Жауапкершілік жүгі ауыр

IMG 20190811 WA0064 Жаңалықтар

Atr.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Адам баласының өмірлік ұстанымының бірі – еңбек етіп, тәтті жемісін тату. Ал, сәт сайын жаңарып отырған бүгінгі қоғамда қызметтің сан түрі бар. Міне, солардың бірі – мемлекеттік қызмет.

О баста адамзат өз өзіне ғана қызмет етті. Аурудан арашалап алар дәрігер де, құқығын қорғар заңгер де, тәртіпті түзетер полицей де, тыныштықты сақтар сақшы да, басқасы да – қажеттіліктен туған кәсіп иелері.

Ендеше, мемлекеттік қызметкерді адам өмірін жеңілдетуге бар күшжігерін салатын бірден-бір кәсіп иесі деп білген жөн. Ол өзінен бұрын өзгенің жағдайына алдымен алаңдап отырады. Қажет деп тапса, түн ұйқысын төрт бөлері даусыз. Өйтпегенде ше?

Еңбек тәртібінде егжейтегжейлі көрсетілген ереже тек жұмыс бөлмесінде ғана «билік жүргізеді» десеңіз, қателескеніңіз. Себебі, мемлекеттік қызметкердің жұмысы әдеттегідей сегіз сағатқа сыя бермейді. Екіншіден, бұл жұмыстың жауапкершілік жүгі де ауыр. Мәселен, жеке адамға жүктелген жұмысты ұжым болып атқаруға мүмкіндік бола бермейді. Жауапкершілік тікелей қызметкердің тура өзінен сұралады. Ал, ол өз кезегінде талап үдесінен шыға білуі тиіс.

IMG 20190809 WA0042
IMG 20190811 WA0053
IMG 20190814 102338

Мұнда «мүмкін», «бәлкім», «солай шығар», «уақыт көрсетеді» деген ұғымдар мүлде қолданылмайды. Мойныңа жүктелген міндетті ойдағыдай орындау, не қызмет ауыстыруың керек. Үшінші нұсқасы жоқ. Егер өзіңе сеніп тапсырылған бір тапсырмаға немқұрайлы қарайтын болсаң, онда басқасына да бас ауыртпайсың деген сөз. Сондықтан, мемлекеттік қызметші болудан бұрын барлық мақсат-міндетті айқындап алу қажет.

Үшіншіден, халыққа қызмет – мерейлі міндет. Мұны естен шығармаған абзал. Бұл еңбек жалақымен емес, ел азаматтарының тұрмыстіршілігімен, ақсақал аталарымыз бен ақжаулықты аналарымыздың алғаусыз алғысымен, балалардың баянды болашағымен бағаланады. Жастардың жалын-жігерімен, мамандардың кәсіби шеберлігімен өлшенеді.

Мемлекеттік қызмет – көзді жұмып қойып таңдай салатын мамандық емес. Бір құжаттан шаң тозаңындай қателік кетсе, оның орнын толтыру қиынға соғады. Әсіресе, әлеуметтік маңызы зор бағдарламалардың орындалысына келгенде, мәселе күрделене түседі. «Салғырттық сан соқтырады» демекші, бір қызметкердің жауапсыздығы бүкіл бағдарламаның күйреуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, мейлінше сақтанып, қандай шешімді де мың рет өлшеп, бір рет кесіп барып қабылдау қажет.

IMG 20190809 WA0026
IMG 20190811 WA0065
IMG 20190809 WA0032

Сайып келгенде, мемлекеттік қызметкер болу, бұл – зор мақтаныш, үлкен мәртебе. Екінің бірі көп көңілінен шыға бермейді. Тек өз ісіне берілген жан ғана халықтың шынайы алғысына бөленеді. Осы орайда, аталған мамандық иелеріне осынау қиындығы мен қызығы қатар өрбіген абыройлы қызметті адал атқарып, барлық мақсат-мұратына жеткей деп тілек білдіремін.

Қазір құбылмалы заманда өмір сүріп жатырмыз. Дүние жүзінің әр түкпірінде әртүрлі оқиға орын алып жатыр. Мұны күнделікті газет-журналдар мен «көк жәшіктен» біліп отырмыз. Ақшаға бола басын қатерге тігіп жүргендер бар. Солармен салыстырғанда, шүкір, біздің елде бейбітшілік те, бірлік те бар. Ал, бірлік пен береке бірге жүретіні белгілі ғой. Осыны естен шығарып алмауымыз керек.

Төрт құбыламыз – түгел, күніміз – ырыс, түніміз – тыныш. Бұл байлықтан артық ештеңе керек емес. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Осы жақсылықтардың артында мемлекеттік қызметшілердің уақытпен санаспай, ешкіммен таласпай атқарған ерен еңбегі, маңдайдан төгілген тері жатыр.

Арман ЖӘДІГЕРОВ,

Атырау волонтерлық корпусының белсендісі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз