалар мемлекеттік тапсырыс арқылы қызмет көрсетуде. Ал, бізде облыс орталығынан басқа тек Мақат ауданында ғана жеке балабақша бар. Бүгінгі күні балабақшамда екі топ толықтай жұмыс жасап, оқу-әдістемелік бағдарламаларын дайындау барысында Атырау қалалық білім бөлімімен тығыз байланыс орнатып келеді.

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазір балабақшаға жапсаржай салу жобасын дайындау – басты мақсатымыз. Әрі қарай бастаған істі өркендету үшін білекті сыбанып жұмыстанатын боламыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз