Газхимия кешені – еліміздің ертеңі

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Мәселе Экономика

Atr.kz/6 тамыз, 2019 жыл. Атыраудағы газхимия кешенін қатарға қосуға Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) үлес қоспақшы. Мәселен, Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен австралиялық «Borealis AG» кәсіпорны құрылыс жүргізудің негізгі қағидаттары жөнінде меморандумға қол қойды.

Осы орайда аталмыш өндіріс ошағының дүние жүзінде полиэтилен өндіретін ірі төрттікке кіретінін айтқан абзал. Ал, оның акциясының 64 пайызы БАӘ-нің мемлекеттік «Mubadala Investment Company» компаниясына тиесілі. Араб елі Атырау нарығына осылай енгелі отыр.

Атырауда газхимия кешенін салу Қазақстанды әлемдік нарықтағы ең перспективалы елдер қатарына қосады.

Өйткені, полипропилен мен полиэтилен – дүниежүзілік додада үлкен сұранысқа ие шикізаттар. Олар күнделікті тұтынатын тауарлар шығаруға кеңінен қолданылады. Мамандар бұдан кем дегенде жүзден аса бұйым даярлауға болатындығын айтады. Себебі, әлемдік қажеттіліктің 60 пайызы осыларға бет бұрған. Енді осындай өндіріс ошағының республикада бірінші рет бізде тұрғызылуы аймақ экономикасын жаңа сатыға көтеретіні кәміл.

Көне Гурьевтегі химия зауыты байырғы тұрғындардың жадында шығар. Үйдегі полимерден жасалған жеңіл киім ілгіш, шелек, орындық пен стакан секілді бұйымдарды тұтынған болар. Бірақ, шикізат Ресейден жеткізілетін. Енді мұның бәрі республикада өндірілмекші. Инновациялық жоба дегеніміз осы емес пе? Меморандум аясында бірлескен кәсіпорын құру қарастырылған. Мемлекеттік қолдау көзделген. Техникалықэкономикалық негіздеме жасақталмақ. Үкіметаралық инвестициялық келісімге қол қойылмақ.

Жалпы, барлығы 6,5 млрд. АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалмақ.

Қомақты қаражатты игерудің алғышарттары бар. Бұл жобаның мәреге сәтті жетуі нәтижесінде республикада жылына 1 млн. 250 мың тонна полиэтилен алынбақ. Бұл ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, тұрақты экспорттық ахуалды қалыптастырады. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру барысында алты мың шамасында жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Олар құрылыс алаңдарына жұмылдырылады. Ал, кешен қатарға қосылғанда мұнда 560 адам жұмыс істемек. Бұдан басқа үш мыңға тарта маман салалас салаларға тартылады.

Міне, осындай игіліктер нәтижесінде ортақ бюджетке жеке табыс салығы өседі. Өйткені, бұл жұмысшылардың бәрінен ұсталады ғой. Әлеуметтік аударылым артады, зейнетақы қоры толығады. Қазақстандық мамандарға әлемнің озық технологиясымен танысуға, оны меңгеруге мүмкіндік туады. Ал, өндірілген өнім елуден аса полимер бұйымын жасауға шикізат ретінде пайдаланылады.

Республикалық жалпы ішкі өнімге қосылар үлес жылына 1,2 пайыз мөлшерінде күтіледі. Бұл – едәуір жоғары деңгей. Меморандумға сәйкес «Borealis AG» компаниясы техникалық-экономикалық және заңнамалық сараптама жүргізеді. Бұл құжаттарға қол қою жобаға осы салада үлкен тәжірибесі бар стратегиялық әріптестермен қарым-қатынас қалыптастыруға, ғылымизерттеу орталықтарын ашуға, дайын өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.

Полипропилен зауытының құны – 2,6 млрд. АҚШ доллары. Оның қуаты жылына 500 мың тонна өнім өндіруге шақталған. Құрылыс 2021 жылы аяқталмақшы.

Жалпы , шетелдіктердің пікірінше , Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытуға жақсы жағдай жасалған. Мемлекет зауытты инфрақұрылыммен қамтуды, шикізатпен толық қамтамасыз етуді міндетіне алып отыр. Жобаға қатысушылар салық және кедендік алымдардан босатылған. Инвестицияның қорғалуына кепілдік берілген.

Барлық құны 9,1 млрд. теңгелік қос жобаның жүзеге асуы – тұтас ел экономикасын жаңа сапалық сатыға көтеретін меже. Ал, оған Біріккен Араб Әмірліктері секілді қаржылық та, техникалық та мүмкіндігі мол ірі елдің қатысуы – сенімділікке бастайтын бағдар.

P.S.

БАӘ барлық араб мемлекеттері арасында Қазақстанға ең көп инвестиция салған ел саналады. Рас, бүгінде Катар да қызығушылық танытуда. Ол республикадағы алтын және мыс кеніштерін бірлесіп игеруге ұмтылуда. Қазір Qatar Mininq компаниясы бұл бағыттағы инвестжобасын ұсынуда. Күрделі қаражат көлемі 10-50 млн. доллар шамасында болмақ.

М.БАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *