ІНДЕТ пен МІНДЕТ: «Тәртіпке бағынған құл болмайды…»

img 20200416 wa0170 2 COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/21 мамыр, 2020 жыл. Сонымен, пандемия шарықтау шегіне жетті ме? Қатерлі дерттің адамдарға жұғуы мен төңірекке таралу қаупі сейілді ме? Терезеге телмірген жұрт енді есіктен еркін кіріп-шыға ала ма? Кесірлі кеселмен күрес жүйелі жолға қойылды ма? Енді осы сауалдардың жауабын іздеп көрелікші.

Шындығы сол, төбеден тосын төнген қауіп оған қарсы тұрудың жедел жолын да үйретті. Бұл ретте әлем мамандарының бірауыздан қабылдап отырған шешімі – аурудың әрі қарай жайылмауы үшін әркімнің үйде отыруы. Темірдей тәртіп қана тығырықтан алып шығатынын жұрт сезді. Еске түсіріп көрелікші, осы ауру алғашқыда Қытайдың Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында басталды. Мұнда барлығы 11 млн. адам тұрады. Кейбір шағын мемлекеттерде тұрғындар саны бұған жетпейді. Осыншама кісіні бір-ақ сәтте үйге қамау оңай болып па? Көзді ашыпжұмғанша қалыпты тірліктен қол үзу кімге жеңіл? Бірақ, жұрт түсіністік танытты. Шектен шыққандары қатаң жазаланды. Тәртіпке бағынбағандары түрмеге тоғытылды. Міне, осындай қатаң шара қолданудың нәтижесінде ірі қалада коронавирус құрықталды. Шаһар халқының шалқыған шаттығын теледидар арқылы күллі әлем тамашалады. Соның бәрі жалған ба?

Ухань демекші, жақында әлеуметтік желіде осы шаһарда еңбек еткен қазақ қызының туысқандарымен қауышу сәті тарады. Қытайда тұратын қандас қарындасымыз үш ай бойы отбасынан жырақ жерде ауру адамдарды емдеген. Міне, сол дәрігердің пікірінше, қатерлі дертпен күрестің ең жүйелі де жалғыз жолы – адамдардың оқшаулануы. Демек, әлем халқы осы талапқа бағынуы тиіс. Шекарадан да шығып кететін сыры беймәлім сырқатты сонда ғана ауыздықтауға болады.

Рас, бірер ай болса да төрт қабырғаға қамалып тым-тырыс отыру оңай емес. Халық күнделікті күнкөрісінен қағылды. Әлемдегі алып ел АҚШ тұрғындары да төзбеді. Жұрты жаппай көшеге шықты. Мұнда ауруға шалдыққандар саны бір миллионнан асқан. Яғни, жер бетіндегі COVID-19 жұқтырғандардың үштен бірі осында. Соның салдарынан барлығы 58 мың 348 адам көз жұмды. Әлі өсуі ықтимал. Егер АҚШ-Вьетнам соғысында 58 мың 220 америкалық қаза тапқанын ескерсек, одан да асып түсті. Мұны ел басшысы Дональд Трамп жаппай тест алумен байланыстырады. Мүмкін. Бірақ, осы тексеру жасалмаса, сол кісілер қатерлі дертімен көптің арасында жүре беруі ықтимал емес пе? Кеселдің одан әрі таралуы орын алмай ма? Сөз ретінде айтсақ, Еуропа елдері де, көршілес Ресей де шектеулерін шегере бастады.

Қазақстанда да төтенше жағдай мерзімі ресми аяқталды. Әйтсе де, кейбір тыйымдар күшін жойған жоқ. Әлі де жекелеген шектеулер бар. Бұл – қатерлі дерттің қайтадан бас көтеріп кетпеуінің алдын алу амалы. Әсіресе, Атыраудың жұқпалы аурудың таралуы бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейінгі үшінші орынға жайғасуы – көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Өзгелермен қатар орта белде келе жатқан мұнайлы мекенде ә дегенде сырқат саны жарты мыңға жақындап қалуының сыры неде?

Жалпы, жергілікті атқарушы билік қабылдаған шұғыл шаралар нәтижесінде облыс ортасындағы жағдай біраз тұрақтанды. Ауданд а р д а н с ы р қ а т ж а н д а р ш ы ғ ы п жатқан жоқ. Аймақтағы ахуалды асқындырып отырған орын – Теңіз кеніші. Бірлескен кәсіпорын қызметкерлеріне қатысты мәлімет тіркелмегенімен, мердігер мекемелер жұмысшылары қатерлі дертке шетінен шалдығуда. Төтенше жағдай түгілі, жай уақытта да көлденең кісінің кіріп-шығуы қатаң тексерілетін нысан мұндай күйге қалай тап келді? Біренсараннан ғана білінген аурудың қысқа мерзімде ондаған адамды шарпып өткені қалай? Бұл да – келешекте талқыланар тақырып.

Денсаулық сақтау министрі Е л ж а н Б і р т а н о в ж а қ ы н д а Атырауға келген сапарында кен орнында карантин талаптары жеткілікті сақталмай отырғандығын ашық айтты. Қызметкерлердің бұрынғыша топталып жүруі орын алады екен. Кеніштен 17 мың жұмысшы шығарылғанымен, немкеттілік қалыптасқан. Адамдардың бұл ауруға бойы үйренгені соншалық, тіпті оған жүрдім-бардым қарай бастаған тәрізді. Айтпақшы, Теңізден республиканың түкпір-түкпіріне тарағандар осы дертті тұрғылықты мекеніне ала кеткендей. Ақтөбе жағынан, Маңғыстау беттен қылаң беретін хабар соны білдіреді. Өзге өңірден де сондай дерек табылып жатса, таң қалуға да болмас. Жалпы, бұл өз алдына бөлек әңгіме болғанымен, кенішті қажетті қызметкерлермен қамтуға Атыраудың өзінің қауқары к е л м е й м е ? Қ а з і р б а й қ а л ы п тұрғанындай, кен орнында қызмет істейтіндердің үштен бірі ғана, тіпті одан да кемі жергілікті жастар екен. Басқалары ат сабылтып алыстан жетіпті. Ұшақ жалдап, пойыз шығарып дегендей, оларды жан-жаққа тарату да жеңілге түспеген тәрізді. Ертең қайта жинауға да біраз күш жұмсалады.

Қазір шаһар тіршілігі қалыпты күйіне біртіндеп оралуда. Бірқатар сауда орындары, қызмет көрсету нысандары жұмысын жалғастыруда. Бірақ, баға бұғауланбай барады. Төтенше жағдай кезінде тоқтап тұрған кәсіпкерлік құрылымдары сол олқылықтың орнын толтыруға кіріскендей. Бірақ, қалыптасқан ахуалға орай солардың бәріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жоқ па еді? Үкімет қабылдаған қаулыларға сәйкес біраз шығындары өтелді. Салық салмағы азайтылды, төлемдері төмендетілді. Ендеше, соның қайтарымы қайда? Тосын жайдан сең соққан балықтай күй кешкен халықтың қалтасын қаққан жарасымды болар ма екен? Сайып келгенде, саудагердің сенімді серігі – тұтынушы. Одан қол үзсе, өзімен өзі қалады. Егер жұрттың сатып алу қабілеті кемісе, сөредегі сірескен тауарына телміріп күн өткізе ме? Бұл да өз алдына бөлек тақырып дегенмен, сауда мәдениетіміз әлі қалыптаспай жатыр-ау.

Атымтай жомарт жандарға мың рахмет. Бірінің аты аталды, екіншісі атой салғанды жөн көрмеді. Бірақ, қайткенде де, қайырымдылық шарасынан тыс қалмаған тәрізді. Үкімет тарапынан бекітілген тізім бойынша біраз адам қолдауға ие болды. Әйтсе де, кейбір егде кісілер қайда хабарласарын білмеді. Осы орайда тиісті құрылымда жалғызілікті зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың, көпбалалы аналардың аты-жөні тұрған жоқ па? Тұрғындарды телефонға телміртпей, сол тізім бойынша көмегін көрсете берсе қайтер еді?

Облыс фермерлері бой көрсетті. Жұдырықтай жұмыла білді. Барымен бөлісті. Жария демегенмен, әлі де қамкөңіл жандарды қолдап жатырған шығар. «Елде болса, ерінге тиеді» деген осы да. Ендігі қарекет – келер науқанның қамы. Мына тосын оқиғаның салдарынан қалалықтарды ауыл еңбеккерлері ғана құтқарады.

P.S.

Cонымен, сан сынақтан өткен жұртпыз ғой. Осы жолы да кімнің кім екені білінді. Бұрын мұндай тосын жайға душар болмаған атқарушы билікке де жеңіл тимегені кәміл. Алайда, аймақта ауру белгісі анықталған адамдардың әрбір төртіншісі дерлік айығып жатыр. Басқалары да бақылауда. Бастапқыдай емес, жұмыс жүйелі жүруде. Тек шектеулер сиреген соң сылбырлыққа салынбайық. Сақтық шаралары жалғасуы шарт. Ең бастысы – темірдей тәртіп. Жалпы, осы талап қашан да, қайда да алда тұруы тиіс. Оған бағынған өзін құл санамауы керек.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

«Қазіргідей күрделі кезде әр адам біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу»

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.ТОҚАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз