ІІІ Халықаралық өлкетанушылар форумы аясында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІ томының тұсаукесері өтті (+ФОТОРЕПОРТАЖ)

Басты жаңалық Жаңалықтар Руханият ФОТОГАЛЕРЕЯ ҚАЗЫНА

Atr.kz/22-ақпан, 2019 жыл. Атырауда ІІІ Халықаралық өлкетанушылар форумы өтті.

Форумға қатысушылар алғашқы күні  Махамбет ауданындағы жеті хан жерленген қасиетті мекен «Сарайшық» мемлекеттік қорық-музейін аралап, тұла бойы тарихқа тұнған алқаптың бүгінгі жай-күйімен танысты. Ертеңіне Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Қасиетті Қазақстан» атты энциклопедияның ІІ томының тұсаукесері өткізілді. Негізінен 5 томдық болып жоспарланған энциклопедияның бұл бөлігіне Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының қасиетті орындары мен тарихи ескерткіштері туралы мағұлұмат жарияланыпты. Одан соң, қатысушылар салтанат сарайында орын тепкен  батыс аймағындағы төрт облыстың киелі жерлері мен қасиетті орындары, тарихи құнды жәдігерлері  туралы сыр шертетін «Батыс жауһарлары» көрмесін тамашалағаннан кейін халықаралық форум өз жұмысын бастады.

Өлкетанушылар алдында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Қазақтан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің басшысы Әбіл Жоламанов, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі сараптамалық кеңес мүшесі Өмірзақ Озғанбаев, Германия мемлекетінің Мюнхень  қазақ қоғамдық қауымдастығының мүшесі Сүлеймен Шадқам сөз сөйлеп, еліміздегі тарихи әрі қасиетті орындар мен тарихи ескерткіштердің сақталуы және олардың  халық арасында насихатталуы турасындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ   форумда 2018 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша аймақтарда жүргізілген жұмыстардың қорытындысы шығарылып, келесі жылдарға арналған жоспарлар талқыланды.
            Форум барысында Қазақтан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан тағайындалған «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова және Ақмола, Қарағанды, Жамбыл облыстары тарихи-өлкетану музейлері басшыларына  табысталды.  Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 30-ға тарта өлкетанушының кеудесіне  «Үздік өлкетанушы» төсбелгісі салтанатты жағдайда тағылды. Олардың қатарында атыраулық тарих ғылымдарының академигі Амангелді Шамғонов, Қазақстанның құрметті журналистері  Төлеген Жаңабай және  Любовь Монастырская, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі инспекция басшысы Мұхамбетқали Кипиев бар.

Ұлы даламыздың қасиетті орындары мен  киелі жерлерін дәріптеуді  мақсат қылған форум екі күнге созылып, оған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі сараптамалық кеңес мүшелері, республика көлеміндегі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының басшылары, музей, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі инспекция мамандары және алыс-жақын шет елдерден келген өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар қатысты.

Фото – Ерлан АЛТЫБАЕВ

Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *