КҮЙ ОЙНАЙДЫ ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҚАНЫНДА!

Karshyga 1 Жаңалықтар

Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. Аз емес сенің еліңе қосқан үлесің, Қазақ бар жерде күй болып Сен де жүресің. Біздерге берген Алланың сыйы – өлшеусіз Қаршыға бүгін күй әлеміндегі Ұлы есім, – дегендей, Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров атындағы «Қазақтың Қаршығасы» атты облыстық күй орындаушылар байқауы өтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жергілікті жерде жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға Қазақ елінің киелі өнерді одан әрі жалғастырады деген үкілі үміттері қатысты. Олардың өнерлерін Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының жеке домбырашысы, Дүйсеев Құттыгерей төрағалық ететін қазылар алқасы бағалады.

– Қаршыға Ахмедияровтай аяулы азаматтың рухын биіктетіп, оның елі мен жері, Отаны алдындағы сіңірген адал еңбегін жеріне жеткізе айту бәрімізге де борыш. Өткен жылы Таңдайдағы орта мектепке ағамыздың есімі берілсе, биылғы жылы Атырау қаласында Қаршыға Ахмедияровтың болмысбітімін бейнелейтін еңселі ескерткіш бой көтерді. Бүгін міне, ауданымызда екінші рет «Қазақтың Қаршығасы» атауымен облыстық күйшілер байқауы ұйымдастырылып отыр, – деді жұртшылыққа жүрекжарды тілегін арнаған Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Света Ертілеуқызы.

Бүкіл саналы ғұмырын қазақтың күй өнеріне арнап,осы жолда аянбай тер төге білу бұл елге қызмет ете білудің айқын көрінісі. Қаршыға Ахмедияров – осындай тұлға. Қаршығаның бүкіл болмысы, өнер тұнған тұла бойы тек елі мен жеріне арналған болатын. Ол кісі туған Отанның қандай құдіретті күшке ие екендігін, туған жер деп аталатын елдің бір бөлшегінің ұрпақ үшін қалайша қымбаттылығын, туған өлкенің әр перзенті үшін қастерлілігін қос ішекті домбыра арқылы жеткізе білген күй әлеміндегі феномен болатын.

Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиевтер, Нариман Үлкенбаев, Ғатау Ібішевтер тіккен күй отауының қақ төрінен орын алатын өнер иесі айдай әлемге қазақтың қара домбырасын танытып, бүкіл дүниені шарлап жүргенде де ойлайтыны Қазақ елінің мәңгілігі еді, қазақ деп аталатын халықтың күй мұрасының ұрпақтанұрпаққа жалғасуы еді. Міне, осы парызды ол кісі көзі тірісінде адал орындады, өз мұраты мен мақсаттарына кіршіксіз бола білді.

Ұлт азаттығы үшін күрескен ұлы бабамыз Махамбеттің күйшілік өнерін байтақ елге паш етіп, батыр күйлерінің алғаш нотаға түсуіне бірденбір себепкер болғаны да жұртшылыққа аян. Аталған облыстық күйшілер сайысы ең алдымен қасиетті қара домбыраға тіл бітіріп, қазақы рухты асқақтатқан дәулескер күйшіні еске алу, оның артына қалдырып кеткен мол мұрасын ұрпақтанұрпаққа жеткізу болды. Күй додасына қатысушылар жеребе суыру арқылы өз кезектерін анықтағаннан кейін байқау шарттары түсіндірілді.

Күй додасы екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде талапкерлер Қаршыға Ахмедияровтың «ИмашБайжұма» күйін орындаулары міндетті, Қаршыға Ахмедияровтың нұсқасындағы Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің өз қалауымен бір күйін орындау міндеттелсе, өзінің таңдауындағы Қаршығаның тағы бір күйін орындады. Яғни, талапкер қатарынан үш күйді мүдірмей тартып шығуы тиіс болды.

Қазылар алқасының шешімімен бірінші кезеңнен кейін қатысушылар іріктеліп, екінші кезеңге жолдама алды. Шешердей дүниенің-сан сұрағын, Тыңдайсың, таусылғандай жан шыдамың. Теңіз боп тебіренесің, төгілгенде Күйлері құйын саусақ Қаршығаның, – деген тебіреністі өлең жолдарымен жоғары нотада басталған киелі күй өнерінің, қазақ елі аспанының шың биігіне шығып, соның жарық жұлдызына айналған, күйші-профессор, ғалымқайраткер, сазгер-дирижер Қаршыға Ахмедияров атындағы «Қазақтың Қаршығасы» атты облыстық күй орындаушылар байқауының бірінші кезеңі жазиралы Жайық жағалауында өршіл өнер жәрмеңкесі ашылғандай дуылдап жүре берді.

Күй өнеріміздің мөлдір бұлағынан қанып ішкен, домбыраның сыршыл пернесінен сезім иірімдерін селдеткен тума талант иесі Қаршыға Ахмедияров киелі күйдің кілтін тапқан дүлдүл домбырашыларымыздың бірі ғана емес, бірегейі.

Күй әлеміндегі ұлылардан ұлағат алған ол осы өнерді өзіндік жаңа биікке көтерді. Оның он саусағынан өрілген жүзден астам күй қазақ күй өнерінің қазынасын байытты. «Күй Қаршығасы» атты облыстық күйшілер байқауында тоғыз үміткер бақ сынады. Атырау қаласындағы өнер мектептерінің түлектері, бұл күнде ауыл мектептерінде шәкірт тәрбиелеп жүрген кәсіби домбырашылар аянып қалмады. Бірде-біреуі қазылар алқасы тарапынан ескерту алып көрген жоқ.

Сонымен, көсіле қатар шапқан тоғыз жүйріктің үшеуі қазылар алқасының ұйғарымдары бойынша алғашқы кезеңнен кейін өнер додасын жалғастырмайтын болды. Ал, ауыздығымен алысқан арғымақтай арындап, екінші айналымға шыққан алтылықтың да алдында асқан шеберлікті, күй табиғатын жан-тәнімен сүйегіне сіңірген рухани қуатты қажет ететін қиын сынақтар күтіп тұрды.

Екінші кезеңге өткен байқауға қатысушылар Қаршыға Ахмедияровтың «Атырау» күйін орындауға міндетті, Қаршыға Ахмедияровтың «Ақмешіт», «Алтын ұя», «Мұнайшы Ақжелең», «ЖібекЖетісу», «Күй-Ұран» күйлерінің ішінен бір күйін жеребе суырып тартады және әр үміткер өз қалауы бойынша Махамбет Өтемісұлының бір күйін орындайды.

«Шапқан аттай, атқан оқтай, көшкен селдей, соққан желдей» жезкиік уақыттың жалына жармасып, замана шежіресін домбыра шанағынан күмбірлете төккен күйшілер зерделі шәкірттей бұл тапсырманы да қағып тастап, маңдай терлерін сүртіп, рухани жан рахатын сезініп отырғандай бейжай күй кешті. Қазылар алқасы оңаша бөлмеде ұзақтау ақылдасты. Байқауға қатысушылардың қай-қайсысы да атаусыз қалмады. Құрманғазы, Дина, Зәмзәм Ещанова атындағы арнайы сыйлықтарды атыраулық Е.Ауданов, мақаттық Б.Ернар, атыраулық Т.Оразовтар иеленді. Байрақтары 70 мың теңгеден.

Ал, үшінші орынға лайық деп танылған махамбеттік А.Нұрмұқанова, қос атыраулық Т.Аққалиев пен А.Изжановтарға 80 мың теңгенің байрақтары табысталды. Екінші орын, яғни, 150 мың теңгенің сертификаты жылыойлық жас күйші А.Изжановқа бұйырды. Бірінші жүлдеге арналған 200 мың теңгенің сертификаты индерлік күйші З.Қайратовтың қанжығасында кетті. Ал, байқаудың бас жүлдесі – 300 мың теңгенің сертификатын исатайлық дәулескер күйші Ж.Оспан жеңіп алды.

Қаршыға Ахмедияровтың туыстары атынан сөз алған еңбек ардагері Т.Үмбеталиев байқауды ұйымдастырушы аудан әкімдігіне, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне шынайы алғыс сезімін білдірді. Бұл күйшілер байқауы бір төбенің тозаңын бір төбеге жалғайтын дүлдүл жүйріктердей қиқуға қиқу, дүбірге дүбір қосқан Күй Қаршығаның лайықты ізбасарлары қаулап өсіп келе жатқандығын көрсетті.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Махамбет ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз