Көне ғұрыптарды білесіз бе?

cropped cropped 15395868.22j6b8v8us Жаңалықтар

Atr.kz/7 маусым, 2019 жыл. Табиғаттың тылсым сырын игеріп, тал бесігім деп тәу еткен ежелгі сақ тайпалары қылышын сүйреткен қыс қаһарының сынып, Жер-ананың бусанып, табиғаттың түлеген шағы – көктемді асыға күтіп, үлкен мерекеге айналдырған.

Сол бір алыс қалған кездерде олар адамның тұрмыс-тіршілігіне қатысты салтдәстүрлерді салтанатты түрде өткізіп отырған. Бүгінгі шілдехана-бесіктой, сыңсу мен беташар сол кезеңнен қалған салт-дәстүр жалғастығын паш етеді. Есте жоқ ескі күндерде ата-бабаларымыз көне ғұрыптарды қалай сақтады екен? Болашақ ұрпаққа қалай жалғастырып отырды? Біз осы сауалдың жауабын табу мақсатында бір топ оқырмандардың пікірін білмек үшін сөзге тартқан болатынбыз.

Меркіт баба мен Баршын ана кім болған?

Иә, бізге жеткен бүгінгі наурыз мейрамы – көне ғұрыптың ізі ғана. Ол кезде сақ тайпалары аталған мерекені өзгеше тойлаған.

Бүкіл сақ тайпалары жиналып, киіз үйлерін тігіп, ортаға от жаққан. Алау лаулап жанған шақта сақ тайпаларының патшасы шығып, қолын кеудесіне айқастырып, жерге тағзым ететін болған: «О, кеудесі түкті Жер-Ана!» деп, одан кейін «О, жарлығы қатты Көк Аспан!» деп шалқайып, аспанға тағзым жасаған. Сосын қайтадан қолын кеудесіне айқастырып: «Демінен таулар күйіп, тас жанған Алау-Ана! Тағдыр-талайымыз да, ризықнесібеміз де сендерден!» деп жанып жатқан отқа тәу еткен.

Осы рәсімдер жасалған соң «Шыңырау» ғұрпын бастаған. Патшаның жанына қолдарында ұябасар мен мұзбалақ қырандар қондырған екі жауынгер екі жағынан келіп тұрады. Патша: «Меркіт баба! Баршын ана! Шыңырау көк, жеті қаттан асып, Жаратқан иемізге біздің мұң-мұқтажымызды ж е т к і з г е й с і ң д е р !

Жандасқанмен жандасып, жостасқанмен достасқан өзінің қосыны, біздің жұртымызды қаһарынан тысқары етсін! Темір кісеннің демі мен дұшпанның табасынан сақтасын» деп ақсұңқарларды босатып жіберген. Ал, бүгінгі ұрпақ Меркіт баба деп мұзбалақты, Баршын ана деп ұябасар қыранды атайтынын да білмейді ғой. Көне ғұрыптардан бірте-бірте алыстап бара жатқандаймыз. Наурыз мейрамында осы салтты қайта жаңғыртса, шіркін!

Саида ОРАЗҒАЛИЕВА,

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,

Атырау қаласы

Отпен тазалау

Мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді тайпалар алты ай қыс бойы көктемді асыға күткен.

Сондықтан, наурыздың алдындағы ақпан айын «Құт» деп атаған. «Құтына басса – құт, құтына баспаса – жұт» деп, жаңа айдың қалай туғанын қарап, соған байланысты көктемнің ерте немесе кеш келетінін болжаған. Олар үшін күннің жылынғаны – жақсы
хабар. Қылышын сүйреткен қаһарлы қыста малынан айырылып, жұтқа ұшырайтын, малмен бірге ығып кететін. Сондықтан, жердің тоңы жібіген, күннің нұры төгілген кезді олар қуанышпен қарсы алып, ол тойда әрбір ру өзінің сән-салтанатын асырған.

Элеонора БИТЕКЕНОВА,

тарихшы,

Атырау қаласы

Қазақта «антты бұзбау керек, сертті бұзбау керек» деген тағылым бар. Осыған байланысты серт түйме туралы естігенімді ортаға салғым келеді.

Біздің ата-бабаларымыз киіміне үш түйме тағатын болған. Бірінші түйме дәл тамақтың астында тұрады. Ол: «Ішер асымды адалдан табамын, арам асты тамағымнан өткізбеймін» дегенді білдіреді. Екінші түйме жүрек тұсына орналасуы тиіс. Алда-жалда харам ас тамақтан өтіп кетсе де жүрекке жетпейді, серт түйме оны ұстап қалады. Үшінші түйме кіндік тұсқа қадалады. «Қылдай болса да харам нәрсе жүрекке жеткенімен, ұрпағыма кетпейді» деген ұғым екен ол. Жаугершілікте батырлар киетін сауытқа да осындай үш
серт түйме тағылатын болған. Нәрестенің шілдеханасында, қырқынан шығару рәсімінде, сүндеттойда осы серт түйме қадауды жаңғыртсақ, қандай жақсы болар еді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының мәні де осы емес пе?

Самал ТӨЛЕПОВА,

жас ұстаз,

Атырау қаласы

Тобықты неге сыйлаған?

Қазақ әдебиетінің көптеген туындыларында екі жастың серттесіп, бір-біріне тобық сыйлау дәстүрі туралы айтылады. Ол үшін ұсақ жандықтың, яғни, қой мен ешкінің немесе қоянның тобығын пайдаланған.

Біздің халқымыз – өте философ халық. Ешнәрсені тура айтпаған. Мәселен, жігіттер өздеріне ұнаған қызға тобық сыйлайтын болған. Егер қызға жігіт ұнамаса, сыпайы түрде тобықты алудан бас тартқан. Тобықты берген жігіт кез келген уақытта тобығын көрсетуді сұрайды, сол кезде алған қыз бала тобықты бере қоюы керек. Бұның өзі – жастардың әдептен озбауын, бір-біріне деген сыйластықтан ауытқымауын білдіретін ғұрып. Қаншама жылдар өтсе де серттескен тобықты сақтап, сүйген жарын күткен арулар қазақ тарихында бар.

Ғафу САФИҚЗЫ,

ардагер ұстаз

Атырау қаласы

P.S.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, мәдени жетістіктер мен салтдәстүрлер «…осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды». Сондықтан, оны ұмытпауға, ұлықтауға тиіспіз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз